БАҚ өкілдері спартакиада аясында жеңіл атлетикадан сынға түсті

Четверг, 11 Июнь 2015 07:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3648 раз
jjj20150611 094843Бүгін Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда журналистер және баспа қызметкерлері жеңіл атлетикадан сынға түсті.
 
Спартакиада аясында өтіп жатқан жарыстың қорытындысында бір орында тұрып ұзындыққа секіруде ерлер арасында «Южный Казахстан» газетінен В. Орлинский үздік нәтиже (2.60) көрсетіп, чемпион атанды. Бұл бәсекеде екінші орын аталмыш ұжымның намысын қорғаған М. Кузнецовке (2.60) бұйырса, үшінші орынды «Отырар» телеарнасынан Б. Ташбулатов (2.50) иеленді.
 
Қыздар арасында ұзындыққа секіруде ТВК телеарнасының ойыншысы А. Мингазованың (2.00) мерейі үстем болды. Сондай-ақ, осы сында А. Балтабаева (ТВК) 1.95 көрсеткішімен екінші орынға тұрақтады. Ал, «Южный Казахстан» газетінен Ш. Боранбаева (1.90) жүлделі үшінші орынды еншіледі.
 
100 метрге жүгіру сайысы бойынша да БАҚ өкілдері белсенділік танытып, барын салды. Желаяқтар жарысында ерлер арасында республикалық «Уақыт» газетінің қызметкері Е. Елшінбай ешкімге дес берген жоқ. Оның көрсеткіші – 12.81 секунд. Облыс баспасөзінің қарашаңырағына баланатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ойыншысы Б. Иманқұлов та жүгіруде жанкештілігімен көзге түсті. Ол 100 метрді 13.00 секундта жүгіріп өтті. 13.21 секунд нәтижесін көрсеткен «Сақ» киностудиясының қызметкері Ш. Сапар үшінші орынды қанағат тұтты.
 
Қыздар бәсекесі де тартысқа толы болды. Нәзікжандылар сайысында чемпион атанған ТВК телеарнасының тілшісі А. Балтабаева өз мықтылығын (16.72 секунд) паш етіп, биылғы спартакиадаға тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. 100 метрге жүгіруде қыздар арасында 2-орынды республикалық «Әділет» газетінің тілшісі А. Мұстафина (17.35 секунд), 3-орынды «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Ш. Боранбаева (17.36 секунд) жеңіп алды.
 
Еске сала кетейік, спартакиаданың бүгінгі екінші күнінде Қажымұқан атындағы орталық стадионда ерлер және әйелдер арасында шахматтан сайыс өтуде. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері түстен кейін анықталады.
 
«Шымкент келбеті»
Последнее изменение Четверг, 11 Июнь 2015 11:22
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.