Білім беру: бағындырған белестер бар Избранное

Среда, 30 Декабрь 2015 05:29 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4656 раз

Санаулы сәттен соң 2016 жыл есігімізді қаққалы тұр. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған қой жылында Шымкент қаласының білім саласында қандай нәтижелерге қол жетті? Қандай өзгерістер орын алды? Бұл ретте Шымкент қалалық білім беру бөлімінің жыл бойы атқарған жұмыстарының негізгілерін саралап көрген едік.

81 түлек «Алтын белгiге» лайықты

ubtТүлектердің төрт ұйқысын төрт бөлген Ұлттық бірыңғай тест 2-8 маусым аралығында 3 тестілеу пункте өткізілді. 6519 шымкенттік мектеп бітірушінің 3921-і білім бәйгесіне қатысуға ниет білдірген. Ал республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқауларына қатысып, жеңімпаз болған 25 оқушы ҰБТ-дан босатылды. Мектеп бітірушілердің жыл бойы мазасын қашырған айтулы сынақ көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Тест тапсырғандардың орташа балы - 81,8-ді құрады. «Алтын белгіге» үміткер 155 оқушының 81-і өз білімін дәлелдеп шыға алды. Соның ішінде облыс орталығы Шымқаладағы №113, №42, №48, №107, №90 мектептің оқушылары жоғары балл жинап, ұстаз бен ата-ана сенімін ақтады.

«Балапан» үмiттi ақтады

IMG 1053Бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қуанышқа кенелткен бағдарламалардың бірі – «Балапан». Бүгінде осы бағдарлама бойынша қаламызда 45 мыңнан астам бүлдіршін балабақшамен қамтылып отыр. Биыл қаладағы «Самал» шағынауданында - «Самал», «Тұлпар» шағынауданында - «Тұлпар» мен №57 «Хадиша» балабақшалары пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекемелердің әрқайсысы 320 балаға лайықталған. Сондай-ақ, қой жылында Шымкентте №9 «Аққанатпен» пен Гаражная көшесіндегі 80 орынды балабақша да бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Балалардың шат күлкісіне толы мекеннің ойын бөлмесі, музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, асхана және тағы да басқа қазіргі заман талабына сай бөлмелері қарастырылған. Одан өзге биыл 7 балабақшаға 857 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде №24, №41, №69, №70, №75, №97, №118 балабақшалары күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Бүгінде қаламызда 84 мемлекеттік балабақшада 23 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.Ал 21 мыңнан астамы жекеменшік балабақшаға, 2 мыңнан астамы мектеп жанынан құрылған шағын орталықтарға барып жүр. Десе де қалада демографиялық ахуал қарқынды түрде өсіп жатқандықтан әлі де 46 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасы аясында кезекте тұрған бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылады.

Үш ауысымды мектептер 2017 жылы шешiмiн табады

Биыл «Ақтас-2» тұрғын алабында – 200, «Көкбұлақ» тұрғын алабында – 300, «Сайрам» тұрғын алабында 1200 оқушыға арналған мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы №22 негізгі орта мектеп және №94 жалпы орта мектеп жанынан қосымша құрылыс салынды. Ал №21, №25, №41, №43, № 44, №65 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл төрт мектеп апатты жағдайда деп танылған болатын. Нәтижесінде №36, №118 мектептердің қосымша құрылыс салынды, ал №12, №34 мектептерде қайта құру жұмыстары арқылы бұл мәселе шешімін тапты.
Айтпақшы, биыл қаладағы 126 мектепте қоңырау сыңғыры естілді. Онда 147 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Оларға 16 мыңнан астам ұстаз дәріс береді. Ерекше қуанышты жаңалық, 2017 жылы үш ауысымды мектептердің мәселесі шешімін табады.

Бiлiмпаз бала – болашаµымыз

Биыл Шымкенттік оқушылар республикалық, халықаралық білім додаларында топ жарып, биіктен көрініп, жақсы нәтиже көрсете білді. Айталық, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы Оразалы Ілияс пен 9-сынып оқушысы Әбілхан Диана, 4-сынып оқушысы Арсен Әділет Венгрияның Будапешт қаласында өткен халықаралық математикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары атанды. Бұдан бөлек дәл осы мектептің 10-сынып оқушысы Дархан Мамырбеков ХІІ Республикалық Өнертапқыштар «Шапағат - 2015» сайысының жеңімпазы атанып, дүниежүзілік зияткерлік меншіктің олжасымен «Ең үздік өнертапқыш оқушы» номинациясына ие болды. Астана қаласында өткен «ZIAT» «Ғылым шарайнасы» атты республикалық ғылыми жоба байқауында аталған білім ұясының 10-сынып оқушылары Мәди Оңғар ІІІ-орын, Әлишер Зүлмат ІІ-орын, 11-сынып оқушылары Бибінұр Оңғар ІІ-орын, Әділет Қуанышбек І-орынды жеңіп алды. Ал шығармашыл, ізденімпаз мұғалімдер арасында №13, №47, №65, №85, №90 мектеп ұстаздарының озық іс-тәжірибелері облыстық деңгейде таратылып, авторлық бағдарламалары жарық көрді. Міне, Шымкенттегі білім саласы қызметкерлері осылайша жылды жемісті аяқтап отыр. Оқушылардың бағындырған белестері бір төбе. Мұның бәрі білікті ұстаздың арқасы екені белгілі. «Білімді жас – жарқын болашақтың кепілі» демекші, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ алдағы уақытта да білімпаз боларына сенім артамыз.