Өзгеру мен өсу Избранное

Среда, 20 Апрель 2016 05:59 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5912 раз

елiмiздегi бiлiм жүйесi осы жолда тұр

Білімді ұрпақ – ел болашағы. Тәуелсіздік алған тұстан бері білім беру саласында түрлі реформалар жүзеге асты. Әлемдік білім-ғылымның, инновацияның көшіне ілесу мақсатында биылдан бастап тағы да бірқатар реформаларға алғашқы қадам жасалмақ. Оның бірі – 2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алатындығы. Бұл туралы Алматыда өткен «Ғылым және бизнес» атты халықаралық форумында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлаған болатын.

684138b83bb1476227a1c28953582b8c

Үш тiлдi бiлу – қажеттiлiк

Бұл өзгеріске қала ұстаздары мен оқушылары қаншалықты дайын екенін білу мақсатында Шымкент қалалық білім бөлімі ғылыми әдістемелік орталығының директоры Кенжегүл Сағындықоваға жолыққан едік.
Жауапты маманның айтуынша, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы мен педагогикалық шеберлік орталығында бүгінгі таңда 180 ұстаз білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек қыркүйекке дейін бірінші сыныпты қабылдайтын 805 мұғалімді оқытып, білім-біліктілігін арттырамыз деп отыр.
– Бейнелеу өнері, музыка, денешынықтыру, ағылшын тілінен ұстаздарымыз білім деңгейін көтеруде. Жаңартылған оқу жүйесіне көшуге дайынбыз деп айта аламын. Жоғары оқу орындары алдында да болашақ педагогика мамандарының заманға сай жаңа буынын даярлау міндеті тұр. Үш тілді білу – қазіргі заманның талабы, қажеттілік. Сондықтан бұл жүйеге шошына қараудың қажеті жоқ, – дейді К.Сағындықова. Осылайша бағдарлама сәтті жүзеге асып жатса, 2017 жылы 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы 3,6,8,10 сыныптар, ал 2019 жылы 4,9,11,12 сыныптар осы жүйеге көшпек.
Тағы бір білім саласына енгізілетін өзгеріс – жоғары сынып оқушылары да жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқиды. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, байыбына бармай байбалам салғандар да болды. Білім және ғылым министрі Ерлан
Сағадиев журналистер мен блогерлермен кездесу өткізіп, осы мәселелерге қатысты сан сауалға жауап берді. Министрдің мәлімдеуінше, 10-11 сынып оқушылары информатика, химия, биология және физика пәндерін ағылшын тілінде өтеді. Ол үшін ұстаздарға біліктілікті жоғарылату курстары мен жазғы мектептер ұйымдастырылып, ағылшын тілін үйренудің тиімді мобильді қосымшалары шығарылып, онлайн оқыту жүйесі жүзеге асады.
Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тілінде өтеді, ал қалған пәндер 2020 жылға дейін біртіндеп көшірілмек. Осылайша үш тілде бірдей оқыту жүйесі арқылы өскелең ұрпақтың талабын шыңдап, отандық және шетелдік жетекші оқу орындарында тең дәрежеде білім алуға жол ашылмақ.
Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназияның директоры Зейнегүл Асылбекова үш тілді жетік білу, білім мен ғылым саласына озық технологияларды енгізу – бүгінгі уақыт талабы екенін айтады. Талай дарынды ұл-қызды түлеткен білім ордасының ұстаздары жаңа жүйеге оң көзқараспен қарап, жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушыларды жан-жақтылыққа тәрбиелеуде.
– Біздің мектепте біліктілігін 1, 2, 3 деңгей бағдарламасымен арттырған, инновациялық тәсілдерді игерген мұғалімдер бар. Олар «Өзгеріс не үшін қажет?», «Нені енгізу қажет?», «Неліктен біздің оқыту тәсілдерімізді өзгертуге тиіспіз?», «Біз бұны қалай жүзеге асырамыз?» деген сұрақтар топтамасына жауап іздеп, дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастыра отырып дәріс жүргізеді. Тілдік ортаны жетілдіру мақсатында сұхбаттар құрып, түрлі ойын тәсілдері арқылы оқушыларға сабақ өтеді. Сол себепті бұл жаңа жүйеге көшуге дайынбыз деп айта аламын, – дейді мектеп басшысы Зейнегүл Асылбекова.
Айта кетейік, Еуроодақтағы 28 елдің 17-сінде шет тілін үйрету балабақшадан басталады екен. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 17 елде ағылшын тілін шет тілі ретінде бастауыш мектепте екпін түсіре оқытады. Әлемнің өзге дамушы елдерінде де бір немесе одан да көп пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшкен. Осылайша біздің ұл-қыздар да, үш тілді жетік меңгеріп, әлемдік білім жүйесіне ілесіп, болашағына нық негіз қалап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Оқушылар 1 маусымµа дейiн оқиды

Бес күндік білім беру жүйесіне көшу туралы өзгеріс те ата-аналарды бей-жай қалдырмады. «Бұл жүйеге көшсек, оқу маусымы жаздың бел ортасына дейін созылады екен» деген қауесет ақпарат тез-ақ тарап кетті. Осыған түсінік берген Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев:
– Біз балаларға қосымша 34 күн демалыс береміз. Бұл барлық сенбілерді қоса алғанда. Енді оқу мерзімін 1 маусымға дейін созып жатырмыз. Яғни, 5 күнді алғанда барлығы 29 күн (жазғы демалыстан бөлек) ата-аналар мен балалар демалады, – деп мәселенің мән-жайын тарқатып берді.
Сонымен, келесі жаңа оқу жылынан бастап, бес күндік білім беру жүйесіне көшіп, 1 сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Бұдан бөлек 2017 жылы олардың қатарына 2, 5, 7 және 9 сынып оқушылары қосылады. Ал 2018 жылдан бастап жаңа жүйеге барлық мектептерді көшіру жоспарланған.
– Шыны керек, бес күндік білім жүйесіне өтетінімізге қуанып жүрміз. Төрт ұл-қыз тәрбелеп отырмын. Үшеуі мектеп оқушысы. Енді ұл-қызымды демалыс күні үйірмеге, кітапханаға апаруға мүмкіндік туатын болды, – дейді Гүлжан Тасболатова.
Дамыған батыс елдерінің өзінде жазғы демалыс көп болса 1,5-2 айға ғана созылады екен. Бұрынғы Кеңес Одағының елдері оқушылары секілді 3 ай демалатын басқа ел жоқ. Оның үстіне психолог мамандар да үш айлық жазғы демалыста бала мектепте не үйренгенін ұмытып, олардың сабақ оқуға деген ынта-ықыласы төмендейтінін айтып отыр.
Озық ойлы, жан-жақты, өскелең ұрпақ тәрбиелеу мақсатында енгізіліп жатқан білім саласындағы реформалар мен түрлі бағдарламалардың қай деңгейде жүзеге асып, шетелдік тәжірибенің қаншалықты жеміс беретініне енді уақыт төреші.

Сіз не дейсіз?

koment003
Тамара МАХАЛҚЫЗЫ, «Қазақстанның педагогикалық академиясы» корпоративтік қорының вице-президенті,
Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгiнің иегері:


– Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұсынған бағдарламада еліміздің барлық орта білім беретін мектептеріне Назарбаев интеллектуалдық мектептеріндегі Кембриждік жүйені енгізу мәселесі қозғалып отыр. Бұл жаңа білім беру жүйесін қолдаймын. Оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық сүйіспеншілігі мен қарым-қабілетін ашудың сан алуан жолдары бар. Ол үшін біздің ұстаздар дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастырып, технологияларды үнемі жаңартып, оқу бағдарламасына әлемдік стандарттарды қолдану керек.


koment001Қаракөз МОМБАЕВА, 
Ораз Жандосов атындағы №30 орта мектептің психолог маманы:

– Бүгінгінің балалары зерек, қабілетті. Тіпті қазір 3-4 жасар баланың өзі ұялы телефоннан, компьютерден өзіне қызықты мултьфильмдерді қосып алып көреді, түрлі ойындарды ойнайды. Ешкім оларға үйретпесе де. Үш тілде білім алу бала психологиясына ауыр деп ойлаудың қажеті жоқ. Олар дәл осы жаста кез келген ақпарат пен оқып-тоқығанын дереу қағып алады. Сондықтан қорықпай, тек оларға жеткізу тетігі мен жүйесін білу қажет.


koment002Динара ӘДІЛБАЕВА,
С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы:

– Біздің мектеп-лицейде ағылшын тілі аптасына екі рет өтеді. Сондай-ақ, тілді қаншалықты меңгеріп жатқанымызды білу үшін аптаның әр сенбісінде (Unit check) арнайы тест тапсырамыз. Бұдан бөлек, қосымша ағылшын тілі курсына барамын. Арманым – болашақта білікті маман болу. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп, білімімді жетілдіргім келеді. Сол себепті қазірден бастап тиянақты дайындалып жүрмін.