Үштік одақ: мектеп + ата-ана + оқушы Избранное

Среда, 17 Январь 2018 09:40 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1174 раз

Ұрпаққа тәлім беруде білім сапасын жақсарту жолында, мектеп, ата-ана жане оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды. Осы орайда мектеп және ата-ана байланысын жүйелі жолға қойып, екі жақтың көңілінен шығар жаңа жүйе енгізіп отырған Асар шағынауданындағы №89 мектеп-лицейдің директоры Атабаев Қасым Өмірбекұлын әңгімеге тартқан едік.

shymkala kz-5

– Қасым Өмірбекұлы, сіз басшылық ететін мектепте тәлім-тәрбие беруде ата-аналармен бірлесіп, қандай жүйе енгізілген?

– №89 мектеп 2011 жылы 1 қыркүйекте ашылып, сол күні алғашқы қоңырауы соғылды. Қазір мектебімізде 1353 оқушы білім алуда. Былтыр 43 оқушы ҰБТ тапсырып, 12 оқушы жоғарғы оқу орындарының гранты иегері атанды, 3 оқушы «Алтын белгіні» қорғап, білім сапасы бойынша көрсеткіш 81 балды құрады. Біз мектепте білім сапасын арттыру жолында ата-аналармен тығыз байланыс орнаттық. Осы орайда ата-аналардың мектепке қайырымдылық көмек көрсетіп, әртүрлі шаралар ұйымдастырып келе жатқаны нақты дәлел бола алады. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға көмек қолын созып жүрген қайырымды азаматтар аз емес екенін атап айтқым келіп отыр. Қазір мектебімізде ата-аналармен бірге «Қамқоршылар кеңесі» есеп-шотын ашып жатырмыз. Мұнда демеуші болуға ниет танытқан кез келген азамат осы есеп- шотқа өзі қалағанынша жарна аударып отырады. Ата-аналар жиналысында қорға жиналған қаржы мен жұмсалған қаржының есебі беріліп тұрады. Өзінің мүмкіндігіне қарай көмек беремін деп жатқан демеушілер аз емес. Әрине, оларды тізімге алып, түскен қаржының есебін жүргізіп отырамыз. Жиналған қаражат есебінен оқушыларды Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Туған жерге тағзым» тармағы негізінде қасиетті орындарға, мұражайларға саяхатқа алып бару, оқудағы жетістіктері үшін ақшалай сыйақы беру жоспарлануда.

shymkala kz-7

– Ата-аналардың көмегімен тағы да қандай игі істер атқарылды?

– Біздің ата-аналармен бірлесе атқарған жұмысымыз өте көп. Солардың бірнешеуін атап өтейін. Кеңес дәуірі кезінде мектепте жатын бөлме болатын, ата-ана таңертең баласын мектепке алып келіп, кешкі сағат 17:00-18:00 аралығында алып қайтатын. Бала осы арнайы тынығу бөлмелерінде жатып демалатын. Біз мектебімізге 2014 жылдан бастап төрт кабинетке 104 орын дайындадық. Қазір көптеген ата-аналар тіршіліктің қамымен балаларының сабақ үлгеріміне көңіл бөле бермейтіні жасырын емес. Енді сондай ата-аналар балаларын таңғы сағат сегізде мектепке алып келеді, түсте сабағы аяқталған соң сынып жетекшісі оқушыларды ұзартылған күн тобының тәрбиешілеріне тапсырады. Тәрбиешілер оқушыларды асханаға алып барып, тамақтандырады, жуынатын арнайы орын да қарастырылған, балалар беті-қолдарын жуып, тынығу бөлмесінде демалады. Оянған соң оларға сергіту жаттығуларын жасатып, тамақтандырып, үй тапсырмасын орындатады. Кешкі 18:00-де ата-ана баласын мектептен алып кетеді. Мұның барлығы ақысыз, тек ата-аналар баланың тамақтануы үшін мектеп асханасымен келісім-шарт жасасса болғаны. Мектепке даярлау мен бастауыш сынып оқушыларына арналған бұл топқа тағы 47 бала кезекте тұр. Мұның барлығы баланың бастауыш сыныптан бастап сапалы білім алу үшін, жасалатын жағдай.

shymkala kz-8

– Ал енді жоғары сынып оқушыларына қандай жағдай жасалған?

– Жоғары сынып оқушылары үшін де демалатын орын қарастырдық. Бірақ, әрине, бастауыш сынып оқушыларына қарағанда оның сипаты өзгеше. Мұнда еңбек пәнінің мұғалімдері мен оқушылар психологтар бірлесіп демалыс бұрышын жасады. Қазір күйзеліске ұшырайтын оқушылар көбейіп барады. Компьютердің, ұялы телефонның, жан-жақтағы түрлі ақпараттың, оған қоса экологияның әсері, оқу бағдарламасының күрделілігі, бәрі-бәрі оқушыны қалжыратып, түрлі күйге түсіретіні жасырын емес. Оқушыларды осындай ауырлықтан арылту үшін мектепте демалыс бұрышын қарастырдық. Онда жасанды сарқырама жасалып, түрлі әдемі балықтар жіберілген аквариум орнатылған, және көлеңкеде өсетін өсімдік түрлері егілген. Сарқырамадан аққан судың сылдыры, балықтардың судағы жүзген әсем қимылы, түрлі өсімдіктерге қарап ләззат алу ойды сергітіп, бойға қуат береді. Демалатын орындағы жұмсақ орындықтарды оқушылардың өздері еңбек пәні мұғалімімен бірлесіп жасаған. Ондағы шахмат тақтасын да балалар тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, өз қолдарымен істеді.
Мақсатымыз – балаларға сапалы білім мен тәрбие беру ісінде нәтижелі жетістіктерге жету.

Ақша жинауға түбегейлі қарсымын.

 

– Оқу жылы аяғында кейбір ата-аналар жөндеу жұмыстары үшін мектепте ақша жиналатынына шағымданып жатады. Сіз басшылық ететін мектепте жөндеу жұмыстары үшін оқушылардан ақша жинала ма? 

– Ақша жинауға түбегейлі қарсымын. Біз мектепке жөндеу жұмыстарын оқу жылының соңында ғана емес, жыл бойы жүргізіп отырамыз. Мәселен, сынып қабырғасына дақ тиді ме, сол күні-ақ оны жоямыз. Біз не үшін ақша жинауымыз керек? Қазір бұрынғыдай парталар, есік-терезелер сырланбайды. Едендер линолиуммен қапталған. Жөндеу үшін ата-аналардан ақша жинауға ешбір негіз жоқ. Ал спорт залы, акт залы, дәліздерді жөндеу үшін мемлекеттен бөлінген қаржы жетеді. Жалпы мектептің жөндеу жұмыстары үшін жылда мемлекеттен қаржы қарастырылады ғой? Өткен жылы мектептегі кейбір ақауларға байланысты акт жасалды, сол тізім бойынша мемлекеттен қаражат бөлінеді.

 

– Сөз соңында әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Жалпы, білім ошақтарында әртүрлі сылтаумен ақша жинау деген мәселені доғару керек. Мемлекет тарапынан әр баланың білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ақша журген жерде парақорлық та тамыр алады. Біз балаларды жастайынан ақша жинауға бейімдесек, жемқорлықты қолдан жасап алмаймыз ба? Керісінше, жемқорлыққа қарсы күресе білуді мектеп қабырғасынан саналарына сіңдіріп, балалардың бойында ізгілік, қайырымдылық, бауырмалдылық қасиеттерді қалыптастыруға күш салуға тиіспіз.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Бибайша
НҰРЖАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.