«Арзанқол ән айтуға намыстанамын»

Пятница, 12 Июнь 2015 06:14 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4743 раз

Телеарнадан күн сайын көрінбесе де, көрерменнің ықыласына бөленген өнер адамдары бар. Оларға тыңдарманынан асқан құрмет жоқ. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, ақылына көркі сай  әншінің бірі – Шахизада Байпатжанова. Оның әндері жүректің қылын шертіп, адам жанына тәтті мұң сыйлайды. Керемет әсерге бөлейді. Жуырда Шымкентте өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Біздің әңгімеміз әншінің шығармашылығы жайлы өрбіді.

shakhrizada– Шахизада, Шымқалаға қош келіпсіз!

– Рахмет!

– Сізді Моңғолияға барып, бейнебаян түсірді деп естідік. Жаңа клип көрерменге қашан жол тартады?

– Бейнебаян түсіру жоспарымда болатын. Ермек Елгезековтың әні мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған “Бал сезім” әні репертуарымда бұрыннан бар еді. Жаңа бейнебаянның түсірілуіне моңғолиялық Тика Сати себепкер болды. Оған Ұлан-Батордағы режиссерлер ұсыныс жасайды. Бұл ән моңғолиялықтарға да ұнады. Кино түсіріп жүрген азаматтарға жоқ демедім. Жұмыстары көңілімнен шықты. Әйтпесе Алматы мен Астанада да түсіруге болады ғой. «Бал сезімге» дейін “Сағындым сені”, “Есіңде бар ма жас күнің”, “Жан жарым”, “Сүйем сені” әндеріме арналған бейнебаяндарым бар. Жаңа туынды жуырда отандық телеарналардан көрсетіледі.

– Білуімше, бүгінге дейін продюсеріңіз болған жоқ...

– Осы уақытқа дейін продюсерім болған емес. Бірақ жұмыс жасауға ұсыныстар түскен. Олардың талабы табиғатымнан, жан-дүниемнен алыстау болды. Әр әншінің өз бағыты, ұстанымы бар. Менің сахнада жүргеніме 25 жылдан асты. Өмірімде өнермен бірге өрілдім, өнеріммен бірге өмір сүріп келемін. Сондықтан қалыптасқан, өз тыңдарманы бар әншімін. Қазір моңғолиялық құрбым сазгер Тика Сатимен жұмыс істеймін. Ол менің демеушім, бағыт-бағдар беріп, кеңесін аямайды.

– Оңтүстік өңірінің тумасы болғанымен, әнші болып қалыптасуыңызға Алматы қаншалықты әсер етті?

– Сөз жоқ, Алматы әнші болып қалыптасуыма негіз болды. Солай болуы да заңдылық шығар...Ол уақытта әндеріміз тек радиодан берілетін. Сахналарда ән орындаған сәттерімді де ұмытқан жоқпын. Әндерімізді симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жазатынбыз. «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанғаным да есімде. Осы қалада өнерімді дамыттым, халыққа танылдым. Барлық шығармашылығым ару қаламен байланысты. Алматы қалай өссе, мен де сондай ізденіс үстінде болдым.

– "МузТВ-2015. Гравитация" жүлдесінің тапсырылуы жөнінде не айтасыз?

– Бұл алғаш рет болып отырған елеулі оқиға. Екі ел арасындағы мәдениет пен ынтымақтастықты нығайтатын шара. Бұрын соңды Ресей арналарында қазақ әндері тыңдалды ма? Қазақтың танымал өнер иелері ресейлік жұлдыздар бас қосуының өзі не тұрады? Бәрібір Ресей шоу бизнесінің ілгері екенін мойындауымыз керек.

– Орта буынның өкілі ретінде өнердегі жастарға нендей баға бересіз?

– Бүгіні бар, ертеңі жоқ әншілерді қабылдай алмаймын. Бұрын әнші болу үшін өнер тарландарының сүзгісінен өтетін жүйе жақсы еді. Қазір ғаламтор жақсы болды. Тегін таралып, насихатталып жатыр. Бір ән жазып, жұлдыз болғандар сының түгіл, сөзіңді тыңдамайды. Депутат та, әкім де әнші болып жүр. Бір кездері сахнадан шықпайтын жұлдыздарды қазір көрмейсің. Қайда жүргенінен хабарым жоқ. «Әсіреқызыл тез оңар» деген осы. Жасандылықпен тапқан алдамшы абыройдың ғұмыры қысқа. Халық талантты даусынан таниды.

– Дегенмен сіз көп көріне бермейтін әншілердің қатарынансыз. Неге?

– Менің қай кезде де сахнаға шығып, ән салуыма мүмкіндігім жеткілікті. Бірақ арзанқол ән орындауға намыстанамын. Киелі сахнаның қадірін түсінемін. Оның үстіне әнге талғамым жоғары. Көңілімнен шықпаған дүниені көрерменге ұсынбаймын. Сондықтан өз тарапымнан ән кештеріне ұсыныс та жасамаймын. Бұл менің өзімшілдігім емес. Тек кез келгенге басымды тыға беру менің болмысыма жат. Сахнаға аз шықсам да, көрермендер кезіндегі «Аққу арман», «Сағындым сені» әндерімді орындауымды сұрайды. Қазір бизнес саласында жүрмін. 6 жыл бойы қыр-сырын оқып үйрендім. Қаржы кеңесшісі ретінде адамдарға табысты болуға кеңес беремін.

– Жеке бизнесіңізбен жүріп, өнеріңіз ақсап жатқан жоқ па?

– Өнер адамы болғандықтан шығармашылығыма кедергісі жоқ. Пайдасы болмаса. Ән жаздырып, бейнебаян түсіру үшін де ақша керек. Осы мақсатыммен 5 жыл ішінде аяқтан тұрдым. Қазір өнеріме де, әніме де қаражатым жетеді.

– Киноға да түсіпсіз. Актер болу қиын болды ма?

– «Дүбәра қыз» фильміне түсіруге шақырғанда қобалжығаным рас. Шынын айтқанда, мен кәсіби актриса емеспін. Қалай болар екен деп уайымдадым. 1,5 сағаттық кинода мен басты рөлді ойнайтын болдым. Десе де, түсірілімнің алғашқы күні бойымдағы үрей сейілді. Әрине, басты рөлді сомдау қай әншіге де оңай болмасы анық. Өмірдің өзінен алған кейіпкерді шынайы көрсетуге тырыстым. Идея авторы Хамза Көксеректің айтуынша, кино жаман шықпаған сияқты. Мүмкін менің жаңа қырымның ашылатын кезі келген болар. Фильмге сондай-ақ, өнер адамдары да атсалысты.

– Қаламақы берілді ме?

– Жоқ, тегін түстім.

– Қандай енесіз?

– Ұлым жалғыз болғандықтан, қызым болса деп армандадым. Содан болар, келінімді қызымдай қабылдадым. Оны «балапаным» деп еркелетемін. Бастысы кішіпейіл, тыңдай біледі. Ең маңыздысы әже атанып, немере сүйетін күн алыс емес.

– Шығармашылық концерт беру жоспарыңызда бар ма?

– Бір емес, екі концерт беруге жететін әндерім бар. Солардың арасынан жинақтап, жаздырып жатырмын. Алдағы уақытта ән кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Астана, Алматы және Шымкентте концерт беру ойымда бар.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.