Жанаттың ерлігі

Пятница, 22 Январь 2016 08:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3473 раз

Қазақ әйелінің циркте өнер көрсетуі некен-саяқ. Аң-құстарды да қолға үйрететіндер аз. Соған қарамастан Жанат Калметованың батылдығын ерлік санауға болады. Бүгінде өзі ғана емес, балалары да цирк қойылымдарына қатысып жүр.

33Жанат Қалметова цирк әртісі болуды бала кезден армандады. Он жасынан бастап, үйірмеге жазылып, өнердің қыр-сырын үйренді. Сөйтіп қызығушылықпен өнер әлеміне еніп кетті. Сахналық цирк ұжымдарында «Моноциклде» және әуеде гимнасшы болып өнер көрсетті. Гастрольдік сапарлармен Қазақстанның қалаларында болды. Мәскеуде өткен бүкілодақтық цирк өнері фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Ол байқаудың іріктеуінен өтіп, Мәскеулік цирк колледжіне білім алуға шақырту алды. Бірақ анасы қызының білім алуына қарсылық танытты. Оның манежге шығып, өнер көрсетемін деген арманы көңіл түкпірінде қала берді. Мұғалім мамандығы бойынша білім алып, жоғары оқу орнын бітірді. Дегенмен араға 24 жыл салып, өнерге оралу Жанатқа оңай болған жоқ. Цирк ғимараты салынып, пайдалануға берілді дегенде үміт оты оянды. Әртіс боламын деген ой басынан шықпай қойды. Басшылар Жанаттың кезінде нөмірлерді орындағанын ескеріп, жұмысқа қабылдады.

11Иә, цирк өнері үлкен ізденістен, ауыр еңбектен тұрады. Ауыртпалығы көп. Әртістердің сахнадағы нөмірлері жеңіл көрінгенімен, үш айдан алты айға дейін маңдай терін төгіп жаттығады. Ал аңдармен жұмыс істеу оңай емес. Көрерменнің жануарларсыз бағдарламаны көруге қызықпайтыны аян. Бүгінде Жанат Калметова «Оңтүстік Цирктің» сүйкімді күшіктері Гарри және Гердамен жұмыс істейді. Ақылды иттер бәрін қас-қабақпен ұғынып, санай алады. «Өзімді тәжірибелі баулушымын деп айта алмаймын. Әйтсе де, күшіктерді қолға үйрету оңай шаруа емес. Күн сайын тамақтандырамын, күтім жасаймын. Әрі қолға үйрету, жаттығуға баулу, үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлықты талап етеді. Олар бағдарламада көңiл-күйiне сай өнер көрсетедi. Дрессура үшін көп еңбек керек», – дейді ол. Осыдан-ақ Жанат Калметованың өнерге берілгендігін байқауға болады. Ал анасының күн сайын дайындығын пысықтап, үздіксіз еңбектенуі балаларының да қызығушылығын арттырды.

Әрине балалар үшін циркте өнер көрсету – өте қызық. Бірақ қауіптілігі де жоғары. Алайда қызы Перизат Анарбекова үшін жылдам қозғалыс, қызықты ойындар әдеттегі жұмысқа айналды. Ағалары Жандарбек пен Санжардың шабандоздық өнері, анасының қызметі әртістік қабілетін шыңдай түсті. 1-сыныпта оқитын қаршадай қыз өнердің жанкештілігіне қараған жоқ. Алғаш рет цирктің «Джунгли» қойылымының эпизодына шықты. Өнер ұжымының жаңа жылдық бағдарламасында да қабілетімен көзге түсті. Алғашқы манеждік нөмірде күшіктермен өнер көрсетті. Қазір Перизатты анасы әуе гимнастикасына дайындап жүр. Бұл цирктегі күрделі орындаулардың қатарына жатады.
Бүгінде Жанат Калметованың үлкен ұлы Жандарбек Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде білім алады. Екінші ұлы Санжар 7 сынып оқушысы. Цирктің қойылымдарына қатысып тұрады. Жанат Калметованың арманы жыртқыш аңдарды қолға үйрету. Алдағы уақытта күшіктерді де көбейтіп, жаңа нөмірлермен шығу ойында бар.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.