×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Теңгеге сат, теңгемен сатып ал!

Вторник, 01 Сентябрь 2015 09:32 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5859 раз

баға тұрақтылығы – басты назарда

Апта бұрын теңге еркін айырбас бағамына көшкені мәлім. Бұл өзгеріске қатысты мамандар пікірі мен сарапшылар болжамы әлі де көп айтылуда. Дегенмен, қарапайым халықтың басты назары сауда орындарындағы бағада. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында және алдын алу үшін мемлекет, оның ішінде жергілікті билік, нақты әрекетке кірісті. Бағалар бақылауға алынып, арнайы құрылған штаб жұмыс істеуде.

tenge sat 35

Қаржы мамандарының пікірінше,  енді теңге бағамын нарықтың өзі анықтайды. Мысалы, белгілі қаржыгер Ілияс Исаев ауытқулар болғанымен, негізі теңге бір тоқсан ішінде өзінің әуелгі құнына қайтып келуі керектігін айтады. «Теңге еркіне жіберілгенде уақытша сұранысқа сай 255 теңгеге дейін шығып кетті. Енді ол 190-200 теңгелік межеге қайта түсетін болады. Келімбетов деодолларизацияға шындап кірісеміз деп бекер айтқан жоқ. Енді халықтың өзі де түсінеді. Доллар құны түсе беретін болады. Доллар арзандап, теңге бұрынғы құнына қайтып келеді. Егер біз өнеркәсіп ошақтарының бәрін теңгемен ұйымдастырсақ, жалақыны халыққа теңгемен берсек, дүкеннен затты теңгемен алсақ, онда бізге доллардың керегі не? Ұлттық банк ел ішіндегі жылжымайтын мүлік пен көлік саудасын доллармен жасауға тыйым салды. Халық 25 жылда долларға үйреніп қалғандықтан әлі де доллармен бағалай беретін шығар мүліктерін. Бірақ, алдағы уақытта сауда теңгемен жүретін болады», – дейді қаржыгер баспасөзге берген сұхбатында.
Бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу, бақылау мақсатында бірқатар базар басшыларымен кездесіп, қарапайым халықтың көкейіндегісін жеткізген Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов бірнеше сауда орындарында болды. Қаладағы халық ең көп баратын «Айна», «Евразия» базарларына бас сұққан қала әкімі ондағы сатушылармен кездесіп, пікір алмасты. Базар бағасын біліп, оларға азық-түлік құнын негізсіз қымбаттатуға болмайтынын ескертті. Азық-түлік пен тұрмыстық заттардың және көрсетілетін қызмет түрлері бағасының бұрынғы қалпында сақталып отырғанына көз жеткізген қала әкімі ең алдымен, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушылары үшін қажетті оқу құралдары мен киімдерінің бағасына айрықша назар аударды. Өз кезегінде, сатушылар мектеп оқулықтары мен оқушы формасына қатысты бағаның өзгермейтінін жеткізді. «Тиісті мамандар қала базарлары мен сауда қатарларында күн сайын бақылау жасап, бағаға қатысты мониторинг жүргізетін болады», – деді шаһар басшысы. – Яғни, бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді». Тұтынушылармен сөйлесіп, олардың пікірлерін тыңдаған қала басшысы әкімдік жанында арнайы штаб жұмыс істейтінін, баға тұрақсыздығына қатысты қандай да болсын фактілер анықталып жатса, хабарласуға болатынын көпшіліктің қаперіне салды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында арнайы штаб құрылып, баға тұрақтылығын сақтау бағытында жұмыс жасауда. Яғни, бағаны бір қалыпта ұстау үшін қала әкімдігі қызметкерлері тарапынан рейд жұмыстары жүргізілуде. Айта кетелік, бүгінде Шымкент қаласының аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатары жұмыс істейді. Халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін сауда орындары да осылар. Кішігірім сауда орындарын айтпағанда, осы әмбебап базарларда талап күшейтілген. Бағаны тұрақтандыру үшін құрылған штаб өкілдері өз жұмысын бастағалы бері бағаға байланысты арызын айтып шағымданған адам жоқ екендігін айтуда. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын білдірсе керек. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы базарлар ассоциациясының төрағасы Қайрат Балабиевтің қала базарларында жалға алған орын үшін сатушылардан 3 ай бойына ақы алынбайтыны туралы мәлімдеуі де тұтынушылар сенімін нығайта түсті.
Еске салайық, қалалық штабтан бөлек, әрбір ауданда экономиканы қалпына келтіріп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алатын арнайы топтар құрылған. Азық-түлік өнімдерінің негізсіз көтерілгені жөнінде тұтынушылар тарапынан айтылған деректерді тіркеуге алу үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Бағаның күрт өсуі дерегі бойынша қала тұрғындары ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті ОҚО бойынша департаментінің 8(7252) 53-42-63 сенім телефоны арқылы хабарласуына болады. Қалалық штабтың сенім телефоны: 8(7252) 53-65-01, 53-74-04.