Төрлет, Туризм!

Среда, 24 Август 2016 05:05

Тау бөктерiнде «Tau fest» фестивалi өттi

Алғаш рет Біркөлік шатқалында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Tau fest» фестивалі өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі ұйытқы болған шара үш күнге жалғасты. Оған жас туристер станциясының қатысушылары мен тәлімгерлері, қонақүй, мейрамхана, туристік фирма өкілдері мен туризм саласының мамандары қатысты.

 MG 9941

Тау фестивалі экологиялық сенбіліктен басталды. Қолдарына бір-бір қап ұстаған жастар лагерь мен өзен айналасын қоқыстан тазартып шықты. Соңғы кездері тауға шығып, табиғат аясында демалатын жандардың қатары артқанмен, Жер-анаға зиян келтірушілердің де саны молаюда. Өкініштісі сол, демалыстан кейін олар қоқыс-қалдықтарын қалдырып кетеді. Осылайша табиғатқа өлшеусіз зиян келтіріп жатқандарына назар аудармайды. Бұл мәселе Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының қызметкерлерін де жиі толғандырады. Туризм бөлімінің маманы Ғани Назарбек ең бірінші халықтың санасына табиғатсыз адамның күні жоқ екенін сіңіру қажет деп санайды.

 MG 9971

– Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында аптасына үш күн арнайы тазалық жұмыстары жүргізіледі. Соның арқасында экологиялық ахуалды, тазалықты тұрақты ұстап тұрмыз. Бір ғана қоқысқа айналған судың бөтелкесі бірнеше ғасырға дейін өсімдіктің өсуін тежейді. Ал оның ішінде кішкентай су қалып кетсе, өрт шығу қаупін туындатуы мүмкін. Осы жайтқа демалушылар мұқият қараса екен. Халықты демалысқа тартудан бұрын, оларды экологиялық сауаттылық пен мәдениетке үйреткеніміз абзал, – дейді Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының туризм бөлімінің маманы Ғани Назарбек.
Осылайша «табиғатқа жанашырлық – айналаны таза ұстаудан басталады» деген жастар бірер сағат ішінде айналаны қоқыстан тазартып тастады.

Үш тiлдi меңгерген гидтер қажет

Күллі әлем көз тігетін «ЭКСПО-2017» көрмесі келер жылы Астанада өтетіні белгілі. Халықаралық көрмеге келушілер еліміздің үшінші қаласы ретінде тарихи мекенге бай Оңтүстік өңіріне, яғни Шымкентке ат басын бұрары анық. Сол кезде оларды жылышырай танытып, күтіп алудан бастап, ыңғайлы жағдай жасау, қонақжайлылық таныту жайы «Бастау» демалыс аймағында өткен семинар-тренингте пысықталды. Қонақүй, туристік орталық мамандары «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерге қызмет көрсетуде Шымкент қаласының туристік ұйымдарының жұмысын күшейту тақырыбында ой қозғап, бір-бірімен тәжірибе алмасыпты. 

 MG 9952

– Бұл семинар-тренингті ұйымдастырудағы басты мақсат – қонақүй, мейрамхана, туристік фирма өкілдерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату. Оларды «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өңірімізге келетін қонақтарға жайлы жағдай жасауға шақыру. Біз бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Соның бірі «Шымкентке қош келдіңіз!» деген журнал. Бұл журнал қыркүйек айында 10 мың данамен жарыққа шығады. Онда Шымкент қаласының қонақүйлері, мейрамханалары, ойын-сауық орталықтары, мәдени орындары, тағы басқа мекемелердің мекенжайы мен ол туралы толық ақпарат фотосуреттермен көрсетіледі. Біздің қаламызға қыдырып келген әрбір қонақ өзіне қажетті мәліметті үш тілде таба алады және тегін тарқатылады. Қазір әуе компанияларымен келіссөз жүргізудеміз, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.
Сондай-ақ, семинар-тренингте білімді, тарихтан хабары бар шет тілдерін еркін меңгерген гидтерді тәрбиелеп шығару мәселесі де көтерілді. Өйткені, тарихи орындар туралы мәліметті бірнеше тілде қызықты, түсінікті тілде жеткізетін гидтерге сұраныс күн санап артуда.

44 секундта 18 метр...

 MG 0039

Семинар-тренингтен кейін жас туристер станцияларының қатысушылары мен тәлімгерлері құзға өрмелеуден сынға түсті. Тіп-тіке жартастың жанына барып, төбесіне көз салсаң басың айналады. Беліне арқан байлаған жастар сол жартасқа өрмелеуге кірісті. Төрешілер олардың уақыттарын белгілеп отырды. Нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны Жанболат Ергешбаев ептілік танытып, бар-жоғы 44 секундта 18 метр биіктікті бірінші болып бағындырды.
– Бала кезімнен жас туристер станциясының белсенді мүшесі болдым. Оңтүстікте біз шықпаған шың қалмаған шығар. Тауға шыққан, жартасқа өрмелеген ұнайды. Жылдамдықты, күшті дайындықты қажет етеді. Ата-аналарды өздерінің ұл-қызын тау спортына баулуға шақырамын, – дейді ол.
Ал қыздар арасында Сайрам ауданынан келген Кенжекей Бердеева бірінші болды. Ол жартасқа 1 минут 31 секунд уақыттың ішінде өрмелеп шықты.
Ал екінші күні тау фестиваліне әр ауданнан жиналған жас туристер станциясының ұстаздары кедергілер жолағынан өту жарысына қатысты. Әр команда құрамына төрт адамнан жиналып, өзен бойына керілген арқан кедергісінен жығылмай, сүрінбей өтуге кірісті. Нәтижесінде Сайрам ауданының «Жас қыран» тобы бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды Шымкент қаласының блоггерлер тобы иеленсе, үшінші орын Төлеби ауданының ұжымына бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық пен арнайы Алғыс хат тапсырылды.
– Біз балалар туризмін дамытуымыз қажет. Тау фестиваліне жас туристер станциясы ұстаздары барлық аудан-қалалардан келіп қатысуда. Олар бұл фестивальде көрген-білгендерін оқушыларына барып, үйретеді, бөліседі. Бүгінде біздің Шымкенттегі жас туристер станциясына мыңға жуық бала келеді. Ал осындай іс-шара кезінде олардың қатары артады, – дейді облыстық жас туристер станциясының директоры Сәуле Өмірбаева.
Бұдан бөлек, фестивалге жиналғандар арасында альпинистік жарыстар мен түрлі семинар-тренингтер өтті. Олар шатырда түнеп, алау жағып, тау бөктерін ән мен күйге бөледі. Бұл үш күн олардың ұзақ уақыт естерінен шықпасы анық.

Шымкенттегі Жібек жолы көшесінің бойында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұрын бұл көшеде көліктер екі бағытта ғана қозғалатын. Енді құрылыс жұмыстары бітсе, төрт жолақты жол салынып, қызмет көрсетпек.

IMG 7192

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, Жібек жолы көшесін қайта құру жұмыстары 2017 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
– 2012-2013 жылдары Жібек жолы көшесінің жобасы дайындалып, 2015 төрт жолақты құрылыс жұмыстары басталды. Жол құрылысына қазынадан 2 миллард 500 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Оның 130 миллионы былтыр игерілсе, биылғы жылға 1 миллиард, 850 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін оның 550 миллионы игерілді, – дейді Қ. Жұматаев.
Мердігер компания – «Корпорация Береке – А» ЖШС-і. Айта кетейік, Жібек жолы көшесі Пазиков көшесінен Таскен елдімекеніне дейін ұзындығы 8 шақырымды құрайды.

«Армандар орындалатын мекен»

Вторник, 05 Июль 2016 06:14

Арқа төсінде бой көтерген ару қала Астананың туған күні биыл 18-ші рет тойланып отыр. Осы жылдар ішінде сәулетті қалаға айналып, өзгелер қызыға да қызғана қарайтындай деңгейге жетті. Күллі қазақтың мақтанышына айналды. Түрлі салада қызмет етіп, қаланың қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жандар Астана туралы ой-пікірлерімен бөліскен еді.

astana pikir-1Шүкір ШАХАЙ,
ҚР Премьер-министрінің фотографы:

– Астана – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Еліміздің әр азаматының жүрегіне келешекке деген сенім ұялатқан, арманға жетелеген құтты қала. Елбасы Н. Назарбаевтың елордасын Ақмолаға көшіру туралы идеясы жемісті жүзеге асып, бүгінде әлемге танылды. Экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына, халқымыздың мәдени өмірінің темір-қазығына айналды. Елордамызға арналған «Астана – Қазақстанның жүрегі», «Астана: Қас-қағым сәт», тағы басқа фотоальбомдарым жарық көрді. Әрбір фотосурет – ертеңгі тарих екенін ескерсек, тәуелсіздік жылдарымыздың тұтас шежіресін жасап, Астананың әрбір сәтін фототарихқа айналдырып жүргеніме өзімді бақытты санаймын.

 

astana pikir-3Данияр ЕСЕН,
тележурналист:

– Астана қаласына 2001 жылы қоныс аудардым. Ол уақытта Астана болып енді қалыптасып жатқан кез еді. Келе салысымен «Қазақ радиосына» жұмысқа орналастым. Кейін «Астана» телеарнасына ауысып, арнаның бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қостық. Бұл қала ерік-жігерімізді, сүйіспеншілігімізді бір арнаға тоғыстырып, алға батыл қадам бастырған қала. Осында отбасын құрдым, екі қызым дүниеге келді. Баспаналы болдым. Қазір өзге қалаға іссапармен кетсек, ауа райының қолайсыздығына, суықтығына қарамастан, Астананы сағынып, асыға оралатын болдым. Өйткені, Астана осы жылдар ішінде менің «өз үйім, өлең төсегіме» айналды.

 

astana pikir-4Әсел ТЕМІРБОЛАТ,
қонақүй әкімгері:

– Астанаға 10 сынып оқып жүргенімде қыдырып келдім. Сосын жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін осында жұмыс істеймін деп өзіме мақсат қойдым. Алдымен елордадағы «Алау» мұз сарайында жұмыс істедім, кейіннен қонақүй әкімгері болып ауыстым. Бізге шетелден қонақтар көп келеді. Аз ғана уақыттың ішінде осындай қаланың бой көтергеніне таңғалып, ризашылығын білдіріп кетеді. Астана – болашақтың қаласы. Гүлденіп, көркеюіне үлес қосамыз. Осы жерде ойға алған жоспарларым жүзеге асатынына, Астананың аты әлі де асқақтайтынына сенемін. Туған күніңмен, бас қала!

 

astana pikir-2Әлімжан ӘЛІШЕР,
жас ақын:

– Алғаш рет Астанаға 2012 жылдың күзінде жол түсті. Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, бақ сынау үшін келген болатынмын. Поэзия мерекесі жаңа серпін беріп, шабыттандырды. Былтыр Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтағаннан соң, екінші мамандық алу үшін елордаға жол тарттым. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті атандым. Астана маған жаңа достар сыйлады. Мұнда әр тараптан асқақ арман жетегінде келген жастар көп. Олар мақсат-мұраттарына, қол созған армандарына жететініне сенімдімін. Өйткені, бұл қала – мүмкіндіктердің мекені, жаңашылдықты, ізденуді, еңбекті сүйетін қала.

Оның есiмi – Астана

Вторник, 05 Июль 2016 06:08

Астана Қарғабайдың есімі ел арасында азды-көпті танымал болып үлгерді. Оны танытқан «Еуразия» арнасындағы» «X Factor Қазақстан» тележобасы. Есімі ерекші жігіт ән додасында былтыр бағы жанып, жеңімпаз атанды. Астананың айтуынша, 1993 жылдың күзінде Түлкібас ауданының Жиенбай ауылында дүниеге келген оның есімін әкесі Алпысбай қойыпты.

n7QbB3trCPI– Әкемнің екі ағасы болған екен. Бірінің есімі – Мейірбек, екіншісі – Астана. Екеуі де ел басына қиын-қыстау күн туғанда қолына қару алып, екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Өкініштісі сол, майданнан қайта оралмайды. Әкем сол екі ағасының құрметіне, есімдері өшпесін деп мен дүниеге келгенде есімімді азан шақырып, Астана деп қойыпты, – дейді ол. 

Астана ойын баласы кезінде есімінің мән-мағынасын түсінбегенімен, өсе келе мақтан тұтатын болды. Өйткені еліміздің елордасы Ақмолаға ауысып, оған 1998 жылы Астана деген атау берілді. Есімінің бас қаламен байланысатынына кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, атын сұрағандарға «Астана» деп күлімдей жауап беретін.

Астананың әнге деген талабын, өнерге деген құштарлығын байқаған ата-анасы 10 жасында Шымкенттегі Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебіне жетелеп алып барады. Фортепиано мен вокальдан дәріс алған ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Греция, Түркия елінде өткен халықаралық ән байқауларында топ жарып, еліміздің атын шығарады. Бірақ 11-сыныпты аяқтағаннан кейін «біз сенің өнер жолың таңдауына қарсы емеспіз. Бірақ ер жігіттің нақты бір мамандығы болуы керек» деген ата-анасының ақылына құлақ асып, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Құрылыс материалдары технологиясы» мамандығына құжат тапсырады. Өзге салада білім алып жүрсе де, ән әлемінен алшақтай қоймаған ол, «X Factor Қазақстан» тележобасында бақ сынауға бел буады.

– 2014 жылы осы жобаның тікелей эфирге іріктеу кезеңінде сүріндім. Бірақ жігерім мұқалмады. Бір жыл бойы қайта дайындалып, жеңімпаз болуға іштей өз-өзіме серт бердім. Осылайша былтырғы тележобада талай дарынды жастың арасынан суырылып шығып, қызылордалық Ару Әуезова екеуміз финалға шықтық. Ол жүрек толқытар сәт еді. Ән әлемімде бағым жанған күн. Сол кезде белгілі әнші Нағима Есқалиева мен тәлімгерім Нұрберген Махамбетов әрқашан атыма затым сай болу керектігін, ерекше есімімнің екі есе жауапкершілік жүктейтінін айтты. Мен әрқашан өзі есіміме құрметпен қарап, сенім үдесінен шығуға тырысамын, – дейді ол.
6 шілде – Елорда күніне орай ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған ол «Астана» атты жаңа ән жаздырып, бас қалаға жол тартты. Өмірінде бірінші рет табан тіремек. Бұрын тек теледидар мен фотосуреттен көріп жүрген еліміздің жүрегі – Астана қаласы өзгеше әсер қалдырса керек, бізбен бөліскенше асықты.

– Қазақстанның өзге аймақтарында, шетелде болдым. Бірақ Астанаға жол түспепті. Алғаш рет келуім. Жаңарған, жас қаланың кейпін көріп, көңілім толды. Бір-біріне еш ұқсамайтын зәулім ғимараттар, мәдени орындар, ерке Есіл, бәрі ұмытылмастай қуаныш сыйлады. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі, – дейді жас әнші.
Астана еліміздің бас қаласында армандардың орындалатынына сенеді. Өнер жолында атын қалыптастыру үшін аянбай тер төгу қажеттігін де ұғынады. Талапты, талантты жігітке біз де сәттілік серік болсын деп тілейміз.

 MG 5674

Қаратау ауданына қарасты көпқабатты үйлерде қысқы маусымға дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Бүгінде аудандағы 223 көпқабатты үйге «СпецКомплектСервис» ЖШС-і мен «Қызметкер СК» ЖШС мамандары сығымдау жұмыстарын жүргізуде. Қазірге дейін 112 үй сығымдау жұмыстарынан өткен. Сала мамандары қыркүйек айына дейін бекітілген кестеге сәйкес жұмысты толық бітіретінін айтады.
– Қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары жайлы тұрғындармен кездесулер өткізіліп, қазір жұмыс қарқын алды. Тұрғындар назарына тағы бір жайтты еске салғым келеді. Екі жыл ішінде 9 қабатты 21 үйге жылу есептегіш құралын орнаттық. Басында тұрғындар тарапынан «4 жыл бойы оған қалтамыздан ақша төлейміз бе» деген түсінісбеушіліктер болған. Кейін оны орнатқаннан кейін жылу ақысы 40-50 пайыз арзанға түсетінін көрген соң келісе бастады. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасады, – дейді Қаратау ауданы әкімдігі аппараты, халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаев.

Құммен сурет салу өнері ХХ ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та бастау алғанымен, біздің елімізге келгеніне көп бола қойған жоқ. Әйнек бетіне құммен түрлі бейнелерді түсіріп, жаңаша өнерді меңгеруге ұмытылып жүрген жастар Шымкентте де бар. Солардың бірі – Мақсат Қосылханов. Ол балалар көркемсурет мектебінде оқушыларға бейнелеу өнерінен дәріс береді. Кейіпкеріміз әріптесі Фархад Достаев екеуі ғаламтордан көргеннен кейін осы өнерге қызығушылықтары артып, іздене бастайды. Тіпті құммен сурет салуға арналған тақтаны да өз қолдарымен жасап шыққан.

DSC 0184

– Шыны керек, құрал-жабдықтарын шетелден арнайы алдыртуға қалта көтермейді ғой. Біз оның жолын іздеп, түрлі интернет сайттарды ақтарып, соңында өзіміз қолымыздан жасап шығуды жөн көрдік. Кәдімгі үй құрылысына қажетті материалдардан жасалды. Тақтасын жасауға бар-жоғы 25-30 мың теңге көлемінде ғана шығындалдық, – дейді Мақсат.
Құрал-жабдықтары дайын болғаннан кейін шыны әйнектің бетіне айнытпай сурет салуды меңгереді. Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжін, кейіннен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын тәмамдап, оқушыларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген жас ұстазға аса қиын соқпайды.
– Осы өнерді игерем деушілерге ең алдымен шеберлік пен шыдамдылық қажет. Тек әйнек бетіне бейнелерді түсіріп қана қоймай, құмды сезіне білу қабілеті талап етіледі. Негізі өзінің арнайы құмын шетелден алдыртуы керек. Ал біз өзіміздің құмды елеп, жуып, тазалап, кептіріп, пайдаға асырып жүрміз. Бейненің таза әрі дәл шығуы құмға тікелей байланысты, – дейді жас ұстаз.

DSC 0226

Бұл өнердің негізін Кэролайн есімді канадалық суретші қалапты. Ол өзен жағасында құмды иіре отырып сурет салады. Сосын астына әйнектен арнайы тақта жасап, түрлі-түсті жарық береді. Осылайша, 1969 жылы алғаш рет «Петя мен көк бөрі» деген кейіпкерлері құмнан салынған мультфильм түсіреді. Еңбегінің бағаланбағанына қарамастан жас суретші алған бетінен қайтпай, төрт-бес жылдан кейін екінші рет «Үйрекке үйленген үкі» атты мультфильм жасайды. Бұл туындысы оның атын әлемге танытады. Жаңалықты америкалық
Ференц Цако есімді суретші естіп, ары қарай жетілдіріп, халықтың көз алдына сурет арқылы кино түсіреді. Шебер суретшінің бірнеше кинолары Канн кинофестивалінде жүлде алады. Әзірге оның ерлігін қайталаған суретші жоқ. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін еңбек пен ізденісті ұштастыру керек екенін Мақсат жақсы біледі.
– Құммен сурет салудың ұшан-теңіз пайдасы бар. Адамды жақсы нәрсені ойлауға, уақытты бағалауға үйретіп, есте сақтау қабілетін дамытады. Дәрігерлер сал ауруымен ауыратын балаларға құммен сурет салуға кеңес береді. Өйткені, саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан қантамырларын іске қосады екен. Жүйке жүйесін тыныштандырып, балаға сенімділік сыйлайды, – дейді Мақсат.

Санаулы минуттың ішінде көз ілеспес жылдамдықпен, құммен қайталанбас туындылар жасайтын Мақсат қаладағы аула клубтарының да шәкірттерін осы өнерге баулып жүр. Олар қалалық, облыстық іс-шараларда өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленуде.
Ендігі мақсаты – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, маңызды деген оқиғаларды құммен өрнектеп, бейнебаян түсіру. Осылайша, ең қастерлі мерекеге тарту-сый жасамақ.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА «ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ» ФОРУМЫ ӨТТI

Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы сегіз жылдан бері түйткілді мәселелерді ортаға салып келеді. Кезекті басқосу Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өтті. Жиында 400-ден аса сыйлы қонақтар бас қосып, «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбында келелі кеңес құрды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жас ұрпақтың бойына сіңіру, той мәдениетін жетілдіру сынды мәселелерді талқыға салды.

 Z1A8868

Алдымен мінбеге көтерілген өңір басшысы, қоғамдық форумның төрағасы Бейбіт Атамқұлов көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, руханият саласындағы мәселелерге көңіл аударуға шақырды.
– Осы форум аясында өздеріңізбен алғаш рет кездесіп отырмын. Құрамында 515 мүшесі бар форум өңірдегі ең беделді қоғамдық платформа. Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліктілігіне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Әлеуметтік экономикалық даму жолындағы қарымымыз жастардың өмірлік ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жастарды ағылшын тілін меңгеріп, жаңа технологияларды жетік білуге, сергек болуға шақырды. Бұдан бөлек, той өткізуде ысырапшылдық пен даңғазалықтан қашып, оның орнына отау құрып жатқан екі жастың материалдық жағдайын жақсартуға көмектескен тиімді екенін жеткізді.

 MG 4889

Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов той өткізу мәдениетін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алыну қажеттілігіне тоқталды.

– Бүгінде тойдан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз - тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, жас даяшы қыздардың қонақтарға ішімдік құйып жүруі, биші қыздардың жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтар біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той түптеп келгенде ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет, – деді Жеңісбек Мәуленқұлов.
Ал «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан болса түрлі ағымның жетегіне кетпей, ұлт болып ұйысып, сақтап қалу үшін салт-дәстүрден қол үзбеуге шақырды.
– Қазақтың бүгінгі күнге аман жетуінің ең басты сыры – оның рухани иммунитетінің мықтылығында! Ал мықты руханиятты ұрпақтың бойына мықты дәстүрлер арқылы ғана сіңіре аласыз. Ата-бабаларымыз бойымызға салт-дәстүрді сіңірудей-ақ сіңіріпті. Ал, соны біз өз ұрпақтарымыздың бойына қалай сіңіріп жүрміз, ендігі мәселе осында. Кешегі кеңестік кезеңде иманымыздың байлығы қазіргіден мол болса, біздіңше оның себебі дәстүрімізден қол үзбегенімізде еді. Бүгін Құдайға шүкір, мешіт-медресе көп, бірақ дәстүрімізден көз жазып қалдық. Осы себептен де Ақтөбеде кісі қанының төгілуіне жол берілді. Әйтпесе қолын қанға бояған сол «діндарлардың» бәрінің де бес уақыт намазы болғанын айналасындағылар айтып бере алады. Оларда жоғы – дәстүрмен байытылған ұлттық тәрбие еді. Бұл сөзімізді біреулер құп алар, біреулер құп алмас, алайда, бәрібір айтуға тура келеді, егер дін іздесеңіз қазақтың дәстүрі дегеніңіз тұнып тұрған дін! Қазақтың шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демі бітіп, жер бетіндегі сапары үзілгенге дейінгі аралықтағы өмірінің бәрі діннен тысқары емес, – деп түйіндеді ол өз сөзін.

 MG 4834

Сөз соңында Абай Балажан бірнеше ұсынысын жеткізді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін барлық қазақ тілді газеттерде салт-дәстүр мәселесіне байланысты арнайы айдарлар ашылса, журналистерді, жазушыларды осы тақырыпты жазуға ынталандыру үшін конкурстар өткізілсе, сонымен қатар қазір салт-дәстүрді жетік білетін қарияларымыз бар кезде салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты да үйрететін арнайы бағдарламалар ашылса деген пікірі көптің көңілінен шықты. Тоқсан жылдан аса тарихы бар басылым бетінде биылдың өзіне 24 мақала жарық көріп, «Дәстүр» клубы ашылды. Енді материалдар айына бір рет кең көлемде жарық көрмек. Осылайша қолына қалам ұстаған қауым өкілдері ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, санаға сіңірмек.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, профессор Баршагүл Исабек, облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады.
Ұсыныс-пікір айтқандардың ішінде ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов бізге де Өзбекстан мен Тәжікстан елдері сияқты тойға шақырылатын қонақ санына белгілі бір шектеу қоятын заңның қажет екенін алға тартты.
Осылайша, «той өткізу мәдениетін ең алдымен өзімізден бастап, мақтангершілікке, ысырапшылдыққа жол бермей, шақырған жерге кешікпей барайық» деген байламға келген форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт жүргізген тәрбиелік мәні мол шараның соңы облыс әкімінің ауызашарына ұласты.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі «Қазақстан Халық банкі» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлерімен бірлесіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 26 отбасыға азық-түлік таратты.

13530363 1101243369922352 431271589 n

Жалғызілікті тыл ардагерлері күріш, қант, макорон, шай, тәттілер салынған себет толы сыйлықтары бар банк қызметкерлерінің арнайы үйіне іздеп келіп, көңіл бөлгеніне қуанды.
– Біраз уақыт бұрын банк басшылығына осындай қайырымдылық шарасы туралы ұсыныс хатпен шыққан болатынбыз. Олар бірден қолдап, банк қызметкерлері өз қалтасынан қаржы шығарып, нәтижесінде 26 отбасыға қажетті азық-түлік сыйлап, қуантып отыр. Алдағы уақытта да талай игі істерді бірлесіп атқаратын боламыз, – деді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Ырысбаев.

Страница 4 из 15