«Нұрлы жол» бойынша қаражатты игеруге әкiмдер жауапты Избранное

Пятница, 12 Август 2016 08:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3561 раз

«Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты игеруге енді тікелей әкімдер мен бірінші орынбасарлары жауапты болады. Еліміздің Премьер-министрі Үкімет отырысында осылай деді. Үкімет басшысының айтуынша, ауқымды мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыстар толыққанды жүзеге аспай отыр. Өңірлерде қаражат қалай игеріліп жатыр? Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі жағдайды талдауы тиіс.

05

Ал «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингіне келісімшарт жасалған қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалап, жоспарланған баспананы қолданысқа беруді жүктеді. Әрекетсіздік танытқан әкімдердің қызметі тамыздың аяғында мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында да талқыланбақ. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қаржыны игеру белгіленген мерзімінен кеш орындалып келеді. Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл Ұлттық қордан 770 млрд теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда оның 47 пайызы ғана игерілген. 

– Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген қаражатты игеруді қадағалау үшін апта сайын мониторинг жүргізіп отыру керек. Сондай-ақ атқарылған жұмыс бойынша ай сайын Ұлттық экономика министрлігін ақпараттандыру қажет. Бұл бағдарламаның орындалуын айына бір рет Үкімет отырысында қараймын, ал Бақытжан Сағынтаев әр екі апта сайын қадағалап отыруы тиіс, – деді Кәрім Мәсімов. 

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында «100 нақты қадамды» жүзеге асыру мәселесі пысықталды. Күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі – инвестиция. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, шетелдік инвестиция тартуға Қазақстанда бірыңғай экспорттық саясаттың жоқтығы әсер етуде. Себебі елге келген инвестор әуелі өндіретін тауардың экспорты жайлы ойланады. Ал бізде нарықтар туралы сараптама жоқтың қасы. Сондықтан ведомства басшысы экспорттық және импорттық саясаттың қажетін алға тартты.
Жиын барысында бірқатар ведомства басшылары атқырылған жұмыстарды баяндады.

Последнее изменение Пятница, 12 Август 2016 09:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.