Құрылыс саласында серпіліс бар

Среда, 16 Август 2017 05:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3892 раз

Облыс орталығы – Шымкент қаласының халық саны миллионға жақындаған сайын құрылыс, әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді.

IMG-20170815-WA0033

Мемлекеттің өзекті экономикалық және саяси міндеттерінің бірі – заман талабына сай құрылыс саласын дамыту және құрылыс өнімінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру. Осы міндеттерге орай жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде «Құрылысшылар күніне» орай мерекелік іс-шара және құрылыс заттарының көрмесі биыл да дәстүрлі жалғасын тапты. 

Шымкент қаласының «Көрме» Орталығында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Біз құрылыс саласында еңбек еткен ардагерлерге кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып, сәулетшілердің тың идеяларын жүзеге асырғаны үшін алғыс айтып, болашақ ұрпаққа өшпес қолтаңба қалдырып, өнеге бола алғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Құрыш қолды құрылысшылардың адал еңбегінің арқасында мемлекетіміз зор екпінмен дами береді деп сенемін, – деді ол. 

ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Оразұлы құрылыс жанданса, тұтастай елдің экономикасы артады дейді.

– Құрылыс индустриясы өркендесе, қала сәулеті жаңа әрі сәнді ғимараттармен толығады. Алдымызда Шымкентті миллионды қала – мегаполиске айналдыру жоспары тұр. Демек бұл бағыттағы қарқынды құрылыс бос жұмыс орындарын арттырып, халықты жұмыспен қамту да жүйелі түрде жүзеге асады. Жаңа мектептер, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, жаңа жолдар, көшелер пайдалануға берілген сайын біздің өңір тұрғындарының әл-ауқаты, тұрмысы жақсара бермек, – дейді Т. Усубалиев.

IMG-20170815-WA0034

Жыл басынан бері облыс аумағында 209 әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуына 64,9 млрд теңге қаралған. Жоспар бойынша оның 116-сы жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылмақ. Ал ұлттық қордан – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 32 мектеп құрылысын жүргізуге 17,4 млрд теңге қаралса, 19 мектепті пайдалануға беру биылғы жылдың еншісіне жоспарланған. Әзірге 5 мектепте құрылыс жұмыстары аяқталып, жауапты мердігерлер пайдалануға тапсырып үлгерді.

 

Биыл 6 375 пәтер берілмек

Демографиялық ахуалы тұрақты дамитын Оңтүстік өңірінде тұрғын үй құрылысы да маңызды. Биыл барлық қаржыландыру көздері арқылы облыста 226 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Яғни, 10 879 пәтер. Жыл соңына дейін 115 үйдің құрылысын аяқтап, 6 375 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 

IMG-20170815-WA0032

Құрылыс саласының тағы бір жаңалығы 2017 жылы қолға алынған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы. Бұл бағытта облыс аумағында 348,0 мың ш/м тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Сала мамандары бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 700 мың ш/м-ге жеткізуді көздейді.

Жол құрылысы саласын дамытуға 2017 жылы бюджеттен 29 445,7 млн теңге қаралып, 1 570 шақырым жолдар мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Бұл 584 нысан. Облыстық және аудандық маңызы бар 801,8 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу, қайта құру жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін 115,4 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Осы бағытта аянбай еңбек етіп, өңір құрылысын дамытуда еселі еңбек еткен құрылысшылар ҚР Индустрия және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, алғыс хатымен марапатталып, саланың 40-қа жуық үздігіне өңір басшысы сый-сыяпат тапсырды.

Салтанатты шараның қызығы «Көрмеде» көрініс тапты. Мұнда үйдің іргесін қалайтын тастың түр-түрі мен цементтен бастап, қабырғасын қалайтын түрлі кірпіштер, битум, полианион целлюлозасы, құрылыстық әйнектер, құм, шатыр мен есік терезеге, су және жылу құбырына қажетті құрылыс заттарының бәрін табуға болады. Жалпы, олардың өңірімізде өндірілетін саны 40-қа жуық, яғни құрылысқа қажетті материалдардың 90%-ын еліміздің өндіріс күші құрайды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.