Облыс делегациясы Өзбекстанда болды Избранное

Понедельник, 27 Март 2017 04:22 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3507 раз

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған, құрамында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, сонымен қатар, индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты өкілдері бар жұмыс тобы Өзбекстанға іссапармен барды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

uzbeks

Оңтүстікқазақстандық делегация мүшелері алдымен Ташкенттің сәулеттік сәнімен танысты. Бауырлас елдің мәдени-рухани байланысы бойынша бірқатар кездесулер өтті. Аймақ басшысы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. 

– Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, Сіздерде шығарылатын ауыл шаруашылығы тракторларын сатып алып, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Немесе арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге атсалыссақ деген ұсынысым бар. Өйткені, Қазақстан Сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасы барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін, – деді облыс әкімі. 

Өзбекстанға сапары кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен кездесті. Көрші ел астанасы әкімімен болған әңгімеде Ташкенттің сәулеттік сәні де сөз болды. Бұл бойынша қазақстандық тарап бірлескен жобаларды қолға алуға болатынын айтты. Көрші елдің сан саладағы үздіктерін облыс басшысы өңірге арнайы шақырды. Сәуір айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру бойынша келісімге келді.

Сапар барысында оңтүстікқазақстандық делегация трактор шығаратын зауыт пен жеміс-жидектерден құрғақ өнім дайындайтын өндіріс орындарын, табиғи тас алатын карьерді аралады. Туысқан елдегі Жоғарғы Шыршық ауданы мен Алмалық қаласында болды. Ондағы қандастарымыздың наурыз дастарханынан дәм татты.