Әлем назары түскен күн Избранное

Среда, 14 Июнь 2017 06:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 323 раз

2017 жылдың 9-шы маусымы Қазақ елі үшін ерекше есте қалатын күн. Өйткені, осы күні Астанада әлем жұртшылығын өзіне қаратқан ЭКСПО – 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұндағы маңызды кездесулер, көз тартарлық шоулар мен мерекелік концерттер дүйім жұртшылықтың жанарын жаулады. Айтулы шараға, төрткүл дүниеден миллиондаған туристерден бөлек, бірқатар елдің Президенттері де келген болатын. Оларды Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қарсы алды.

64cbc7b348218e2508f31cd45a028c92

Көрменің басты нысаны – «Нұр Әлем» павильонына бірінші болып Чехия Президенті Милош Земан жұбайы Ивана Земановамен бірге келді. Одан кейін, Люксембург, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Ресей, Қытай және тағы басқа бас-аяғы 19 мемлекеттің басшылары құрметті қонақ болды.

d076aa09a1f67d90f1aba28a7976e97d crop l 0 t 183 w 4168 h 2345 resize w 1200 h 678

Қонақтар жайғасып болған соң ЭКСПО-ның сахнасындағы үлкен экраннан көрменің ресми ролигі көрсетілді. Онда айтулы шараның дөңгелек пішінді басты ғимараты «Сфера» бүкіл жер шарын айналып, жер анадан нәр алып Қазақстанның Астанасына орналасады. Осыдан кейін «Сферадан» қуат алғандай сахна төрі түрлі түске боялып, шоу басталады. Табиғат пен адамзаттың бірігуі бейнеленген қойылымнан соң, дархан дала төсінде домбырамен қазақтың ұлттық күйі орындалып, әлемді мойындатқан қазақстандық әнші Мария Мудряк «Япырау» әнін орындады.

2b4d45b5c1f3e5a6129320ccc1d472ea

Бұдан кейін, көрмеге қатысатын 115 мемлекеттің сондай-ақ 22 халықаралық ұйымның байрақтары сахна төріне қойылды. Артынша Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсон ЭКСПО – 2017 көрмесінің ашылуымен құттықтап, Халықаралық көрмелер бюросына мүше 170 елдің атынан Қазақстан Президентіне алғысын білдірді. Сонымен қатар, жасыл энергетика тек дамыған елдердің ғана емес, дамушы мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып жатқанын, баламалы қуат көздерінің қолжетімді, экологиялық таза әрі үнемділігі дамудың басты факторына айналатынын айтып өтті. 

MUHA2355

– Құрметті қазақстандықтар, қонақтар қонақжай, әсем Астанаға қош келдіңіздер. Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихындағы айтулы күн. Қазір көптен күткен Халық-аралық ЭКСПО-2017 көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз «ЭКСПО» көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Сөйтіп қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қана қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президенттің сөзінен соң ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатының реми бөлімі аяқталып, мерекелік концертке ұласты. Концертте ұлттық күй, би, ән орындылып, театрландырылған қойылым қойылды. Сонымен қатар, көрермендер «Сфера шоу» мен отшашуды тамашалады.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.