Қатерлі ісікпен күресудің мүмкіндігі бар

Среда, 10 Февраль 2016 08:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6117 раз

Облысымызда қатерлі ісік ауруы көбейіп отыр. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, 2014 жылы 2684 науқас тіркелсе, ал өткен жылы олардың саны 3047-ге жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың бұл түрі тұқым қуаламайды және оның өсуіне адамның өмір сүру салты ықпалын тигізеді.

DSC 0825Денсаулықтың қадірін ауырғанда білетініміз рас. Сондай кезде науқас адам сау адамның басынан «тәж» көргендей болады. Ал «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын» дәрігерлер сан мәрте қайталаса да, мән бермейтіні өкінішті-ақ. Облысымызда онкологиялық аурулар арасында сүт безі қатерлі ісігі алғашқы орында. Мұнан соң асқазан, өкпе, тері және өңеш қатерлі ісіктері жиі кездеседі.
Бәйдібек ауданынан келген 61 жастағы Гүлзада Нысан облыстық онкологиялық диспансеріндегі маммология бөлімшесінде ем алып жатқанына бір жұма болған. Ауруы мазалай берген соң дәрігерге емес, тәуіптерге көрініпті. Емшінің айтқанын орындап, денсаулығы дұрысталмаған соң, медицина қызметкерлеріне жүгінген.
– Мен тәуіптерге барып, өз уақытымды жоғалтқанымды кеш түсіндім. Олардың берген шөп дәрісін де іштім, майын да жақтым. Түк әсер етпеді. Керісінше, зиянын тигізді. Соның салдарынан оң жақ сүт безімді ота арқылы кесіп тастады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жылы сөзімен емдеген дәрігерлерге де, осындағы барлық қызметкерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Г. Нысан.
Бұл – Гүлзада апаның ғана емес, көптеген әйелдердің басында бар мәселе. Дәрігерлердің айтуынша, мұның барлығы да дер кезінде медициналық тексеруден өтпеудің және уақтылы емделмеудің салдары.

Дәрiгерге көрiнуге ұялатындар көп

Облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрғали Орманов емханаларда скриннингтен өтуді дағдыға айналдыру керектігін алға тартады.
– Мәселен, сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін 50–60 жастағы әйелдер екі жылда бір рет тексерілуі керек. Әйелдердің басым бөлігі дәрігердің бөлмесінде қысылып, ұялып жатады. Сөйтіп, ауруын жасырып, асқындырып алады. Осыдан кейін біздің алдымызға келіп, «етегін жасқа толтырады». Тәуіптен-тәуіпке барып, уақытын жоғалтқандар да көп. Өкінішке қарай, диспансерге кеудесі ісіп, жағдайы күрт нашарлаған кезде келетін науқастар бар. Ол кезде ауру сүйекке сіңіп кетеді. Мұндайда біз ота жасап, химиялық терапия тағайындаймыз. Пациенттің әрі қарай қанша өмір сүретіні беймәлім. Қазір әр үшінші әйелдің көкірегінде түйін бар. Осыдан 2-3 жыл бұрын скриннинг кезінде 30-40 әйелден сүт без қатерлі ісігі табылса, қазір алдын алу шаралары барысында 90-ға жуық науқас анықталады. Мұндай мәселе тек маммологияда ғана емес, басқа да ауру түрлері бойынша жеткілікті. Бізге әбден ауру асқынған кезде келеді. «Жоғарыдағы» таныстарына телефон соғып, көмек сұрайды. Ал ауру денесіне өтіп кеткен кезде біз не істей аламыз? Сөйтіп, науқастың туыстары «кеше ғана сап-сау еді, осында өз аяғымен келген еді» деп шу шығарады. Біле білсеңіздер, мәселен, өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар бір жылда о дүниелік болады. Ауру тез меңдейді, – дейді Н.Орманов.

Қатерлi iсiк екінші орында

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жер шарында қазіргі уақытта жылына 10 миллионға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Осы қалыппен кете берсе, 2020 жылы аурулар саны екі есеге артады. Қатерлі ісік ауруларының өсуі дүниежүзінде ерлер арасында өкпе, тік және тоқ ішек ауруларынан, ал әйелдер арасында сүт безі және жатыр мойны дерттерінен белең алады деп болжануда. Елімізде қатерлі ісік ауруларынан өлімге ұшырау бойынша жүрек–қан тамырлары ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда жылына 31-32 мың адам ауырып, 16-17 мың адам өмірден өтеді. Оның 42 пайызы еңбек жасындағылар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісікпен 2400-2500 адам ауырып, оның 1500-ге жуығы қайтыс болады. Осы ретте дәрігерлер онкологиялық ауруды алғашқы сатысында анықтайтын болса, одан айығу мүмкіндігі мол екенін айтады.
Облыстық онкологиялық диспансерінде асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар да жетерлік. Солардың бірі – шымкенттік Омат Тұрғынов.
Пайғамбар жасына келген шағында ауру қатты мазалап, пышаққа ілінді.
– Ішкен асым бойыма дарымай, құса бастағанда ғана дәрігерге тексерілдім. Осы жасқа келгенше бір рет болсын науқастанып немесе ауруханада емделіп көрмеппін. 27 қаңтарда маған ота жасады. Алты сағатқа созылған отадан соң, бес күн жансақтау бөлімінде жаттым. Қазір жағдайым жақсы. Ауруым асқынса да, дер кезінде көмек көрсетіп, ажалдан жанымды арашалап қалғаны үшін осындағы абзал жандарға алғысым шексіз, – дейді О. Тұрғынов.

Емдеу iсi ілгерілеп келеді

Қазір қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде анықтау үшін 2012-2016 жылдарға бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы жасалды. Соның негізінде дәрігерлердің біліктілігін арттыру, заманауи құрал-жабдықтар сатып алу секілді көптеген жұмыстар атқарылуда. Айта кетейік, облысымызда 14 онкологиялық, 28 маммологиялық кабинет ашылып, мамандар қатары артқан.
– Облыстық онкология диспансерінің бюджеті бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге өсіп, 3 миллиард 224 мың 689 теңгеге жеткен. Химиялық препараттармен, дәрілермен қамту 3,5 есеге өсті, 12 таргеттік химиялық препарат енгізілді. Онкологиялық ауруларды емдеу тегін. 1 миллиард 385 мың теңгеге медициналық құрал-саймандар сатып алынды. Біздің 116 дәрігеріміз, 158 медбикеміз шетелде білімдерін жетілдіріп келді. Оның ішінде 23 дәрігер Ресей, Беларусь, Франция, Корея, Моңғолияда оқыды. Бауыр қатерлі ісігіне химиялық препараттарды артериялық қан тамырлары арқылы тікелей жіберу, – дейді Н.Орманов.
Бауыр қатерлі ісігін емдеу онкологияда қиын саланың бірі. Ал «Жол картасы» бағдарламасы аясында емдеу ісінде жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бауыр қатерлі ісігіне химиялық препараттарды артериялық қан тамырлары арқылы тікелей жіберу еліміз бойынша алғаш рет 2011 жылы облыстық онкологиялық диспансерінде жасалды. Ал 2013 жылдан бастап бауыр қатерлі ісігі хирургиялық жолмен емделуде. Моңғолия Ұлттық қатерлі ісік орталығының бас маманы Чинбурэн Джигджитсурэн шақырылып, оның қатысуымен 6 шеберлік сабағы өткізілген. Сонымен қатар, жапондық, австриялық дәрігерлер де тәжірибелерімен бөлісті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бауыр қатерлі ісігімен ауырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып, өлім көрсеткіші 2,5 есеге азайған.
Науқастарды емдеуде жаңа таргеттік химиялық препараттар енгізілді. Ол науқастың бойындағы қатерлі ісік жасушаларын ғана өлтіріп, сау жасушаларға зияны тимейді. Ал бұрын химиялық терапия кезінде барлық жасушаларға бірдей әсер ететін ауыр дәрілер салынатын еді. Қазір облыстық онкологиялық диспансерде 200 науқас ем алуда. Бас дәрігердің айтуынша, онда осынша орынға шақталған төсек орын жыл он екі ай босаған емес.

ormanovНұрғали Орманов, бас дәрігер:

– Бұл ауру адам, жас, ұлт немесе әлеуметтік жағдайды таңдамайды. Тұқым қуаламайды. Былтыр Астанада үлкен жиналыс болды. Сол кезде бұл дерттің жай-күйі талқыланды. Аурушаңдық Азия елдеріне қарағанда өркениеті көшi ілгері тұрған Еуропада көп. Мәселен, Еуропада 100 мың адамның 900-1000-ы қатерлі ісікпен ауырады. Олардың қатарында Нидерланды, Германия, Швейцария секілді өзге де елдер бар. Ал ең қызығы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді елдерде 100 мың адамның 50-і ауырады. ОҚО-да 100 мың адамға шаққанда 100 адам ауырады. Ал Қазақстанда 100 мың адамның ішінен 200-ге жуық науқас тіркеледі. Қазір халық көп тұтынатын тағамдарда консерванттар мен антибиотиктер бар. Олардың адам ағзасына зиян тигізетіні баяғыдан-ақ мәлім. Сондықтан, тамақ рационымызда жеміс-жидек пен көкөністің көп болуы тиіс. Өйткені, олардың құрамында қатерлі ісікті болдырмайтын антиоксиданттар бар. Ауырғыңыз келмей ме? Онда тағамыңызға назар аударыңыз.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.