Қыз тәрбиесiне қалай қарап жүрмiз? Избранное

Суббота, 05 Март 2016 06:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5380 раз

Қазақ халқы ықылым заманнан-ақ қыз тәрбиесіне зор көңіл бөлген. Ата-ана, туған-туыс, көрші-қолаң қыздың жүріс-тұрысына мән берген. Ақ жаулықты аналар қыздарының әр қадамын аңдап басып, орынды сөйлеуге үйреткені мәлім. Өйткені, қыз бүгін – қонақ, ал ертең – өзге шаңырақтың түтінін түтететін келін болары анық. Бүгінгі таңда әр отбасында өсіп келе жатқан қыздарға қандай тәрбие берілуде? Ақ жаулықты аналар мен мамандар не дейді?


50784838«Қыз өссе – өрісің» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені, бойжетіп, толысқан қыз ертең келін атанады. Ал барған жерінде мақтаулы да абыройлы болу үшін қыз балаға жастайынан берілген тәрбиенің мәні орасан зор. Жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына кішкентай кезінен сіңіріп өссе, ата-ананы жерге қаратпасы анық.
Шымкент қаласының тұрғыны Қанаркүл Бижанова небәрі 19 жасында келін атанған. Дүниеге 10 перзент әкелген. Оның жетеуі қыздар. Алтыннан алқа таққан көпбалалы ананың қыз тәрбиесіне қатысты айтар ақыл-кеңесі де мол.
– Қыздарыма ерте бастан-ақ, үлкенді сыйлау, дөрекі сөйлемеу, жүріс-тұрысқа көп мән беру қажеттігі туралы құлақтарына құйып өсірдім. Егер барған жерінің тәрбиесіне мойынсұнып, сыйластығы артар болса, бақытты отбасы болары сөзсіз. Жас кезімде мені де анам осылай тәрбиеледі. Қазір қыздардың кейбір қылықтарына көңілім толмайды. Мәселен, автобусқа мінгенде орын бермей, сағыз шайнап отыратыны және басқа да жөнсіз қылықтары қынжылтады. Бүгінде немерелерімнің тәрбиесіне көңіл бөлемін. Күн сайын жақсы мен жаманды құлағына құйып отырғанды құп көремін, – дейді Қанаркүл әже.
Тәрбиеге ата-ананың тікелей жауап беретіні түсінікті. Бірақ, қыздардың уақытының басым бөлігі мектепте, достарының арасында өтетіндіктен, бұл ретте ұстаздар қауымы да қол қусырып, қарап отырған жоқ.
Қ. Спатаев атындағы №7 техникалық-лицейінің мұғалімі Жібек Әшірованың айтуынша, тәрбиеге көп көңіл бөлу қажет.
– Қазір қызы мен анасының арасында тығыз байланыс жоқ. Оны жұмысбастылықпен, уақыттың жоқтығымен байланыстырамыз. Дегенмен, қыз өсіріп отырған соң, «оның ертеңі қалай болады?» деген сауал мазалауы тиіс. Анасы мен қызы бір-бірімен сырласындай сөйлесуі қажет. Оны шеттен іздемес үшін, анасы қызын өзіне тарта білгені жөн. Қыздардың бойынан биязылық жойылып кете ме деп қорқамын. Өз басым күн сайын сабақты тәрбиелік мәні бар әңгіме айтудан бастаймын. Сол кезде оқушыларым көз алдымда өзгере түседі. Айтқан ақылымнан нәтиже шығаруға тырысады, – дейді ұстаз.
Мектеп қабырғасында мұғалімдермен бірге психологтардың да атқаратын ролі зор. Мәселен, №9 лицейдің психологы Эльмира Муетова қазіргі заманда қыз тәрбиесіне БАҚ пен ғаламтор өзінің ықпалын тигізетінін және оның жағымсыз тұстарының көптігін айтады. Осыдан болар, қыздар арасында әлімжеттілік пен дөрекіліктің көбейгені және өзге де жағымсыз құбылыстардың орын алғаны жасырын емес.

– Соңғы кезде ерте жастан жүкті болу фактілері көп. Осыған орай мектеп психологтары 7-11 сынып қыздарымен гинекологтар жиі сөйлесіп, фильмдер көрсетіледі. Ерте жүктіліктің қыз-баланың ағзасына тигізетін зияны жайлы толық мағлұмат беріп, олардың сауалдарына жауап беріледі. Ойланбай жасаған іс-әрекеттің аяғының немен бітетінін бейне фильмдермен, роликтермен көрсетеміз. Мектебімізде «Сәтті бойжеткен» қыздар клубы ашылған. Онда қыздардың өзіне деген сенімділігін арттырып, болашағын айқын болжауға, арман-мақсаттарына жетуде кеңес беріледі. Сондай-ақ, қыз тәрбиесіне байланысты ата-аналармен де бірлесе жұмыс істейміз, – дейді Э. Муетова.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан ашылған «Әжелер алқасы» да жалпы ұлт тәрбиесіне қатысты бірқатар тындырымды жұмыстар атқарды. Тәрбиеге қатысты жоспарлаған жұмыстары да көп. Алқа төрайымы Үрзада Айтөреева соңғы уақытта ұл мен қыздың сөз тыңдаудан қалып бара жатқанын айтады.

– Қазір дастархан басында отырып, көрген-білгенін әңгімелейтін, ертегі айтатын ата-әже жоқтың қасы. Керісінше, жас жеткіншектер теледидар алдында көп уақытын өткізеді. Ақпарат ағыны тым көп. Қыз бала үшін оның қажеті мен қажетсізі, тәрбиесіне кері әсер ететіні қаншама? Әйелге берілген басты міндет – отбасын құрып, дүниеге бала әкелу, оны тәрбиелеу. Біздің аналық, әжелік парызымыз – қыздың құлағына оның келешекте жар, келін, ана болатынын бойына сіңіру. Бүгінде кейбір қыздар келін болып түскенде тамақ пісіре алмайды және үй шаруасына икемі жоқ. Бұл ретте анасы тәрбиені өз уақытында қолдан жіберіп алған. Ертең барған жерінде қиналмас үшін қыз баласы кішкентайынан-ақ, өзіне қажетті жұмыстың барлығын үйрене бергені жөн. Халық арасында «Істегенің маған жақсы, ал үйренгенің өзіңе жақсы» деп бекер айтылмаса керек, – дейді Ү. Айтөреева. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Қыздардың бәрі бақытты болғысы келеді. Бақытты болу үшін тұрмысқа шығып, бала сүй. Ұрпақ өсір. Ұлтыңды көбейт. Сөйтіп, артыңда алтын із қалдыр. Бақыт деген осы!» деген екен. Олай болса, әрбіріміз үйімізде гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан қыздарымыздың болашағына бүгіннен бастап алаңдап, тәрбиесіне мән берейік.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.