Жүз төртiншi көктем

Суббота, 05 Март 2016 06:47 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3520 раз

Шымкенттік қарт әжей Жәмилә Өмірова биыл 104 жасқа толды. Екі ғасырдың куәгері болған кейуана тағдырдың бұралаң соқпақтарына қарамастан, дүниеге 10 бала әкеліп, жетілдірген. Бүгінде ұл-қызынан 28 немере мен 100 шөбере көріп отыр.

DSC 1200Жәмилә әже кішкентай кезінен-ақ, қиындықты көп көріп өсті. Енді бой жете бастаған шақта әкесінің жиған бар мал-мүлкі кәмпескенің құрығына ілінді. Әкесі де қамауға алынды. Талғажау етуге бір түйір дән таппаған анасы екеуі бас сауғалап, Ташкент қаласына келеді. Қорғансыз қалған екеуін жол-жөнекей таныс болған бір егде кісі көмектесетінін айтып, үйлеріне ертіп барады. Олардың аңғалдығын пайдаланған бейтаныс адам оның анасына үйленіп, ал жап-жас Жәмиләні 40 жастағы әйелі қайтқан бір кісіге сатып жібереді. Амалының жоқтығынан және аумалы-төкпелі заманда аштан өлмес үшін күйеуімен бір жылдан астам уақыт өмір сүріп, одан бір қыз дүниеге келді. Онсыз да туған жері мен туыстарын сағынып жүрген әйелдің нәрестесі шетінеген соң, кіндік қаны тамған еліне біржолата кетпек болып бел буды. Түнде бәрі ұйқыға кеткен кезде дорбасын асынып, Жетісай жақтағы нағашы әжесі Зағипаны іздемек болып жол тартады. Бақытына орай, нағашыларымен аман-есен қауышып, сол жақта еңбек етті. Жас Жәмилә ә дегеннен-ақ, қарап отырмай, күйкі тірліктің тұңғиығына түсіп кетті. Колхозда трактор айдап, еңбекке белсене кірісті. Киров каналын қазуға үлесін қосты.
Көп ұзамай, Бейсен есімді азаматпен отау құрды. Айта кетерлігі, Бейсен ақсақал 92-ге келген шағында өмірден озды. Бүгінде кейуанадан тараған ұрпақ – үлкен әулет, өмірден орнын тапқан саналы азаматтар. Жәмилә әже ашаршылық нәубетін де, сұрапыл соғысты да көрді. Бірақ тізбелеп, өткенге ренішін білдірген емес. Бүгінгі күніне шүкіршілік ете отырып, өзінен тараған ұрпағының аман-саулығын тілейді.
Қарт әже біздің келгенімізге де балаша қуанды. «Өкімет мені ұмытпапты ғой, қарақтарым! Келгендеріңе рахмет!» деп ағынан жарылды. Десек те, жастар өткен күннен сабақ алсын деді ме, жүрегіне жара салған азапты жылдарды да есіне алды.
– Ашаршылық кезінде көзі қарайған халық ит пен құсты аңдып кетті ғой. Біз құмырсқаның илеуін іздейтінбіз. Оның жүріп өткен ізімен келіп, илеуін қазған кезде 2-3 келідей бидай шығатын. Сол дәндерді қорек етіп, аштықтың тырнағына ілінбедік. Қанша қиындық көрсем де, тірі қалғаныма қуанамын. Бүгін балаларымның ортасында еркелеп отырмас едім. Қолымда бір емес, екі келінім бар. Немере келінім Мөлдір ас-ауқатымды дайындап, шайымды қабақ шытпай әкеліп береді. Бұл – ортаншы ұлымның әйелі Ұлданайдың берген тәрбиесі,– дейді кейуана.
Келіні Ұлданай апайдың айтуынша, енесі бойында күш-қуаты бар кезде өте ширақ болыпты. Кез келген жұмыстың көзін тауып істеген. Тіпті кешегі күнге дейін үйдің шаруасына араласқан.
–Енем 100-ге келген шағында жүре алмай қалды, – дейді келіні Ұлданай апай. – Оған дейін «аяқ-қолым сыздап, ауырдым, шаршадым» деген емес. Даланың жұмысына мені араластырмайтын. Қазір де көңілді отырады. Титтей нәрсенің жақсы жағын көруге тырысады. Осының өзі бәрімізге өнеге.
Ақ жаулықты әжей әлі күнге дейін тың, сөзі ширақ. Сәлемдесу үшін кім келсе де, ақ батасын беруден жалықпайды.
– Шырақтарым, аман болыңдар. Бала-шағаларың көп болсын, уайымдарың жоқ болсын. Ынтымақты болыңдар, ұл-қыздарыңа жақсы тәрбие беріңдер. Халқымыз аман болып, ырысымыз арта берсін! Жаратқан бар жақсылықты сендерге көрсетсін. Әумин!,– деді Жәмилә әже.

Последнее изменение Суббота, 05 Март 2016 08:53
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.