Азаматыңыз ауырмасын десеңіз...

Пятница, 11 Март 2016 06:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 10262 раз

Ер азаматтардың денсаулығы бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, ауруын жасыратындар көп. Мұның астарында бірнеше себептер қылаң береді. Мәселен, дәрігерге көрінуге ұялу немесе денсаулығына қатысты мәселені ашып айтуға қымсыну секілді өзге де жағдайлар олардың дер кезінде медициналық көмек алуларына кедергі болады. Соның салдарынан денсаулығына айтарлықтай нұқсан келіп, тіпті бала сүю бақытынан айырылғандары да жоқ емес. Ертең қолды мезгілінен кеш сермемес үшін және бақытты отбасын құру үшін дәрігерлер қандай ақыл-кеңес айтады?

Ерлердiң денсаулығы дәрiгерлер назарында

DSC 1033Осыдан 5 жыл бұрын наурыз айында облыстық клиникалық аурухана жанындағы №1 емханада ашылған «Ерлер денсаулығы» орталығында ер азаматтарда кездесетін түрлі аурулардың алдын алып, емін жасауда. Айта кетейік, осындай орталық еліміз бойынша алғаш рет Шымкентте ашылған еді. «Ерлер денсаулығы» орталығының жетекшісі, андролог әрі уролог Мырзахмет Жанәділовтің айтуынша, бірте-бірте ер азаматтар ауруын жасырмай, дәрігерлерден көмек сұрап келуде. Дегенмен, сырқатын айтуға ұялатындар да кездеседі. Ондайлар жасырын түрде емделуді жөн көреді екен. 2012 және 2015 жылдар аралығында орталықта 9062 пациент қабылданды, оның жартысы ауыл тұрғындары. Орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы 4988809 теңге, ал биыл 3547837 теңге бөлінді. Орталық ашылғалы бері мұнда 1200-ден астам адам диспансерлік есепке тіркелген. Олар әрдайым бақылауда болып, тиісті мамандардан емін алады. Яғни, тіркеуде тұрғандардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жіті назарында. Онда андрологтан бөлек, кардиолог, уролог, эндокринолог біріге отырып, нақты диагноз қояды. Сондай-ақ, азаматтар тестостерон, спермограмма, уретроскопия, УДЗ тексеруден өте алады. Барлығы да тегін.
Ерлер денсаулығын бақылап, емдейтін орталықтың алғаш рет Шымкентте ашылуы да тегін емес. Өйткені, халық тығыз қоныстанған оңтүстікте ерлер денсаулығына қатысты дәрігерлерге жүгінетіндер жеткілікті. Б.Жарбосынов атындағы Урология орталығының бас директоры Мырзакерім Алшынбаев бірнеше жылдан бері осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққаны белгілі. Еліміздің бас урологының бастамасы Шымкентте осы орталықтың ашылуына септігін тигізді. Енді міне, андрологтың кабинеті жанында күн сайын ұзын-сонар кезекке тұрған түрлі жастағы ер азаматтарды байқауға болады. Онда Шардара, Созақ, Отырар секілді шалғай аудандардан науқастар арнайы келеді. Өйткені, андролог түгілі, урологтардың өзі аудандарда тапшы. Мырзахмет Шайзиндаұлы Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Мароккода, Италияда оқып келген тәжірибелі маман. Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі. Оның айтуына қарағанда, ерлердің денсаулығы расында да алаңдатады. Туу көрсеткіші тым кеміп кеткен. Бедеулік пен белсіздік белең алған. Еркектер мен әйелдердің өмір сүру жасында айырмашылық көп. Ер азаматтар әйелдерге қарағанда 12-14 жыл кем өмір сүреді.
– Қазіргі кезде балаға зар болып жүрген отбасы көбейді. Біздің емханада сондай 400-дей адам тіркелген. Мәселен, өткен жылы ерлі-зайыпты 115 азаматты экстро-корпоральді ұрықтандыруға жібердік. Кейбір ер азаматтар өздерінің бедеу екенін білмейді. Үйленген кезде ғана басын тау-тасқа ұрады. Осыған дейін отбасында бала болмаса, бірден әйелге көз алартушы еді. Өйткені, кінәраттың 90 пайызы әйелден болатын. Ал қазір олай емес. Себепті екі жақтан да іздейтін болдық. Медициналық тексеруден өткен соң, екеуінің де бедеу немесе бала сүю қабілетінің төмен екендігіне көз жеткіземіз. Уақытты уысынан шығармай жатып, дер кезінде қаралса жақсы. Әбден асқындырып алған кезде көмек сұрап келетіндер бар. Ал республика көлемінде ерлердің 30 пайызы бедеу екен. Бізге келетін еркектердің дені белсіздік, бедеулік, простатит, аденома, гипогонадизм ауруына шалдыққан. Гипогонадизм дегеніміз – ерлердің 40-50 жастан кейін гормондары азаяды. Сол кезде олар тез толып кетеді, тез шаршайды және терлегіш келеді. Сонымен қатар, еркектердің тестостерондарын тексеріп тұру керек. Ерлердің ағзасындағы осы тестостерон азайса, тез қартаюына себеп болады. Дер кезінде емделмесе, өмірі қысқарады, – дейді М. Жанәділов.

Ауруды жасырмаған абзал

IMG-20160222-WA0003Қазір жас отбасылардың арасында ажырасу жағдайлары жиі кездеседі. Мамандар мұны ақпараттандырудың аздығымен түсіндіреді. Мәселен, Мырзахмет Шайзиндаұлының айтуынша, некеге тұрмай жатып, медициналық тексеруден өткен жөн. Оның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусының (ВИЧ), жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың бар-жоқтығын анықтап алу қажет. Қазір Ресейде шаңырақ құратын жұптар дәрігер тексеруінен өтуге міндетті. Қазақстанда жастар арасында жыныстық сауаттылық аз. Мамандар мектеп пен отбасында осыған қатысты тиісті әңгімелердің жүргізілмейтінін айтады.
– Қазір ер балалар арасында жыныс мүшесінің дамымай қалу жағдайлары көп. Олардың бірін есепке алып, емдесек, енді біріне шұғыл түрде ота жасаймыз. Мәселен, қазіргі кезде аналар дайын жаялықтарды (подгузниктер) көптеп пайдаланатын болған. Тіпті, кейбірі сәбилеріне тәулік бойы кигізіп қояды. Бұл дегеніңіз ер баланың жыныс мүшесіне айтарлықтай зиянын тигізеді. Ұялы байланыс телефоны мен тар іш-киімнің де әсері бар. Ер азаматтардың денсаулығына келтірілетін тағы бір қатер бар. Қазір жанар-жағар май құю бекеттерінде жұмыс істейтін ер азаматтар көп. Бензиннің құрамында қорғасын болғандықтан, ол еркектің денсаулығына кері әсер етеді. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде мұндай жерде тек әйелдер ғана жұмыс істеп, ерлерге рұқсат етілмейтін. Өйткені, әйелдердің бойындағы қорғасын несеп арқылы шықса, ал ерлерде керісінше. Қорғасын олардың жыныс мүшесінде қалып қояды да, бойына тез тарап кетеді, – дейді Ж. Жанәділов.

Аурудың алдын алу жолы – скриннинг

«Нұрсәт» шағынауданындағы №3 емхананың урологы Данияр Қалдыбеков күн сайын әртүрлі диагнозбен келген науқастарды қабылдайды. Оның айтуынша, көмек сұрап келгендердің арасында жастардың қатары басым. Олар қуық асты безінің қабынуы мен түрлі жұқпалы аурулардан кейінгі асқынулармен келеді. Әсіресе, жаңадан отау құрған жұптарда бұл мәселе өзекті. Өйткені, үйленер алдында бойында ауруының бар екенін білмеген немесе мән бермеген жігіт дертін әйеліне жұқтырады. Ал мұнан соң әйелі бала көтергенімен, ұрық жатырда дамымай қатып қалады. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталана бергендіктен, әйелдің ағзасы осыған үйреніп, жатырда бала пайда болу мүмкіндігі азаяды.
– Бізге зәр шығару жүйесінің қабынуымен келетін науқастар көп. Гонореямен ауырғандар да жиі көмек сұрайды. Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қазір 14-15 жастағы ер балалардың үрпісінен жағынды (мазок) аламыз. Егер ауру табылып жатса, науқасты облыстық тері-венерологиялық диспансеріне жібереміз. Сөйтіп, оны 3 жылға диспансерлік есепке алады. Сонымен қатар, созылмалы простатит, бедеулік, простата қатерлі ісігі, қуық безінің қатерлі ісігі, зәр шығару жолдарында тастың болуы секілді аурумен келетіндер көбейіп барады. Күнделікті 30 адам қабылдасам, соның 12-сі ер кісілер. Айта кетерлігі 40 жастан асқан азаматтар ПСА, яғни онкологиялық ауруға қарсы талдама тапсыруы тиіс. Оны көбі ескере бермейді, – дейді Д. Қалдыбеков.

Бедеулiктiң себебi неде?

Еліміздің бас урологы М. Алшынбаев ер адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынын, халқымыздың бойында ұяңдық басым және еркектің психологиясын өзгерту керектігін айтқан-ды. Демек, қандай тағам тұтынамыз, қандай киім киеміз, кімдермен қарым-қатынас жасаймыз деген
мәселелерге аса мән берген жөн. Жасыратыны жоқ, ер азаматтардың дені сыраға құштар. Ал оның құрамындағы құлмақ (хмель) ерлердің ағзасындағы еркектік гормонның мөлшерін төмендетіп, соның салдарынан қарны үлкейіп, кеудесі өсе бастайды. Яғни, әйелге ұқсау белгілері пайда болады. Қарын шықты дегеннен-ақ, азаматтың еркектік қабілеті төмендей бастайды. Еркек өзін саумын деп есептегісі келсе, мына көрсеткіштерге жіті назар аударғаны жөн. Мықыны мен қарнының ұзындығы 94 сантиметрден аспауы тиіс.
– Әлі де отбасында бала болмаса, оған әйел кінәлі деген пайымнан арыла алмай келеміз. Менің тәжірибемде мынадай жағдай болған. Қабылдауыма келген пациент үшінші әйел алса да, оның бала тумай отырғанын айтып шағымданды. Оны тексере келе, бар кінә жігіттен екені анықталды. Оның ұрығы жоқ болып шықты. Сол үшін жастар үйленер алдын ұрығының сапасын тексертуі керек. Мәселен, еврей халқы отбасын құруды жоспарлайды. Олар жарты жыл бұрын ішімдіктен бас тартып, тек ағарған ішеді. Содан кейін ғана үйленіп, бала сүйеді. Біздің ер азаматтар да, әйелдер де ең алдымен денсаулығына мән берсе екен, – дейді Данияр Қалдыбеков.
Қорыта айтқанда, өзіміздің аға-інілеріміздің әлі де дәрігерге қаралуға, ішкі мәселелерін айтуға жасқанатынын және дер кезінде денсаулығына көңіл бөлуге асықпайтынын аңғаруға болады. Бұл ретте дәрігерлер оларды көбірек ақпараттандыру үшін түсіндіру және насихат жұмыстарына бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлмек.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Әлия мен Мәншүк Бiр әулеттен – 30 ұстаз »