Ерлiк ешқашан ұмытылмайды

Пятница, 06 Май 2016 11:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4891 раз

Ұлы Отан соғысы басталғанда Қаратай Төлебековтің жасы небәрі 19-да болды. Бәйдібек ауданынан өзімен бірге 30 жігіт соғысқа аттанған еді. Олар Мәскеу түбіне жеткізіліп, сонда 2 ай бойы әскери дайындықтан өтті. Сарбаздар окоп қазды, граната лақтыру мен алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді үйренді. Ал соғыс басталған шақта майдан шебінде шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Өмірдің осындай қиын да жауапты сәттері Қаратай Төлебековты шыңдады. Сондықтан да болар, соғыстан кейін түрлі жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқара білді. Ол ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етті.

HUmV-fsu5HwҚаратай ақсақал соғыс туралы көп айта беруді ұнатпайды. Әңгімелесе де, қысқа әрі нақты етіп баяндайды. Соғыстың зардабын ардагерлердің бірі де әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан, ескі жараның аузын тырнап, еске түсіре беруді жөн көрмейтін шығар. Бірақ, бізге соғыс кезіндегі бір жағдайдың әлі күнге дейін жадынан өшпегенін және бүгінге дейін көз алдында екенін айтады. Сталинград қоршауын бұзып шығу үшін 1943 жылы екінші Прибалтика майданын ашуға тура келгені аян. Бұл – жау әскерінің шебін екіге жарған еді. Қ.Төлебеков жедел әрекет ететін топқа командир болды. Батальонның мақсаты – қоршауда қалған 600 сарбазды қуып шығу.
– Біз Мәскеудің түбінде едік. Жаудың 80 сарбазы біз жаққа қарай өтіп кеткен екен, соларды тықсыру үшін командир маған тапсырма берді. Ашық алаңның ыңғайлы жеріне барып, жауды күтіп жаттық. Бір кезде мидай далада 7 неміс жүр. Қаруымыз– тапанша. Сарбаздарға «Атыңдар!» деп бұйрық бердім. Жау ашық далада ешкім болмайды деп ойлағандықтан, алғашында абдырап қалды. Атыс-шабыс басталып кетті. Бір сәтте қасымдағы сарбаздың жанұшыра құлап бара жатқанын көрдім. Басына оқ тиіп, көз алдымда мерт болды, – деп есіне алады ардагер.
Осы шайқастағы батылдығы үшін ардагер «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Ардагердің соғыстағы ерлігін дәлелдейтін ордендер мен медальдары көп.
Қ.Төлебеков соғыстан соң Латвияның Рига қаласына жіберіліп, сондағы әскери-техникалық училищеге комсорг болды. Елге тек 5 жылдан соң ғана оралды. Үйленді. Қаратай қария биыл 93-ке толды. Осы уақытқа дейін тың, жүрісі ширақ. Мұнысын ол әрдайым дене жаттығуларын жасаумен айналысып, алкогольді ішімдік ішпейтінін және темекі шекпейтінімен байланыстырады. Қымбат әжемен отандасқандарына биыл 65 жыл болыпты. Екі қыз бен екі ұлдан 10 немере және 12 шөбере сүйіп отыр. Өткен жылы Жеңістің 70 жылдығы мерекесінде Мәскеу қаласында өткен шеруге қатысып қайтты. 9 мамыр мейрамы жақындаған сәтте ардагер мектеп және жоғары оқу орындарына арнайы қонақ ретінде шақырылып, жастарға өнегелі де өсиетті әңгімелерін айтады. Өйткені, Отан үшін отқа түскендердің ерлігі ұмытылмауы тиіс.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.