Қауіптің алдын алу – ауырмаудың тиімді жолы

Пятница, 10 Июнь 2016 05:51 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8535 раз

Бүгінгі таңда есту қабілетін жоғалту мүгедектіктің кең тараған түріне айналып барады. Әлемдік статистикаға сүйенер болсақ, дүниежүзінде 275 миллион адамның құлақ мүкістігі бар. Ал бұл дерт соңғы жылдары жас балалар арасында да көптеп белең алып барады. Облыс аумағында құлағы нашар еститін және мүлдем есту қабілетінен айырылған 500-ден астам бала ресми түрде тіркелген екен. Олар үшін анасының дауысын естіп, толыққанды сөйлеу арман. Жас балалардың мұндай дертке шалдығуына не себеп? Осы мәселе төңірегінде ОҚО штаттан тыс бас балалар сурдологы Марат Бутумбаевпен сұхбаттасқан едік.

20160526 155311– Марат Садықұлы, жас балалардың құлақ мүкісімен туылуына не себеп?

– Нашар есту немесе мүлдем керең болып туылудың себептері өте көп. Солардың бірі – туылған сәтте түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мәселен, босанған әйелдің гемоглобины төмен болса, сәби оттегімен нашар қамтамасыз етіледі. Шала туылған сәбилерде де жиі кездеседі. Сондай-ақ, қызылша, қызамық аурулары баланың есту қабілетіне қатты әсер етеді. Сондықтан, екіқабат әйел осы ауруларға шалдыққан кезде, дәрігерлер түсік жасатуға кеңес береді. Осыған орай, нәресте дүниеге келген сәттен бастап, тиісті екпелерді дер кезінде алған жөн. Әйел жүктілігінің алғашқы үш айында тұмаумен ауырса, қатты суықтаса да шаранаға кері әсер етеді. Бұл уақытта эмбрионның орталық жүйке жүйесі дамиды. Босану кезінде де оған зақым келсе, бала керең болып қалуы мүмкін. Есту жасушаларының жойылып, орталық жүйке жүйесіне әсер етуі үшін 2 минуттың өзі-ақ жеткілікті. Бұдан бөлек, менингит ауруының да кері әсері мол. Соңғы кезде суықтап ауырған аяғы ауыр әйелдерді антибиотиктермен емдемейді. Соның ішінде ең қауіптісі де, баланың есту қабілетіне зақым келтіретіні де – гентамицин. Мұндайда түсік жасатудан басқа амал жоқ. Бірақ соңғы кезде ғалымдар гентамициннің барлық жүкті әйелдерге кері әсерін тигізбейтінін айтады. Мысалы, гентамицин қабылдаған 100 әйелдің біреуінде ғана құлағы естімейтін сәби туылуы мүмкін. Ғалымдар оны кейбір адамдардың гені ауруды тез қабылдайды деп дәлелдеп отыр. Сондықтан да болар, жүкті әйелге бір рет қана жасалған иньекциядан өмірге әкелген нәрестесінің керең болуы да осыдан. Бірақ бұл сирек жағдай. Сондықтан, жүкті әйелдер қандай да бір дәрі-дәрмекті пайдаланбас бұрын сақ болғаны абзал.
Менің тәжірибем бойынша, көптеген жағдайда құлақ мүкістігі жүре пайда болады. Емханаға ата-аналар 8-10 жастағы балаларды әкеліп, «қанша емдетсек те, нәтижесі жоқ» деп шағымданады. Тексере келе, балаларының бір құлағының мүлдем естімейтінін анықтаймыз. Науқас балаларға басқа тубоотит, қабыну секілді диагноз қойып емдеген. Мұны мен техникалық қателік дер едім. Сондықтан да, ата-аналарға айтарым – балаңыздың денсаулығына немқұрайлы қарамаңыздар. Өйткені, құлақ дыбыс естімесе – сөйлеу қабілеті де тежеледі.

– Болашақта балалардың жақсы естуі үшін ертерек анықтап, оны емдеген жөн. Ал мүлдем есту қабілетінен айырылған болса, оны оңалтып, өмірге бейімдеу керек екені белгілі. Осы ретте туа сала сәбидің есту қабілетін анықтауға болады ма?

– Облысымызда медицина саласына қатысты «Жол картасы» дайындалды. Оның мақсаты – құлақ мүкістігін мейлінше анықтап, ондай балаларды оңалту. Осының аясында облысымыздағы барлық перзентханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер жаңадан туған сәбидің есту қабілетін тексеретін фотоакустикалық аппаратпен қамтылуы тиіс еді. Яғни, скриннингтік тексеруді бастап кеттік. Қазір барлық босану бөлімшелері осы аппаратпен қамтылған. Ол 100 пайыз нәтиже көрсетпейді, дегенмен ауруды ертерек анықтауға септігі мол. Аппаратпен тек арнайы оқытылған медбике ғана тексере алады. Ол тетікті (датчикті) нәрестенің құлағына ендірген кезде, 10 секундтың ішінде 200 сигнал береді. Егер шақалақ еститін болса, онда оның құлағы құрылғыға қимыл арқылы белгі береді. Ең бастысы, сәби тексеру кезінде тыныш жатуы керек. Фотоакустикалық аппаратпен тексерген кезде медбике баланың құлағы әлсіз әсер бергені туралы анықтама жазған кезде де, байбалам салудың қажеті жоқ. Өткен жылы бізге бір топ ата-ана келіп, «балаларымыз естімейтін болды» деп сары уайымға салынды. Оларға бұл аппараттың толық нәтиже бермейтінін түсіндірдік. Балаларын тексерген кезде ойыншықтың дыбысына бас бұрып қарап, «уілдеп сөйлесе» есту қабілетінде зақым жоқ деген сөз. Бұл ретте перзентханада медбике тексеру кезінде қателескен. Айта кетейін, мәселен, перзентханада 1000 баланың 10-ы тексеруден өтпей қалуы мүмкін. Оларды тұрғылықты мекен-жайы бойынша дәрігер қайта тексеріп, тағы екеуінен күдіктенуі мүмкін. Бұл кезде бізге, яғни, облыстық балалар емханасына жіберіледі. Осылайша, жіті тексерудің нәтижесінде диагноз қоямыз. Өкінішке қарай, облысымызда жылына 2-3 нәрестеге құлақ мүкістігі диагнозы қойылады.

20160526 155224

– Балалардың тынымсыз болуы қалыпты жағдай. Құлап, жарақат алған кезде, оның есту қабілетіне қаншалықты кері әсері бар?

– Жарақат алғаннан құлақ естімей қалады деп айта алмаймын. Ал егер қатты соққы алса және дыбысқа жауапты жүйке зақымданса, онда баланың керең болып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, қатты дыбыстың да кері әсері бар. Мәселен, көптеген балалар, әсіресе жаңа жыл мерекесі қарсаңында қытайлық жарылғыш заттармен ойнағанды жақсы көреді. Оның жарылған кездегі дыбысы кереңдікке соқтыруы мүмкін. Сондықтан, абай болған жөн.

– Есту қабілетін отаның көмегімен қайтаруға болады ма? Балаға отаның қай кезде жасалғаны дұрыс?

– Балаға есту қабілетін қайтару үшін бірден ота жасамаймыз. Оны жарты жыл бойы дәрігерлік бақылауға аламыз. Сонымен қатар, онымен логопед жұмыс істейді. Бес жасқа дейін баланың бас миының есту қабілетіне жауап беретін қыртысы жабылады. Сол уақытқа дейін баланы тексеруден өткізіп, дұрыс диагноз қойып, ота жасау қажет. Осы кезде бүлдіршіннің құлағы естиді деп айта аламын. Менің тәжірибемде Сарыағаш ауданынан 14 жасқа толған баланы тексеруге әкелді. Соңғы рет ол маған 9 жыл бұрын келген екен. Одан соң ат ізін салмаған. Бұл – ата-ананың үлкен қателігі. Баласын құлағы нашар еститіндерге арналған интернатқа жіберіп, есейген сәтінде ем іздеп жүр. Тағы бір көңіл көншітпейтін жағдай болды. Ордабасы ауданынан бір ата-ана екі жастағы баласын алып келді. Оған созылмалы отит диагнозын қойып, шұғыл түрде ота жасадық. Оның құлақ құрылысы толығымен зақымданған. Мұндай жағдайды өзім алғаш рет көріп, таңқалған едім. Яғни, отаны кез келген жаста жасауға болады, ал есту қабілетін қайтару үшін 2-3 жас аралығында қамданған жөн.

– Соңғы кезде балаларға кохлеарлы имплант қою отасы жасалуда. Облысымызда неше балаға имплант қойылған?

– Дыбысты күшейтетін аппарат көмектеспеген жағдайда, кохлеарлы имплант қойылады. Ол Алматы қаласындағы Ақсай республикалық клиникалық ауруханасында жасалынады. Бұл ретте бала түбегейлі тексеруден өтеді. Ең бастысы – дыбыс жүйкесі сақталуы тиіс. Құны – 8 миллион теңге тұратын отаның бұл түрі тегін жасалынады. Өңірімізде 122 бүлдіршінге кохлеарлы имплант қою отасы жасалынды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ота жасалуы тиіс деген балалардың барлығына имплант қойылған. Қазір уақытша тоқтап тұр. Ота жасау үшін миллиондаған ақша жұмсалғанымен, нәтиже жоқ. Өйткені, ата-аналардың жауапсыздықпен қарауы қынжылтады. Имплант қойып, нәтижеге қол жеткізгісі келген ата-ана баламен күнделікті жұмыс істеуі, жаттығуы қажет. Имплант қойылған балалардың қаншалықты естіп, сөйлейтінін тексермек болған кезде, кейбірінің имплант тақпайтынын анықтадық. Онда отаның осы түріне қыр-уар ақша жұмсап, шығындалудың қажеті қанша? Алайда, нәтижеге қол жеткізгендер жоқ емес. Мәселен, құлағы мүлдем естімейтін қызға имплант қойылып, ол дыбыстарды естіп, сөйлеп кетті.

– Құлақ мүкістігінің неше дәрежесі болады? Тарқатып айтып берсеңіз.

– Есту қабілетінің төмендеуінің 4 дәрежесі бар. Бірінші дәрежеге жүйкенің қабынуы жатады. Бұл кезде невропатолог пен сурдолог бірлесе ем-домын жасайды. Ақауы бар бала жалпы білім беретін мектепте оқи алады. Тек бірінші қатардағы алдыңғы партада отыруы тиіс. Баланың ата-анасы бұл жайлы мұғалімге алдын ала ескерту керек. Екінші дәрежеде бүлдіршін кейбір дыбыстарды дұрыс естімейді. Бұл жағдайда логопедтің көмегі қажет. Бала жәй мектепте оқи алады, бірақ құлағына арнайы аппарат тағады. Құлақ мүкістігінің үшінші дәрежесінде жеке тәсіл қолданылады. Бұл кезде де бала жалпы орта мектепте білім ала алады, бірақ екі құлағына да дыбыс күшейткіш аппаратты тағуы тиіс. Бұл жағдайда да алдыңғы орында отыруы және мұғалімнің бала денсаулығы жөнінен хабардар болғаны абзал. Сондай-ақ, Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орналасқан нашар еститін
балаларға арналған мектеп-интернатта білім алады. Ол жерде тек облысымыздың ғана емес, сонымен қатар, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген балалар тәрбиеленеді. Онда қазір шамамен 250-ден астам бала бар. Ал, аурудың төртінші дәрежесінде бүлдіршіннің құлағы мүлдем естімейді. Бұл – мүгедектік деген сөз. Мұндай диагноз қойылған балалар №1 және №2 саңырау балаларға арналған мектеп интернатта тәрбиеленеді. Интернат балаларды 3-4 жастан қабылдайды.

– Құлақты құлықтан қалай тазалаған дұрыс? Арнайы таяқшалардың пайдасы бар ма?

– Құлықты таяқшамен тазалауға мүлдем болмайды. Керісінше, құлықты құлақтың ішіне қарай одан сайын жылжып, жарғаққа зақым келеді. Менің пациенттерімнің бірі құлықты жарғаққа қарай итеріп, құлағы естімей қалған. Үй жағдайында құлақ тазалауға болмайды. Мүмкіндігінше, лор-дәрігердің тазалағаны дұрыс.

– Қазір облысымызда неше лор дәрігер бар? Сурдолог маман жеткілікті ме? Аудандардағы жағдай қандай?

– Қазір өңірімізде 129 лор дәрігер бар. Бұрын небәрі 80-ге жуық болатын. Облысымызда сурдологтар жетіспейді. Статистика бойынша, 50 мың балаға 1 сурдолг болуы тиіс. Ал 100 мың ересек азаматтарға 1 сурдологтан келеді. Әр ауданда коррекциялық кабинет болуы тиіс. Біз дәрігерлер ауруды емдегенше, оны алдын алған жөн деп кеңес беруден шаршаған емеспіз. Мәселен, әйелдер бойына бала біткен сәттен бастап, темекі шегу, спиртті ішімдік ішу, денсаулығына немқұрайлы қарау секілді әдеттерден өзін тыйса және туыстық некенің де сәбидің мүгедек болып туылуына, соның ішінде құлағы естімей қалу қаупі барын ұмытпаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.