Базардағы баға қандай?

Пятница, 29 Июль 2016 07:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 16116 раз

Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтындар аз емес. Ай сайын алатын жалақымыз қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгелдеуге кірісеміз. Қазақстандық сарапшылардың есептеуінше, азық-түлікке айлықтың 60 пайыздан астамы жұмсалады екен. Ал жыл сайын азық-түлік бағасының өсуін ескерсек, бұл соманың көлемі артқан сияқты. ОҚО статистика департаменті мамандары берген мәлімет бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта азық-түлік тауарларының бағасы 4,5 пайызға өскен. Ал өткен жылдың бірінші жартыжылдығында баға өсімі 0,7 пайызды құраған.

ЕТ БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

DSC 2942

Тұрғындардың баcым бөлігі азық-түлік алу үшін базарға келеді. Өйткені, мұнда ас мәзіріне қажеттінің бәрін таңдап алуға мүмкіндік көп. Әрі саудаласып, жоспарлағаныңыздан да көбірек себетіңізді толтырып шығасыз. Табысы орта халық ең алдымен аса қажеттісін сатып алады. Оның ішінде ұн, макарон өнімдері, май, сары май, қант, жарма өнімдері, картоп пен ет бар. Ал қалғанын отбасылық бюджеттің ырқына қарай жоспарлайсыз. Шымкенттегі базарларды аралап шығар болсаңыз, баға жағынан әжептеуір айырмашылықты байқайсыз. Халық арасында «қымбат базар, арзан базар» деп айтылуы тегін емес. Сол арзан сауда орындарының бірі – «Қырғы базар».

Онда тек қалалықтар ғана емес, сонымен қатар, жақын маңдағы елдімекендерден да халық көптеп келіп, азық-түлігі мен қажетті заттарын қарыштайды.
Мәселен, басқа етке қарағанда арзан әрі көпшіліктің сұранысына ие сиыр етінің бір келісі – 1200 теңге. Жылқы еті – 1400-1700 теңге болса, қой еті – 1050-1150 теңге аралығында. Ал тартылғын еттің бір келісі – 950-1000 теңге. Тауық еті – 700 теңге. Базар зертханасының басшысы Перизат Заманханның айтуынша, ет бағасы тұрақты және әкелінген еттің барлығы да күн сайын зертханалық тексеруден өтеді.
– Бізде етке деген талап қатаң. Қазір елімізде еттен «сібір жарасы» шығып жатқандықтан, оны барлық микроскопиялық тексеруден өткізіп, сатушыға тиісті анықтамасын береміз. Әзірге ауру малдың еті анықталған жоқ. Ет көп ретте Сайрам, Ордабасы және Бәйдібек аудандарындағы шаруа қожалықтарынан әкелінеді. Базарға күніне 5 бас сиыр еті, 30-40 бас қой еті, 5-6 бас жылқы еті әкелінеді, – дейді зертхана басшысы.

ЖЕРГIЛIКТI ДИҚАНДАРДЫҢ ӨНIМI ДӘМДI ӘРI АРЗАН

DSC 3016

Жаз мезгілінде қызанақ пен қиярға деген сұраныс артады. Оған қоса әрбір үйде осы уақытта қысқы маусымға әзірлік басталады. Қызанақтан түрлі салаттар қайнату және қиярды маринадтау секілді жұмыстардың қызатын сәті. Бірақ баға жағы көңіл көншітпейді. Өйткені, қызанақты сатушылар 60 теңгеден бастап, 130 теңгеге дейін саудалап тұр. Олардың арасында жергілікті диқандардың өнімі мен көрші Өзбекстаннан әкелінген қызанақтарды таңдап жүріп аласыз. Бұл жерде бағасы өнімнің сапасына қарай да қойылған. Мәселен, етті әрі таза піскен қызанақ 130 теңгеден сатылуда. Қалтаңызға қарай көсіле беріңіз. Ал болгар бұрышын 50-60 теңгеге, баялдының бір келісін 40-70 теңгеден алуға болады. Сәбіз 80, ал қырыққабат – 150 теңгеден сатылып жатыр. Картоптың майдасы – 65-80 теңге болса, ірілері 110 теңге. Сатып алушылардың біразымен сөйлесіп көріп едік, былтырғыға қарағанда бағада айырмашылық барын айтады. Жаз мезгілінің аяқталуына бір ай қалса да, әлі де көкөністер мен жеміс-жидектердің бағасы қалтаға салмақ салады.
Жеміс-жидектердің де бағасы әртүрлі. Әкелінетін аймаққа байланысты. Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдан жеткізілетіндері әжептеуір қымбат. Базар сатушысы Айгүл Ешанқұлова жүзімнің бір келісін 200-350 теңгеден сатуда. Оның айтуынша, биыл жүзім бағасы арзандамаған. Өткен жылы осы уақытта жүзімнің бір келісін 150-250 теңгеден саудалаған екен.

ЖАРМА ӨНIМДЕРI ҚЫМБАТТАҒАН

DSC 3030

Осылайша, базар нарқында бағаның өткен жылға қарағанда аздап өскенін байқауға болады. Облыстық статистика департаментінің баға статистикасы басқармасының бас маманы Айнұр Қадырбекова жыл басынан бері азық-түлік бағасының 4,5 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Соның ішінде жарма өнімдері 22,8 пайызға өскен. Әсіресе, қарақұмық – 41,9 пайызға көтерілген. Айта кетейік, базарда оның бір келісі – 550 теңгеден сатылуда. Сұлы жармасы – 7,4 пайызға, ал арпа жармасы 5,8 пайызға қымбаттаған. Сұлы жармасының нарықтағы бағасы – 250 теңге. Нан бағасы да 18,1 пайызға көтерілген. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған, яғни әлеуметтік нан – 19,1 пайызға, қара бидай наны – 19,9 қымбаттаса, жоғары сұрыптан пісірілген нан 14,2 пайызға қымбаттап отыр. Бұршақ бағасы болса 28,6 пайызға көтерілген. Керісінше, күріш – 1,7 пайызға төмендепті. Базарда күріш сұрыпына қарай, 250-350 теңге аралығында бағалануда. Сондай-ақ, картоп 20,8, ал шай 13,8 пайызға өскен. Жаңа піскен көкөністер 15,8 пайызға, жұмыртқа – 11,5 пайызға қымбаттапты. Ал қант пен құмшекер бағасының өсімі облыс бойынша 16,4 пайызды құрады.

ОҢТҮСТIКТЕ ҚАНТ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Ел ішінде «қант пен құмшекердің бағасы қымбаттайды екен» деген қауесет айтылуда. Оған қоса, тосап пен компот жабу науқаны басталған кезде қант бағасының қымбаттауы үйреншікті жағдайға айналған. Ал соңғы екі-үш апта көлемінде елімізде қант тапшылығы едәуір байқалғанымен, Оңтүстік халқы оны сезіне қойған жоқ. «Біз әрдайым бағаларға мониторинг жасап, қадағалаймыз, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Таштанов. – Облысымызға көтерме бағамен қант жеткізетін саудагерлердің әрекеті бақылауға алынған. Мамандарымыз облыс көлемінде сатылып жатқан қант бағасының қаншалықты негізді екенін зерттеуде. Ірі кәсіпкерлер «Ортаазиялық қант корпорациясы» ЖШС-нен қанттың келісін 245 теңгеден сатып алса, базарда оның бағасы – 260 теңгеден саудаланып жатыр. Ал супермаркеттердегі бағасы – 290 теңге. Жалпы, оңтүстікте қант тапшылығы жоқ».
Зерделеп қарайтын болсақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Оған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Бір ғана 2016 жыл мен 2015 жылдың маусым айларын салыстырар болсақ, азық-түлік бағасы 14,4 пайызға қымбаттап отыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.