Жанға жайлы, табиғаты көркем – Оңтүстiк

Пятница, 29 Июль 2016 09:29 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 14988 раз

Жазғы демалысты қайда өткiзiп жүрсiз?

Біздің өңірдің жазы ерекше ыстық. Әсіресе, шілденің ми қайнатар ыстығында тек таулы және сулы аймақтағы демалысты аңсайсың. Ал жұмысты ешкімге қалдырып кете алмайсың...
Бірақ, шымкенттіктер жылына бір келетін еңбек демалысын күтіп отырмайды. Әр аптаның сенбі-жексенбісінде-ақ Дубай сапарынан әлдеқайда тиімді әрі керемет күш-қуат сыйлайтын аймақтарға тартып отырады. «Қайда барамын?» деп бас қатырудың өзі орынсыз. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысында жанға жайлы, көрікті демалыс орындары жетіп артылады.

«АЛМА-ТАУҒА» БАРДЫҢ БА, КЕРЕМЕТIН КӨРДIҢ БЕ?

f dsc09528 20112809190544

Табиғат аясында тынығып, ой сергітіп қайтуға Шымкент қаласынан 40 минуттық жерде орналасқан «Алма-тау» таулы-курорты ыңғайлы. Небәрі 40 минут жол жүрген соң қаланың шуынан алыстап, таудың саф ауасын кеудеңізді толтыра жұтуға мүмкіндік аласыз. Күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырады. Асқар тау арманға жетелесе, жасыл аймақ шалқар шабыт сыйлайды.
«Алма-тау» таулы-курортында екі адамға арналған қонақүйден бастап үлкен ұжымдарға қызмет көрсететін VIP кешендер, күнделікті бар, мейрамхана, хауыз, моншалар жұмыс істейді.
Мерекелік және кәсіптік іс-шараларды ұйымдастыруда тәжірибесі мол демалыс орнына демалысты қалай өткізгісі келетінін айтса оны жүзеге асыру құнын бірден анықтап береді. Қызықты көңіл көтеру. Ойын-сауық пен тыныш табиғатты бағалайтын демалушылар үшін таптырмас орын осы «Алма-тау»-да. Мұнда «Алатау» шаңғы базасы да бар. Егер жолдың жақындығы мен таулы аймақта орналасқаны көңіліңізден шықса, жыл он екі ай осы өңірге тартып отырыңыз.
Тау шаңғы базасы Батыс Тянь-Шань тауының етегіндегі Тоғыс өзенінің бойында, Шымкент қаласынан 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Көркем жазықтықта 2003 жылдан бері демалушыларға қызмет етіп келеді. Қыстың күндері тау шаңғысымен айналысатын әуесқой спортшылар әр аптаның демалыс күндерін осы базада өткізеді. Мұнда шаңғы, сноуборд, мотошаналар, квадроциклдерді жалға алуға және де кәсіби нұсқаушы көмегін пайдалануға болады.
Биіктігі 20 м, ұзындығы 165 м болатын аспалы көпір бар. Ол жерден әсем табиғатты, нулы тоғайдың көрінісін тамашалауға болады.
Сауықтыру орталығы да бар. Заманауи, ыңғайлы қонақ бөлмелер мен еуропалық класты коттедждерді жалға алу құнына таңғы ас та біріктірілген. Айтпақшы, «Алма-тау» таулы-курортында демалыс немесе сауықтыру кезеңін өткізуден бөлек, айтулы мейрамдарда ұжымдық кештер өткізуге тапсырыс қабылданады. Тіпті, құдалық өткізсеңіз де курорт әкімшілігі «жоқ» демейді.

«КОТТЕДЖДI ҚАЛАШЫҚ»

aqshatyr-1

Бас ғимарат, жартылайлюкс, люкс, VIP... Иә, мұның бәрі 26 түрлі типтегі бөлмелерден тұратын «Тау самалындағы» «Коттеджді қалашықта». Интерьері мен дизайны бес жұлдызды қонақүйден кем түспейді. Мұнда да демалысты өзіңіз қалаған жандармен бірге әртүрлі бағытта ұйымдастыру мүмкін. Ерекшелігі сол, «Тау самалында» хауызды комплекс заманауи су жылыту, киім ауыстыратын бөлмелермен, тамаша субұрқақ, таза дәретхана, көлеңкелі шезлонгтармен жабдықталған. Отын арқылы жылитын Орыс моншасында қыздырынуға үлкен мүмкіндік бар. Ал хауыз, моншадан балқып шыққанда жантая кететін тапшандар да жеткілікті. Достарыңызбен оқшауланып бильярд ойнаңыз. Комплекс аумағында іскерлік кездесулер мен келіссөздер жүргізу үшін конферец зал қызметін пайдаланыңыз.

«ECO VILLAGE KASKASU» ТУРАЛЫ ЕСТIГЕН БЕ ЕДIҢIЗ?

Қаладан тыс жердегі тыныш әрі жайлы демалатын әдемі орынның бірі Қасқасудағы «Eco Village Kaskasu» демалыс орны.

qasqasu

Ыңғайлы және пайдалы ағаш үйлердегі демалыс жанды ғана емес, тәніңізді де сергітеді. Демалыс үйлерінің құрылысына жұмсалған шайыр ағашы тыныс алу жолдарының ауруына ем және суықты жойып, бактерияға қарсы күресетін қасиеттері бар. Ағаш қабырғадан өткен ауа тазартады. Ылғалды ауа райында, артық ылғалды бойына сіңіріп, тиісті мөлшерде құрғақтық береді. Ағаш үй жазда салқын, қыста ыстық, тез қызады және мінсіз жылу өткізеді.
Демалыс аймағында адамзат пен жануарларды байланыстыратын хайуанаттар бағы бар. Ешқандай қоршаусыз, кең далада табиғатпен сырласудың не екенін осы бақты аралағанда түсінесіз. Өйткені, мұнда жылқы, бұғы, тауыс, сәндік үйректер, аққулар, көгершіндер, тасбақа және басқа да көптеген жан-жануарды қолмен ұстап және аздап тамақтандыруға болады.
Қасқасудың тағы бір ерекшелігі – экстремальды спорт түрлерінде өз күшін сынап көруге жағдай жасалған.
Түрік хамамы, орыс моншасы, фитобочкалар, бассейн, гидромассажды бассейн қызметін пайдалануға болады. Атпен серуендеу, пониге міну, велосипедпен немесе квадрациклмен қыдыруға жағдай жасалған. Демалушылар бильярд, бадминтон, дартс, үстел теннисі, шахмат, дойбы, нарды, аэрохоккейі, садақ ату сынды ойын түрлерімен көңілді уақыт өткізе алады. Бұдан өзге балық аулау, үңгірлерде экскурсия жасау ермегі бойдағы күш-қуаттың артуына сеп. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңқайлары мен бөлмелері де кішкентай саяхатшыларды риза етіп қайтарады.
Қызмет бабындағы саяхатшыларға кез келген демалыс орындарында спутниктік интернет жүйесі, мәжіліс залдары қызмет көрсетуге дайын.

«GOLDEN BEACH RESORT» НЕМЕСЕ АЛТЫН ЖАҒАЖАЙ!

shardara

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыз толтырып айтуға болатын демалыс орындарының қатарында Шардараны атаса таңғалмаңыз. 1966 жылы Сырдария өзенінде орналасқан су қоймасы бүгінде аңыз болған демалыс орнына айналды. Әсіресе, шекара асып, шетелге долларын шашып қайтатын қандастардың «құлағына алтын сырға». «Мен ең арзан сервисті пайдаландым, келесіде қымбаттауын таңдасам, бұдан жақсы демалып қайтамын» деп басқа елге телміре бергеннен гөрі бір рет Оңтүстікке ат басын бұрып «Golden Beach Resort»-ты көрген артық. Шардараның құмында аунап, балығын аулап, суында шомылып, ойын-сауық құрып қайтқандар бір сапардан кейін-ақ келесі сапарын жоспарлап тамсануда. Мұнда өйткені демалысқа қажеттінің бәрі бар. Шетелдегідей судың жағасына орналасқан көрінісі көздің жауын алатын қонақүйлер, түнгі ойын-сауық, мейрамхана, жағажайда орналасқан жазғы кафе, сауна, бильярд. Ұйқыдан оянғанда терезеден көрінетін Шардара шетсіз, шексіз теңізден бір мысқал да кем емес. Бір ғана айырмашылығы мұның бәрі шетелдегіден әлдеқайда арзан және кедендік құжаттарды алуға алаңдамайсыз. Ең бастысы, сіз отансүйгіш ретінде қаражатыңызды тек өз еліңізде жаратасыз.

ТАЯУДА ҒАНА...

aqshatyr

Оңтүстіктің ойыны да, сауығы да, емі мен шипасы бар, бүкіл кереметті бір жерге шоғырландырған демалыс орындарының қатары арта бермек. Саны артқан сайын сапасы да жақсарып келе жатқан біздің өңірдің тағы бір мақтанышы – таяуда ғана ашылу салтанатын өткізген «Ақ шатыр» демалыс орны. Ел арасында «Оңтүстіктің Швейцариясы» атанған Машаттағы жасыл аймақта да табиғатпен тікелей байланыста болып, жан семірте аласыз. Ән айту, би билеу, түрлі ойын ойнау, суда жүзу, бәрі-бәрі таза аймақта, табиғат аясында орын алады. Бұл жақтың қайталанбас әсер сыйлайтын романтикалық кеші бар.
Спорттық алаңшалар мен 40 автокөлікке арналған автотұрақ «Ақ Шатыр» демалыс аймағының жіті бақылауында.
Оңтүстік өңірінде тамақтың дәмді болатынына күмән жоқ. Тіпті, сол дәмді ас үшін де демалыс орнын таңдағанда біздің облысқа тоқтауға тура келеді. Оңтүстіктегі демалысты ұмыту мүмкін емес. «Тағы да барамын» деген қалауыңызды су сеуіп баса алмайтын күйге түсіп, жыл сайын Шымқалаға қарай ат басын бұратын әдет табасыз. Бұған да сенбей отырсаңыз, келіп көріңіз!
Айтпақшы, әйгілі «Сарыағаш» шипажайы туралы неге мәлімет жоқ?» деп отырған боларсыз. «Ontustik» туристік-ақпараттық орталығы» КММ директоры Г.Ақбердиева бізге берген мәліметінде «Сарыағаш» шипажайында бос орын қалмағанын ескертті.

Последнее изменение Пятница, 29 Июль 2016 10:10
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.