Қала тазалығы – ауладан басталады

Среда, 14 Сентябрь 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5283 раз

Еңбекші ауданында «Таза қала» акциясына 64 көпқабатты үй мен 12 көше қатысуда. Аталған байқау Шымкентте алғаш рет өтіп отырған жоқ. Осы аптада арнайы комиссия алдын ала үміткерлермен танысу үшін Еңбекші ауданының мен көшелерін аралады.

HPIM8210

Ұйымдастырушылар байқауға біраздан бері қатысып жүрген тұрғындардың көршілеріне аула мен қаланы көркейтуге үлес қосуға шақырды.
Осы орайда бір кездері Шымкентте жалғыз гүл дүкені болғаны еске түседі. Әйнек қабырғалы бір қабатты ғимарат сөрелері қауашақтағы тірі гүлдерге толып тұратын. Сол жерден көшет, тұқымдарын сатып алуға болатын. Дүкен орталық саябаққа кіреберісте орналасқан, ешкімге кедергісі жоқ еді. Алайда, кейін бұзылып кетті. Содан бері қала аумағы бес-алты есе кеңейді. Қазір Шымкентте «Садовод» сауда нүктесі бар. Бірақ онда негізінен көкөніс көшеттері, тыңайтқыштары мен тұқымдары ғана сатылады. Қаладағы гүл дүкендерінде тек қымбат шоқ гүлдер саудаланады. Ал тұрғындар гүл тұқымдары мен көшеттерін қайдан алу керектігін білмей қиналады. Жалпы, мұндай дүкендер бізде, Оңтүстікте әр бұрышта болуы тиіс.

Комиссия мүшелері осы жолы Ақсу және Түркістан көшелеріндегі жер үйлердің де жағдайымен танысты. Алғашқы аялдама Ақсу көшесіндегі №53 үй болды.

– Өткен жылы біз бірінші орын алдық. Арнайы комиссия қаланың шағынаудандары, абаттандырылған көшелердің ішінен үздігін анықтау үшін көшелерді бірнеше рет аралап көрді. Осы көктемде біз тағы да үйіміздің алдындағы гүлзарға көптеп гүл отырғыздық. Мұнда астра, георгиния, канна, петушка, хризантема сияқты небір гүлдер жайқалып тұр. Жыл өткен сайын қаламыз көркейіп, жайнап келеді, – дейді көше тұрғыны Ілияс Тойшиев.
Екінші нысан Түркістан көшесіндегі №202 үй болды.

HPIM8217

– Айналамыздың әдемі болғанын бәріміз де қалаймыз. Біз үйіміздің маңына гүлдер егіп қана қоймаймыз, қалаған адамдарға көшеттер таратамыз. Сондықтан көшеміз құлпыра түсуде. Әкімдікке қолдауы үшін алғыс білдіремін. Өткен жылы екінші орын иелендік. Бірақ бұл маңызды емес. Бастысы – айналамыздың таза әрі әдемі болғаны. Көршілерімізде де, бізде де гүл жетерлік. Өйткені біз гүл сұрыптарын бір-бірімізбен алмасамыз. Шаһарымыз жыл өткен сайын жайнап келеді. Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері де тазалық шараларына белсене қатысады, сол үшін де оларға рахмет. Бұл жастар үшін де үлгі. Байқауға қала тұрғындары барынша көбірек қатысса деген тілегім бар. Сол кезде өз үйіміз бұдан бетер өзгеріп сала береді, – дейді №202 үй тұрғыны Зухра Қасымова.
Комиссия мүшелері Сайрамдағы «Базарқақпа» шағынауданының Е.Жүсіпов көшесіне де ат басын тіреді.

– Бұл жерде 35 жылдан бері тұрамыз. Көршілер бір-бірін жақсы таниды, құрметтейді. 15 жыл болды, көше комитетіне жетекшілік жасаймын. Бәріміз тату-тәтті тұрамыз, ай сайын жиын өткіземіз. Мәселелерді бірлесіп шешеміз. Байқауға бірінші рет қатысудамыз, өйткені қалаға қосылғанымызға көп болған жоқ. Әркім өз күшімен үйі маңындағы гүлзарларды күтіп-баптайды. Ешкім көршісінен қалғысы келмейді, сондықтан да көшеге көрік бітеді, – дейді көше комитетінің жетекшісі Райымқұл Мәуленқұлов.

HPIM8178

Осы күні комиссия мүшелері 12-шағынаудандағы көпқабатты №231 үйге барды.

– Бәрін өзіміз егіп, өзіміз өсіреміз. Аула тазалығы үнемі назарымызда. Есесіне тұрғындар кешке саябаққа барғандай демалады, серуендейді, – дейді көпқабатты үй комитетінің жетекшісі Надежда Пьянкова.

Еңбекші ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша «Таза қала» байқауына қатысуға 64 көпқабатты үй мен 12 көше тұрғындары өтініш білдірген.

– Жеке секторда және шағынаудандарда тұрғындар аумақ тазалығымен белсенділікпен айналысады. Осы ретте жастардың, студенттер мен оқушылардың, балалардың атсалысуы бізді қуантты. Мемлекет басшысы

Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші қалаға айналатынын және тұрғындарының саны миллионға жетуі тиіс екенін айтқан еді. Сонымен қатар қала таза, әдемі әрі жасыл болып қалуы керек. Байқау қорытындысы қыркүйек айында қала күні қарсаңында шығады. Үздіктерге сыйлықтар табысталады, – дейді аудан әкімдігі коммуналдық бөлімінің бас маманы Пернебек Айтжанов.

Жыл өткен сайын «Таза қала» акциясына қатысушылар көбейіп келеді. Мысалы, байқауға 2014 жылы 198 өтініш берілсе, 2015 жылы 262 үміткер ниет білдірген.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Қуанышы мол құтты мереке Берекелі шаңырақ »