Еңбекпен еленген отбасы Избранное

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4672 раз

Шымкентте бұл күні оң жетістіктер мен толағай табыстар көп. Мәдениеті, өндірісі, тыныс-тіршілігі күн сайын жаңа арнаға бет бұрған шаһардың демографиялық өсімі де алда келеді. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ұлдана Бекбаудың берген мәліметіне сүйенсек, биыл Шымкентте «Алтын» және «Күміс» алқа иеленген көпбалалы аналардың саны 8960-қа жеткен. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 369-ға артып отыр. Жан-жақты дамуға, өсіп-өркендеуге, көпбалалы ана болу ешбір кедергі келтірмейтінін шымқалалық батыр аналар тағы да дәлелдей түскен. Тіпті, көпбалалы аналардың тізіміне көз жүгірткенімізде қиын кезеңдерді артта қалдырып, балаларының бәріне жақсы тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғандарды байқадық. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Ханшайым Мелдеқожаева.
Алты қыз, екі ұлдың барлығы дерлік жеке кәсібін дөңгелетіп жүр. Ханшайым апаның жеті ұл-қызы Шымкент қаласында еңбек етсе, бір қызы – Гүлсім Сейдалықызы Астана қаласында спорттық гимнастиканың биік шыңдарын бағындыру жолында тер төгіп келеді. Біз «Алтын алқалы» батыр анамен жақынырақ танысып, сыр тартып көрдік.

20160922 111531

– Ханшайым апа, ата-ана үшін әр перзентін құтты орнына қондырудың өзі бақ. Әйтсе де, мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейтіні бар. Өнегелі ұрпақ өсірудің құпиясы бар ма?

– Оның құпиясы – келін болып келген үйіңді, босағаңды, ерің мен ата-енеңді қадір тұтып құрметтеуден басталады. Үлкенді сыйлап, иіліп тұру керек. Жолдасым Сейдалымен 16 жасымда отбасын құрып 50 жылдай өмірдің ыстық-суығын бірге көрдік. Біз үш балалы болғанда атам өмірден озып, отбасының бар ауыртпалығы жолдасыма артылды. Өзінен кейін 9-11 жастағы екі бауырын жетілдірді, оқытты.
Жолдасымның жұмыс талғамайтын еңбекқорлығы, «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін ұстанымы маған да, балаларына да үлгі болды. Адамның адами құндылығын өсіретін – ұстамдылық, құрмет. Ауыртпалықты да, қуанышты да бөлісе білу, бір-біріңе қамқор болу. Отбасы мүшелері қашанда бір-бірін демеп отыруы қажет.

20160922 115405– Байқауымызша, қазір де тыным таппайтын сияқтысыз. Жасыңыз жетпістің бесеуіне келгеніне қарамай жас келіндей ширақ қимылдайды екенсіз.

– 16 жасымда, 7-сыныпты бітірген соң тұрмысқа шыққанмын. Содан бері тынымсыз жұмыс істеу сүйекке сіңді ғой. Қолға алған шаруаны қиындығына қарамай қуанып, әндетіп жүріп тындыруға әдеттенгенмін. Көзге көрінген нәрсеге қарап отыра алмаймыз. Кейде балалар «отырыңыз, өзіміз істейміз» деп жұмыстан алыстатса ренжіп қаламын. Бұрын қоғамдық орындарда да белсенділік танытып жүруші едім. Соңғы кездері ұл-қыздардың үйіне қыдырып, уақытымды немере-шөберелеріме арнаймын. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде Салима Отарбаева қызыма рахмет. Жыл сайын хабар алып, денсаулығымды сұрап, сауықтыру орындарына берілетін жолдаманы еске салып отырады.

– Немерелеріңіз тәп-тәтті екен. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деуші еді ғой?

– 16 немере, 9 шөберем бар. Немеремнің 4-уі отбасын құрады. Қызметте. Енді тағы 4-уі жетіліп отыр. Мына қолымдағы немеремнің орны бөлек, диплом алып отыр. Енді құтты орнына қондырсақ деп отырмыз. Немереден шөбере тәтті болады екен.
...Немерелеріне мейірлене қараған Батыр ананың бақытты да мағыналы өмір жолы әрбір қыз-келіншекке жұғысты болғай. Шымкент мақтанышына айналған Ханшайым апаға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледік.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.