Гүлжазира ПЕРНЕБАЙ: «Ата-ана өнегесі – балаға өмірлік азық»

Пятница, 14 Октябрь 2016 08:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7630 раз

Қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді ерте заманда айтса да бұл мақал бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Ендеше, тәрбие жұмыстары қандай болуы керек?
Әлемдік психология баланың әрбір сұрағына дер кезінде дұрыс жауап беруге кеңес береді. Оның сұрағын тыңдау арқылы ата-ана перзенті туралы барлық мәліметті білетін болады және тәрбиесін бақылауда ұстай алады екен. Ал уақытында ескермесе, оның соңы түрлі жайсыздықтарға ұласуы мүмкін. Бұл жайында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімінің басшысы Гүлжазира Пернебайдың сұхбатынан толығырақ біле аласыз.

20161007 174910– Гүлжазира Бақтыбайқызы, айтыңызшы, «бесікті қалай түзейміз»? Бала тәрбиесімен айналысудың қалыптасқан тәртібі бар ма?

– Балаға дұрыс тәрбие беру үшін үлкен қаражат шығындау маңызды емес. Бала көз ашқаннан нені естіп, нені көріп үйренсе, соның бәрі тәрбие болып санасына сіңеді. Егер балаңызға сырт көзбен қарап отырсаңыз, оны байқайсыз. Ойыншықтарына, достарына, бірге ойнайтын балаларға, тіпті ата-анасына өздерінен үйренген сөзді айтқанда, үлкендерше ескерту жасағанда күлетініміз бар ғой. Міне, олар басқа жақтан ештеңені алмайды, бәрін отбасы мүшелерінен үйренеді. Демек, «бала ғой, әлі кішкентай» деп қараған дұрыс емес. Оның жанында дауыс көтеріп сөйлесеңіз соны үйренеді, мәдениеттілік пен өнерге, еңбекқорлыққа құштар болсаңыз, сәби оны да сол күйінде өзіне көшіріп алады.

– Сонда бала тәрбиесінде материалдық жағдайдың рөлі болмағаны ма?

– Көптеген ата-ана «баламның жоғын түгендеп берсем, қатарынан кем болмай жүрсе болды» деп ойлайды. Бала тәрбиесіндегі үлкен қателік те осы тұста басталады. Себебі, ата-ана тынымсыз жұмыс істейді де, баланың материалдық жағдайын жасайды. Бірақ, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас біртіндеп алшақтай береді. Баланың қай кезде не ойлап жүргенінен, не сезінгенінен бейхабар қалады. Балалар да соған бейімделіп тұйықталады немесе өмірлік сұрақтарының жауабын өз бетінше іздеуге тырысады. Жауапты қайдан тапса, ол баланың сенімді серігіне айналады. Бала дос ретінде жақсы кеңесші, ақылшы таба алса бағының жанғаны. Ал ерте жастан ішімдікке, шылым шегуге әуестеніп, жыныстық қатынасқа бару, ұрлық, бұзақылық жасау, құмар ойындарға тәуелділік, түрлі діни ағымдарға еріп кету дұрыс бағыт сілтейтін ақылшының жоқтығынан орын алады. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» демекші, бала қателікке бой алдырғаннан кейін оны жазалаудың қажеті жоқ. Баланы алдын ала қателіктерден сақтандырып, қауіптердің барын ескертіп өсіру қажет.

– Кейде «тәрбиесі қиын балалар» деп айшықтап, олармен арнайы жұмыс жүргізіліп жатады. Айтыңызшы, «тәрбиесі қиын» балалар болады ма?

– «Тәрбиесі қиын» дегенді көбі тіл табысу мүмкін емес, тыңдамайтын, әбден шектен шыққан деп түсінуі мүмкін. Бірақ, олардың тәрбиесін қиындататын өзіміз. Баланың жандүниесіне үңілу қажет. Оның не қалайтынын ішіндегі жанайқайын естігенде ғана түсінуге болады. Біздің орталықтың 1303 нөміріне хабарласқан жастардың көбі жан күйзелісін ата-анасымен бөліскісі келмейді.

info82– Неліктен?

– Сенбейді. Ата-анасы алдымен «көмектесемін» дейді, шынын білгеннен кейін жазалайды немесе әр жолы сол қателігін есіне салып отырады. «Өткендегің есіңде ме?» деген ескерту жасөспірімнің намысына тиеді. Содан кейін ол ата-анасына да сырын айтпауға бекінеді. Іштей білуге деген құштарлығы мен ешкімге сенбейтін сенімсіздігі арпалысып, соның салдарынан жасөспірім өз сезімдерін басқара алмай түрлі әрекетке барады. Ата-ананың көмегі аса қажет кезде әр жасаған қателігінен қынжылып, іштей алыстай береді. Ұл-қызының бойынан осы өзгерістерді байқаған ата-ана оның жандүниесіне үңіліп, адал дос бола білсе тәрбиесі қиындамайды.

– Гүлжазира Бақтыбайқызы, жаңа ғана 1303 нөміріне хабарласқан абоненттерді тілге тиек еттіңіз. Психологиялық көмекті қажет еткен жастарды көбіне қандай сұрақтар мазалайды?

– Бізге хабарласқан абоненттерді құпия сақтаймыз. Сондықтан кей жағдайларды ғана атап өтейін. 14 пен 29 жас аралығындағы күйзелісте жүрген жастар көбіне «өмір сүргім келмейді» дейді. Оның басты себебі, тұрмыстық өмірдің тауқыметінен шаршау. Яғни, материалдық жағдай емес. Отбасындағы берекесіздік кейбір ересектер үшін қалыпты, үйреншікті жағдай болғанымен бала психологиясында бұл басқаша көрініс алады. Үнемі ұрыс-керіс, жылау-сықтау, бір-бірінің намысына тию, қол көтеру... Өз машақатымен әуре болған ата-ананың балалары өзін көрермен сияқты сезінеді. Содан ол «өмір деген осындай екен, мұндай қызықсыз өмірді сүрудің қажеті жоқ» деп ойлайды. Егер ол үнемі әкесінің анасына қол көтергенін көріп өскен қыз бала болса «тұрмысқа шықпаймын» деген ой түйеді. Ал ата-анасынан бала тәрбиесіне қатысты ауыр сөздерді жиі естісе, мысалы «сенің қолыңнан түк келмейді! Сен мені шаршаттың! Маған ұқсамаған бұл бала, сен сияқты жаман» деп бір-бірімен ренжіскен ата-ананың әр сөзі балаға жайсыз әсер етеді. Өзін ата-анасына артық салмақ салғандай сезінеді. Суицид сол ата-анасын қиындықтан құтқаратын жол деп ойлауы да әбден мүмкін. Кейде олар болашақта балалы болудан бас тартатын ойларға да тоқтайды.

– Байқасаңыз, психологтың көмегін пайдалану біздің елде де жақсы қалыптасып келеді. Қазір күзеліске түскен жандар психологтың кеңесін алуға бейім. Бір әттеген-айы сіз басқарып отырған орталық тек 14-29 жас аралығындағыларға қызмет көрсетеді. Жас ерекшелігіне байланысты қиындықтар туындамайды ма? Мысалы, жасөспірім жастағы перзентімен қалай жұмыс істеуді білмей қажыған, жасы 30-дан асқан ата-ана бар жігерін жинап, сізден көмек сұрап келсе қалай болады? Бәлкім, сол ата-ананың өзіне көмек қажет болар?..

– Иә, ойланатын сұрақ екен. Өмірде ондай жағдайлар аз емес. Баланың тәрбиесінде алаңдайтындай мәселе болмаса да, жүйкесі жұқарып, кез келген нәрсеге мазасызданатын ересектерге де психологиялық көмек қажет болып жатады. Әйтсе де, мекеме облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-не қарасты болғандықтан алғашында жастардың жағдайын жасау мақсатында ашылған. Бәлкім, бұл туралы кеңірек ойланып, ақылдасу қажет шығар...

– Орталық жұмыстары туралы айтып өтіңізші.

– Бүгінге дейін психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімінің мамандары ерте жүктіліктің және аутодиструктивті оқиғалардың алдын алу мақсатында «Неке және Отбасы» тақырыбында жастар мен жасөспірімдерге 10 рет сабақ өтті. Психологиялық мәселелері бойынша жүгінген 162 жасқа моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, дұрыс шешім қабылдауды ұғындырды. Жоғары оқу орындарында жастармен 54 кездесу, ал арнаулы орта оқу орындарында 73 семинар-тренингтер өткіздік. Сондай-ақ мектеп жасындағы жасөспірімдермен 67 кездесу ұйымдастырдық. Ал анонимді түрде 1303 call-орталық нөміріне 345 абонент хабарласып, психолог кеңесін алды. Сонымен қатар, облыстық наркологиялық диспансері және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесіп, «Зиянды әдеттің зардабы» атты 34 профилактикалық лекция өткіздік.

– Ата-аналарға айтарыңыз бар ма?

– Жасөспірімдермен жұмыс жасағанда олардың әңгімесінен байқағанымыз: бала шырылдап айқайлап тұрған сияқты да, ата-анасы жанында тұрса да оны естімейтіндей күйде. Сондықтан, ата-ананы балаларына көңіл бөліп, олардың әр сұрағына ойланып көруге шақырамын. Бар жұмысыңызды қойып, оның ішкі дауысын естуге тырысыңыз. Уақытылы әрі құнарлы тамақтандырумен ата-ана міндеті толық өтелмейді. Балалар үшін қарынның тоқтығынан көңілдің тоқтығы маңызды.

– Оқырман жастарға қандай кеңес бересіз?

– «Өмірде екі таңдау жасағанда қателеспеу керек, бірі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда» деп жатады. Осы кеңесті нақтылай түссем деймін. Бұл екі таңдаудың бірі материалдық, екіншісі моральдық жағдайыңызды қамтамасыз етеді екен. Жарың жақсы болмаса, отбасыңда береке, үйлесім болмайды. Оның соңы некенің бұзылуына да алып баруы ықтимал. Ал басқа нәрсеге қабілеті бола тұра «табысты» деп басқа мамандықты таңдаған адам, жұмысқа орналасу барысында түрлі қиындықтарға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандықты бейімділігіңізге қарап, ал өмірлік жолдасыңызды әбден зерттеп, танып біліп таңдауға кеңес берер едім. Бір-бірінің мінез үйлесімділігіне мән беріп, «мынадай жағдайда мен былай жасасам, сен қайтер едің?» деген сұрақ төңірегінде кеңірек әңгімелесуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 14 Октябрь 2016 09:01
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.