Ұлттық бұйымдарға қызығушылар көп

Пятница, 18 Март 2016 06:12 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 9125 раз

Мереке қарсаңында жанымызға жақын адамдарымызды қуанту үшін ерекше сыйлық іздеп, әуреге түсетініміз бар. Оны таңдаған кезде көздің жауын алатын және өзге ешкімде болмағанын қалаймыз. Міне, сол кезде алтын қолды шеберлердің жасаған бұйымдары өзіне еріксіз тартады. Соңғы уақытта ұлттық нақышта жасалған қолөнер туындыларына деген қызығушылық та, сұраныс та артып келеді. Әсіресе, наурыз мерекесі қарсаңында қазақ халқының көнеден қолданылып келе жатқан ою-өрнектерін заманға сай етіп, іске асыра білген шеберлер аз емес.

 zerger-1  zerger-2

Бүгінгі таңда «hand made», яғни қолөнерге мектеп оқушысынан бастап, зейнет демалысындағылардың да аса қызығушылық танытатыны қуантады. Өйткені, ісмерлік тек шеберлікті шыңдау, үйрену ғана емес, сондай-ақ, табыс көзі.
Шымкенттегі ОҚМПИ-нің «Қоғамдық мамандықтарды даярлау» орталығында сәндік өнер үйірмесі жұмыс істейді. Онда қазақтың ұлттық мәнеріндегі бұйымдарды жасау жолдары үйретіледі. Шебер қыздар киіз басу, ши, гобелен, кілем, басқұр тоқу секілді ұмыт болып бара жатқан және күнделікті үй тұрмысында аз қолданылатын бұйымдарға жаңаша леп беруде. Студенттер ою-өрнектердің түр-түрін қолдана отырып, картина жасайды және жібек орамалдарға жүннен ою салады. Ондай сәндік бұйымның бөлшегін қазір сәнқой қыз-келіншектердің мойнынан көру ғажап емес. Заман талабына сай бисерден де түрлі заттар жасау қолға алыныпты. «Қоғамдық мамандықтарды даярлау» орталығының директоры
Гүлмира Бегалиеваның айтуынша, қолөнер бұйымдарын арзан бағада алғысы келетіндер көп.
– Шебер кез келген затты жасаған кезде көз майын тауысып, көп уақытын арнайды. Сатып алушылардың «Неге қымбат?» деген сұрақтары да орынды. Бірақ оны жасаған адамның да еңбегі, оған қолданылған материалдың шығыны да әділ бағаланса екен дейміз. Біздің қолөнер туындыларымызға шетелдіктердің қызығатынын жасырмаймыз. Ұлттық нақышта жасалған бұйымдар өте тартымды болып келеді, – дейді Г.Бегалиева.
Қазір қыз-келіншектер жағы қазақтың ұлттық киімін күнделікті өмірге лайықты әрі ыңғайлы етіп киюді әдетке айналдырғаны қуантады. Бұрын тек наурыз мерекесінде ғана көзіміз шалса, бүгінде той-томалақтарда жиі байқаймыз. Тіпті телеарна жүргізушілерінің де ұлттық киім киіп, насихаттай бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ, әшекей заттарға да сұраныс артқан. Бірақ, зергерлердің қолынан шыққан бұйымдардың бағасын арзан деп айта алмаймыз. Сондықтан, кейбір кәсіпкерлер ұлттық нақыштағы әшекей заттардың бағасын қолжетімді ету мақсатында заманауи техниканың мүмкіндігін пайдаланып отыр. Сондай азаматтардың бірі – Ілияс Мырзахметов. Ол өз өндірісін 2013 жылы жолға қойған.
– Біздің бұйымдарымыз тек күмістен жасалады. Мәселен, сақинаның бір үлгісі бойынша бірнешеуін жасап шығарамыз. Уақыт жағынан да ұтымды. Сапасы да жақсы. Сұраныс болған соң, тұтынушыға қолжетімді бағада жасап отырмыз. Қызыққан адам ақшасына қиналмай алса екен деген мақсат бізде. Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды тек таңдаулы немесе қалталы адамдар ғана тақпаса екен деймін. Біздің бұйымдарымыз еліміздің барлық қалаларындағы дүкендерге таратылады. Жуырда ғана Шымкентте де зергерлік дүкен аштық,– дейді І.Мырзахметов.
Шымкентте шеберлер көп. Олардың басым бөлігі тапсырыспен жұмыс істейді. Ал дайын заттарды сатуға қоятын дүкендер аз. Бар болса да, дүкен иелері бұйымға үстеме баға қояды. Міне, осындай мәселені шешу үшін қаламыздағы ата кәсіптің жанашырлары Әсел
Орынбасарова мен Зульфия Айтпаева бірлесіп, «Шеберлер қаласы» дүкенін ашты. Жұмыс істегендеріне небәрі 1,5 ай болса да, бастаған істерін құптайтын шеберлер қатары да көбейді. Олар өздері жасаған бұйымдарын дүкенге әкеліп өткізеді. Ал дүкен иелері шашқа тағатын, алқа, сырға, білезік секілді өз қолдарынан шыққан әшекей заттарымен қоса, өзге де шеберлердің туындыларын сатып береді. Қазір олар 10-нан астам шебермен жұмыс істеуде. Дүкенге кірсеңіз, барлық зат көзіңіздің жауын алады және таңданысыңызды жасыра алмайсыз. Өйткені, олар қайталанбайды және жасаған адамның бар ынта-ықыласын сезесіз. Әсем қуыршақтар, тоқыма заттар, қолдан тігілген сөмкелер, бисерден тізілген гүлдер, ағаштан жасалған бұйымдар және тағы басқалары бар мұнда. Дүкеннің сәндік жабдықталуы да тартымды. Бұдан ісмерлердің талғамы мен бастаған істеріне деген сүйіспеншілік байқалады. Әсел мен Зульфия алдағы уақытта жүннен жакет жасап, орамалдарға қазақи ою салуды көздеп отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.