Жүрекке жүк артпа

Пятница, 03 Февраль 2017 07:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 13276 раз

Адам кеудесіндегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер нәрсе жоқ, сірә. Оны адам ағзасының моторы деп текке айтпаса керек. Бірақ қазір жүрек дерті жас талғамайтын аурудың бірі болып тұр. Бүгінде «жүрегі тоқтап қалыпты», «жүрегі ауырады» деген сөздерді жасамыс емес, уыздай жастарға да қаратып айтылатынын күнделікті көп еститін болдық.

heart-pain-imageКҮРДЕЛІ ОТАЛАР ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ

Мамандардың мәлiметiне сүйенсек, елiмiзде жұдырықтай жүрегі сыр берiп, жүрек-қан тамыры ауруларынан зардап шегушiлер аз емес көрiнедi. Бұл ауру әлем бойынша өршіп барады. Бұрын жүрек дертіне ер адамдар 45 жастан, әйел адамдар 55 жаста шалдығатын болса, қазір сырқаттың бұл түрі жастар арасында белең алған. Алайда жүрек сырқатынан айығудың жолдары жоқ емес. Осы орайда Елбасының қолдауымен 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның берері көп болғанын айтуға болады. Бұл құнды құжат кардиология мен кардиохирургияны жетілдіруге жол ашты. Жүрек ауруына жан-жақты көңіл бөліне бастады. Осы дерттiң алдын алуға, емдеп, жазуға септiгiн тигiзiп отырған бiрден-бiр емдеу мекемесі – облыстық кардиологиялық орталығы. Мұнда тұрғындарға жедел және жоспарлы түрде кардиологиялық, кардиохирургиялық, интервенциондық, аритмологиялық көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 2016 жылы коронарография бойынша 2961, коронарлық қан тамырларын стенттеуге 1385, ашық жүректе 310, туа біткен жүрек ақауына 51, жүре біткен ақауды бекіту үшін 72, яғни барлығы 5602 ота жасалған. 2015 жылмен салыстырғанда жасалған оталар 10,7 пайызға көбейген. Жалпы 4239 науқас 2016 жылы стационарлық ем қабылдаған. Кардиология орталығының жетістігі сол, сырқаттар бұрынғыдай шетелге бармайды. Жүрек-қан тамырларына стенд қою, тарылған тамырды кеңейту жолға қойылған.
Коронарография дегеніміз не? Оның артықшылығы жөнінде мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Боранбайқызы әңгімелеп берді.
– Коронарография жүрек қан-тамырларына арнайы зат жіберіп тексереді. Қай жерде қан тамыры тарылған болса, сол жерге стенд қояды. Стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе. Оны арнайы тәсілмен тамыр арқылы тарылған жерге жібереді. Ол жүректің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұндайда ота жасалынбайды. Бәрі рентген арқылы қадағаланады. Жүректе қан алмасулар әртүрлі болады. Оң жақ, сол жақ тамырларда екі немесе үш тамыр бекітіліп қалатын болса, ондай жағдайда аяқтың көктамырын алып жалғау арқылы сырқатқа көмек көрсету өз жемісін беруде. Соның нәтижесінде ондаған емес, мыңдаған адамдардың өмірі ұзартылуда, – дейді А. Боранбайқызы.

СЫРҚАТҚА СЕБЕП БОЛАР ФАКТОРЛАР

Кеуде тұсы шаншып, адам өзін жайсыз сезінеді. Науқастың басы айналып, дем жетпей, жүрегі айниды. Бұл сырқаттың белгілерін адамдар елей бермейді. Мамандар көптеген науқастардың тексерілуге келмей, уақытын жоғалтып алатынын айтады. Инфаркт деп жүрек бұлшық етінің өлуін атайды. Әлемде инфаркт алған адамдардың 50 пайызы жедел жәрдем келмей, қайтыс болады екен. Кардио орталықтың дәрігерлері жүрек ауруларының себептерінің көптігін айтады. Дұрыс тамақтанбау, қан құрамындағы холестерин мөлшерінің көбеюі жүрек ауруына әкеліп соғады. Холестерин қан тамырларының қабырғаларына жиналып, қанның жүруін баяулатып, жүрек пен миды қажетті заттар және оттегімен қамтамасыз ететін қан айналымы әлсірейді. Ал бұл жағдай миокард инфарктіне немесе инсультке шалдықтырады.

zhurek 10

– Қазір жүрек-қан тамыр ауруларының бір себебі, қозғалыстың аздығы. Адамдардың көбісі компьютер арқылы жұмыс істейді. Оның салдары ауыр сырқаттарға шалдықтырып жатады. Гиподинамия кесірінен артық салмақ пайда болып, ол өз кезегінде артериалды гипертензияға және қан тамырлары мен жүрекке ауыртпалық түсіруге ұрындырады. Жүрек-қан тамырлары дерттерінің пайда болуына, түрлі әлеуметтік күйзелістер де әсер етеді. Адам неғұрлым көп уайымдаса, соғұрлым мұндай дертке шалдығудың қаупі артады, – дейді жоғары санатты дәрігер-кардиолог Зәуре Ормаханова.
Жүрек ауруының пайда болуына артық салмақтың да әсері бар. Кардио орталықта ем алып жатқан Шымкент қаласының тұрғыны Жұмаділлә Тойшыбек салмағының артықтығынан зардап шегіп жүр. Қалыпты салмақтан артық болғандықтан ол 3 рет инфаркт алған. Сырқат кісі қазір диетада. Бұрынғыдай шамадан тыс тамақтанбайды. Бұл дағдыны күнделікті әдетке айналдырамын, – дейді ол. Кардио орталықта ем алып жатқандардың көбісі жүрек ауруына шылым тартатындықтан душар болған. Мәселен, осы орталықта емделушілердің бірі 70 жастағы Сағындық Әміров темекіні көп тартатындықтан жүрек ауруына шалдыққан. Жүрегін дімкәс еткен 50 жылдан бергі «досымен» ол кісі енді қоштасыпты. Себебі, никотиннің жүрек ауруына әкеліп соғатынын кардио орталыққа келіп, кеш білген. Ал орталықтан ем алып, үйіне жиналып жатқан 67 жастағы Шамил Төлепұлы жүрек ауруына қан қысымының себеп болғанын айтады. 35 жастан бастап сырқатпен ауыратын кісі 4 рет инфаркт алған.
Темекінің зияны жайында айтылып та, жазылып та жүр. Жаман әдеттен арылу үшін дәрігерлер де жұмыс істеп келеді. Бірақ бұдан қорытынды шығып жатқан жоқ. Адамдар арасында миокард инфаркті темекі шегетін адамдарда екі есе кездеседі екен. Шылым ірі қан тамырлары мен перифериялық қан тамырларын тарылтып, ми мен басқа да дене мүшелеріндегі қан айналымын әлсіретеді. Бұл тек шылым шегушілердің арасында кездесетін тығындалған эндартериит деп аталатын аурудың қозуына соқтырады. Аталған дерт адамның аяқ-қолдарының қан айналымын тарылтып, қауіпті гангренаға айналуы мүмкін.
Кардио орталықтың бөлім меңгерушісі Асқар Рахматалиев ағзаның жүйке жүйесі жүрекпен де тығыз жұмыс жасайтынын айтады.
– Жүректің сырқатын емдеу көбіне жүйке жүйесін емдеумен қатар жүретіні тегін емес. Сол себепті адамдар бір-біріне мейірімді болса дейсің. Болмашы нәрсеге бола жүйкені жұқартпау керек. Болған іске болаттай берік болып, күйзеліске ұрынбаған жөн. Кейбір науқастар алкогольдік ішімдіктің көмегімен «стрессті басуды» әдетке айналдырып жүр. Ішімдікпен жеңілдеудің соңы маскүнемдікке шалдықтырып, жүрек пен жүйке жүйесінің ауруларына әкеліп соғады, – дейді Асқар Рахматалиев.


P.S. Жүрек-қан тамырлары ауруының пайда болуына себеп болатын алты қағиданы есте ұстасаңыз, жүрегiңiздi сақтай аласыз. Жұдырықтай жүрегiмiздi ауыртпай, салмақ түсiрiп, күйзелiспен ағзамыздың қан тамырына салмақ салмасақ, адам жүрегiнiң 100 жылға дейiн тоқтамай соғуына мүмкiндiгi бар.

Последнее изменение Пятница, 03 Февраль 2017 08:11
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.