Демалыс сәтті өтсін десеңіз...

Пятница, 26 Май 2017 09:38 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5233 раз

суға түсудің ережесін сақтаңыз

DSC 2262

Ала-бөтен сәндігің,
Мамыр-майым шуақты.
Табиғаттың дәл бүгін
Туған күні сияқты.
Әрі сұлу, әрі игі
Мамыр-майым шуақты:
Он бір ұлы бар үйдің
Жалғыз қызы сияқты!» – деп Қадыр ақын Мырза Әлі жырлағандай жаз келсе мәз болатынымыз бар. Мына сұлу табиғат, піскен жеміс-жидек, күннің көзіне жылынған су көңілді көтермей қоймасы анық. Әсіресе, табиғаты ерекше Оңтүстік өңірінде жаз маусымы ертерек басталып, ұзаққа созылады.

 

DSC 1940-2

ЖҮЗУ – САЛАУАТТЫ ӨМІРДІҢ САЛТЫ

Күн ысыған сайын суға түсу жиілеп, Оңтүстік тұрғындары шомылу маусымын бастап жіберді. Осыған орай Шымкент қаласының төтенше жағдайлар жөнiндегi басқармасы суға түсу тәртібін қатаң сақтауды ескертуде. Басқарманың жетекші маманы Лаура Мұхаммеджан демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісі басталғанын айтты.
– Таза ауада тынығып, ыстық күнде суда жүзгенге не жетсін?! Жүзу – демалыстың бір түрі ғана емес, салауатты өмір салтына жататын спорт. Бұлшық еттердің жұмысын жақсартып, қан айналу жүйесін қалыпқа келтіреді. Сондықтан суға түсуге тыйым салынбайды. Керісінше, ережені жатқа біліп, суға түсу тәртібін сақтауға, дұрыс жүзуге шақырамыз, – дейді ол.

DSC 1940-3

ҚАУІП БАР...

Жергiлiктi үкiметтiң тұрғындарға жасап жатқан үгіт-насихат, үндеулерiне қарамастан, шомылу кезiндегi адам шығыны туралы қайғылы хабарлар әлi де тіркелуде. Өкініштісі сол, оқиғадан жапа шеккендердің жартысы кәмелетке толмаған жастағы балалар. Лаура Мұхаммеджанның берген мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы Шымкент қаласында суға тұншығу салдарынан 7 адам қаза тапқан. Ал биылғы жылы мамыр айы басталғаннан-ақ суға тұншығуға байланысты 2 оқиға тіркелді. Қайғылы жағдайдың бірі «Жаңаталап» елдімекенінде, екіншісі «Сәуле» шағынауданында болған.
– Балалар әрдайым ата-анасының назарынан тыс қалмауы тиіс. Таяуда оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталмақ. Осы кезеңде мейлінше балаларды бақылаусыз қалдырудан аулақ болайық. Қайғылы оқиғалар көлдің, каналдың, бассейннің саяз жерінде де болуы әбден мүмкін, – дейді мамандар.
Сондықтан мейлінше балаға абай болу қажет. Олармен серуенге шыққанда көзден тасада назардан тыс қалдырмай, керісінше, білмегенін үйретіп, табиғат аясында тынығудың мәдениетін үйрету қажет.

IMG 4430

ЕРЕЖЕ – СӘТТІ ДЕМАЛЫСТЫҢ КЕПІЛІ

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бөлім басшысы Қанат Багияров демалушыларға бекітілген суға түсу ережесін қатаң сақтауды ескертті.
– Тыйым салынған жерлерге (шомылуға) суға түсуге, жүзіп бара жатқан қайықтарға жақындауға, қоршау белгiсiнен тыс жүзуге, таныс емес орындарда суға сүңгуге, шомылып жүрген балаларды бақылаусыз қалдыруға, су көпiрлерінен, тоғандардан, айлақтардан, қайықтардан секiруге болмайды. Тыйым салынады. Шаршап, күн астында ұзақ жүргенде, ашығып, шөлдеп немесе қандайда бір аурудан жаңа айыққан сәтте, спирттік ішімдік ішкен кездерде суға түсудің қажеті жоқ. Егер суға түсуде осы ереже сақталса, біз қайғылы жағдайларға куә болмас едік – дейді Қ. Багияров.
Дегенмен сап-сау жүрген адамдар да суға түскенде оқыс оқиғаға тап болатыны бар. Сіңірі тартылып қалған адам жүзе алмай қалады. Мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға ұласпауы үшін мейлінше жағажайдан алыстамаған дұрыс. Сондай-ақ, сақтық шараларын да ұмытпау керек дейді Л.Мұхамеджан.
– Күтпеген жерден сiңiрдің тартылып қалуы мүмкін, сондықтан әр адам мынаны білуі тиіс. Саусақ сіңірі тартылған жағдайда жылдам әрi күштеп жұдырық түйіп, қолдарды жан-жаққа кенет лақтырғандай қимыл жасап, сосын жұдырықты ашып тағы бірнеше рет солай қайталау қажет. Балтыр, аяқтағы сіңір тартылғанда табаннан ұстап, аяқты өзiне қарай күштеп тарту керек. Ал жамбас пен сандағы сіңір тартылғанда аяқты сырт жағына қарай айналдырып, өкшені жамбас тұсына қарай тартқан дұрыс, – дейді жетекші маман.
Қала тұрғындары үшін «Бадам», «Тоғыс» және «Қошқар ата» өзені бойында төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың құтқарушылар жасағы қызмет етеді. Ал демалысын шетел жағажайларында өткізетіндер тері ауруларына қарсы тұратын күтім мен судағы қауіпті жәндіктерден қорғанатын амалдарды алдын ала ойластырғаны жөн.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.