Мал бағуды бейнет емес, береке деп білген

Среда, 07 Июнь 2017 06:15 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4866 раз

Мал бағу – ата кәсіп. Жыл өткен сайын атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Солардың қатарында шымкенттік Махмуд Мильдоходжаев та бар. Істің көзін тапқан кәсіпкер қазір шаруасын дөңгелентіп отыр.

DSC 7934

Махмут ағай өз кәсібін бірнеше жыл бұрын асыл тұқымды қой өсіруден бастады. Кейін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген несие алып, өрісін ірі қарамен толықтырды. Бүгінде отбасымен мал шаруашылығына білек сыбана кіріскен Махмуд Сайдғанұлының қорасында 60-тан астам ірі қара бар. Жуырда олардың қатары 6 асыл тұқымды сиырмен толықты. Бұл – сүтті, етті бағыттағы тұқым. Сауын сиырының орташа салмағы – 550-650 келіні құрайды. Бордақылауға тәуір, тез көтеріледі. Күніне 1 келі салмақ қоса алады. Таза ет шығымы – 60-65 пайыз. Жылына әр сиыр 3 тоннадан астам сүт беруге қауқарлы. Бүгінде Махмуд ағай күні-түні ірі қара шаруашылығын ірілендіру жолында тер төгуде. Ал сауын сиырларынан күніне 150 литр сүт алады. 4 балабақшаны сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. 

Шаруа қожалығын құруда зейнеткерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жасаған жұмысы кәдеге асты. Сол саладағы қызметте бойына дарыған тәртіп пен ұқыптылық шаруа жайын айтарлықтай ширатты. 

DSC 7966

– Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Сондықтан да Елбасы ауылшаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Оңтүстік ауылшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға мүмкіндік көп. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті. Жасыратыны жоқ, арамызда ата кәсіпті ұмыт қалдырып бара жатқандар кездеседі. Тіпті мал бағуды намыс көретіндер де кездесетінін қайтерсіз?! Біле білгенге мал ұстау береке. Мемлекеттің демеуі шаруамның дамуына жол ашты. Соның негізінде жұмыс көзін таптым. Қазір жемісін көріп отырмын. Мыңғыртып мал айдамасаң да, өз үйіңді етпен, сүтпен қамтыған дұрыс, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде Махмуд ағай малды жәй бағып отырған жоқ. Жоспарлы түрде еңбек етуде. Ал тұқымы асылды баптау тіпті қиын. Алайда Мильдоходжаевтардың отбасы еңбектен қашпайды. Асыл тұқымды малға мемлекеттен субсидия қарастырылған. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – асыл тұқымды сиырдың санын арттыру. Бұл үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Сондықтан алдымен жемшөп қорын жасақтап алуды ойластыруда.

DSC 8013

– Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қаперден шығармау керек. Біздің кейбір шаруашылық басшылары бұл мәселеге селқос қарайды. Малды күту талаптарына баса мән бермейді. Бұл көзқарастан арылу қажет. Мәселен, мен биыл малды көбейтуді қолға алып отырмын. Тиісінше, қорасын ыңғайлап, жем-шөп қорын молынан жабдықтауға тиіспін, – дейді М. Мильдоходжаев. 

Махмуд ағай бейнеттен зейнет көріп отырған азамат. Алдағы уақытта тағы да несие алып, кәсібін ұлғайтуды жоспарлап қойыпты. Шаруа қожалығында сүттен бөлек, қаймақ, құрт, ірімшік өнімдері дайындалады. 

– Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болады. Біз малға күнделікті клиникалық тексеру жүргізіп тұрамыз. Күніне азанда, кешке сауын сиырды назардан бір өткізіп, жайылымы мен жемін қадағалаймын. Айқын мақсат қойсаң, мол табысқа кенелесің. Енді сүт өнімдерін шығаратын цех ашып, азаматтарды жұмыспен қамту ойда бар, – дейді кәсіпкер. 

«Мал баққанға бітеді» деген қазақ. Кәсіпкердің жоспары – ауқымды, межесі – биік. 

Махмуд ағай асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығын өркендету арқылы өзіне де, қоғамға да пайдалы тірлік тындырып жүр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Құда мың жылдық... 17 млн 994 мың »