Миллион тұрғынға – миллион ағаш
Пятница, 07 Июнь 2019 04:05Шымкенттегі дендрологиялық саябақта дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің демеушілігімен балалар алаңшасы ашылды.
Іс-шарада Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көпшілікті даталы күнмен құттықтады.
– Бұл мерекенің Шымқала үшін маңызы ерекше. Өйткені, біздің Шымкент – жасыл желекке оранған қала. Біз жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш, 2 млн-нан астам гүл егеміз. 11 саябағымыз бар.
Биыл құрылғанына 40 жыл толғалы отырған дендросаябаққа қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл – тарихи сәт, - деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Қала әкімі мегаполистің әр тұрғынын ағаш егіп, оны күтіп-баптауға шақырды. «Әр адам үшін 1 жылда 1 ағаш ексе, қаламызда 1 млн ағаш өсіп, қоршаған ортамызды көгалдандыруға мол үлес қосар еді», деді әкім.
Мерекелік кеште саябақ сахнасында экологиялық орталықтың, жастардың қатысуымен концерт өтті.
Кәсіпкерлер кардиоорталыққа автотұрақ салып берді
Среда, 05 Июнь 2019 04:30Шымкент қалалық кардиологиялық орталығына келген азаматтар енді автотұрақ іздеп қиналмайтын болды. Рамазан айының құрметіне орталыққа “Оңтүстік Құрылыс Сервис” ЖШС, “Корпорация Береке” ЖШС және “Бадам-Тас Строй” ЖШС бірлесіп автотұрақ салып берді.
Қасиетті айда тамаша тартуға ие болған мекеме қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Демеушілер құны 4 млн теңгені құрайтын, 200-дей көлік қоюға лайықталған автотұрақты салып, қолданысқа берілді. Үш компания басшылығы өз ниетімен қол ұшын созып, ауыр техника, қажетті материалдармен көмектесті.
Қолы жомарт кәсіпкерлердің кардиоорталыққа автотұрақ салып бергені де дұрыс болыпты, өйткені, қызметкерлердің көліктері мекеменің бос жерлеріне қойылатын-ды. Ал мұндай жағдай жедел жәрдем көліктерінің науқасты дер кезінде жеткізудегі қиын қақтығыстардың тууына себепші болып жататын.
- Осы автотұрақ ел игілігіне қызмет ете берсін. Кардиоорталыққа тек тексерілу үшін ғана келейік. Бұл жерге келген науқастар аттай жазылып кетсін, - деді демеушілердің атынан сөз сөйлеген “Корпорация Береке” ЖШС басшысы Рәшкүл Оспанәлиева.
Автотұрақтан бөлек Кардиологиялық орталыққа Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев шамасы шектелген ауыр науқастарды тасымалдауға арналған жеті кресло-қоларба табыс етті.
Рамазан айында осындай игі сауап істер атқарып, қажетті тартулар жасап жатқан кәсіпкерлерге Орталық қызметкерлері алғыс айтып, ризашылығын жеткізді.
Гендерлік теңдік – басты назарда
Среда, 05 Июнь 2019 04:29Шымкентте «Біз тең құқықтар мен мүмкіндіктер үшін» және «Жауапты әкелік» тақырыбында ақпараттық семинар өтті.Жиында гендерлік теңдік мәселесі талқыланды.
– Қазіргі уақытта әйелдер әлем халқының жартысын құрайды және көп мемлекеттер оларға ерлермен тең құқықтар беруге бағытталған заңдар қабылдайды. Алайда, көп елдерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың деңгейі әлі де жоғары. Мұндай әлеуметтік-мәдени стереотиптерді жою үшін қоғамда шұғыл шаралар қабылдау қажет, - деді Шымкент қаласы және Түркістан облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова.
Ал Арыс қаласының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдасбек Тұрманбетов «отбасындағы әке мен ананың абыройы балаға берген тәрбиемен өлшенбек» деген ой айтты. «Отбасында әке би болып, ана соған бағынған үйдің ұлдары батыл, ержүрек, қыздары әдепті, инабатты, ал керісінше анасы би болып, ері оған бағынған отбасының ұлдары ынжық, қыздары көкбет болып өседі.
Бұл күн сайын көзіміз көріп жүрген өмір шындығы. Әкені сыйламаған ұл мен қыз ананы да сыйламайды», - деді Ж.Тұрманбетов.
Ақпараттық семинардан жастар гендерлік теңдік тұжырымдамасы жаңалық болмаса да, ерлердің рөлін қайта қарау және ерлерді гендерлік теңдігі бар қоғамға тартумен байланыстыру қажет екендігін ұғынып қайтты.
Шымкентте «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Среда, 05 Июнь 2019 04:23«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық екінші кезеңіне қатысушыларды марапаттау рәсімінде Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сермаңызовтардың отбасылары жеңімпаз деп танылды.
Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктерінде сәуір-мамыр айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасында өтініштер қабылданған. Нәтижесінде 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырыпты.
- Былтырғы жылға қарағанда биыл байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар саны 2 есе көп қатысып отыр.
Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысты, - деді Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев Ұлттық конкурстың екінші кезеңінің финалистерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия шаңырағы шаттыққа бөленген, 42 жыл берік отбасын құрған жазушы-журналист Шойбек Орынбай мен қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаеваның өнерлі отбасын жеңімпаз деп таныпты.
Бұл отбасының кенже ұлы кәсіби режиссер, актер, КТА ойындарының белді мүшесі Шапағат Орынбай бүгінде қазақ өнерінде танымалдыққа ие. Басқа перзенттері де педагогика және құқық саласында жетістікке жеткен жандар. Ал екінші отбасы алты бала тәрбилеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек сіңіріп келе жатқан Нұрболат Сермаңызовтың отбасы.
Жеңімпаз отбасының екеуі де қаймағы бұзылмаған қазақи, өз кәсібіне адал, ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын, отбасылық құндылықтарды берік сақтаған Орынбаевтар мен Сермаңызовтар отбасынан қай жағынан болса да үлгі алуға тұрарлық.
Жеңімпаз екі отбасыға байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілген. Қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстырмақ.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында биыл алтыншы рет өткізіліп отыр.
Ақыл қалта
Среда, 05 Июнь 2019 04:09«Шымкент менің, мен Шымкенттің әлеуетін толығымен пайдалана алмай жүргеніме өкінемін». Жас кәсіпкер Тоқтар Әлімбеков осылай дейді. Бұл жігіт туралы соңғы екі-үш жылда аз жазылған жоқ. Үш жылдың ішінде «Chaplin ̓s Barbershop» ерлер шаштаразын нарыққа бейімдеп, біршама жетістікке жетіп отыр. U:projects жобасының жүзеге асып жатқанына да екінші жыл. «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі көпшілік назарына ұсынылды.
«Chaplin’s Coffee» кофеханалар желісі де тұрақты жұмыс істеп келеді. Осының барлығының жұмысын үйлестіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған 26 жастағы Тоқтар Әлімбековті танымайтын жас толқын жоқ шығар, сірә, бүгінде.
Өзін дым бітірмегендей, «Туған қалам үшін тағы не істей аламын?!» деп жанталасып жүрген жаңашыл жасты «ақыл қалтаға» балар едім. Жас та болса тұлғалық тұғырға ұмтылған Тоқтарға модерн қазақ деген теңеу айтқан болар едім. Оның басында қаптаған идеялар қайнап жатыр, «піскені» жарыққа шығуда, піспегені өз уақытын күтуде.
Қолда бардың қадірін білсек!..
Тоқтардың жобаларының барлығы шынайы, халыққа қажет, қаланың адами капиталын өсіруге негізделген жобалар. U:projects жобасы екі жылдың ішінде біраз жұмыс атқарды. Өкінішке қарай, оның көптеген жобалары іске аспай жатқанын да айта кету керек. Оған себеп – қаржы тапшылығы.
Ал қаржыны жас кәсіпкер өз қалтамнан шығарамын дейді. Ерте көктемде өткен «U:hack» жобасына өз ниет, қалауымен 1500 адам келді. Осындай ауқымды іс-шараны өткізуге қалалық әкімдіктің мұрындық болғаны қуантады.
Дегенмен, Тоқтармен оның командасына кейбір ағалары жастарға арналған жоба ретінде емес, өздеріне бәсекелес ретінде қарайтын сияқты.
Төрт ел, тоғыз қаладан келген 1500 адамға арналған «U:hack» жобасының құны – 1 млн 300 мың теңге. «U:hack» экономикалық жағынан тиімді. Бір жағынан бәсекелестіктің болғаны да жақсы.
«Біз тындырымды тірлік істесек, басқалар бізге қарап бой түзеуде. Көптеген жобалар тіріле бастады. Көбісі біздікіне ұқсас болып жатыр. Болса болсын, оған тек қуанамыз. Өйткені, біздің басты мақсатымыз да осы еді», - дейді Тоқтардың өзі.
Әлімбековке ақша да, атақ-абырой да керек емес, қалада осындай шынайы жобалар көп болсын деген ниеттен туған дүние еді. Шүкір, сол мақсатына әупірімдеп жетіп келе жатыр.
Қазір Тоқтар мен оның командасын Шымкенттен бөлек басқа қалалар да шақырып жатыр.
Күні кеше Қызылорда облысының әкімдігі «U:hack» жобасымен шақырса, соңын ала Атырау да өздеріне тартуға мүдделі екендерін білдіріпті. Бірақ, Тоқтар Шымкентті жан-тәнімен сүйеді, туған қаласынан ешқайда ұзап кетпейтінін айтады.
Тіпті, АҚШ-та төрт жыл тегін оқып, сол жақта қалуға мүмкіндігі болған кезде де «қайта келу үшін кеткенмін» деп еді. Құрама Штаттардан қайта келіп, қазірде Шымкентінің атын шығарып жүр. «Шетелдерде оқып жүр, талай қазақ баласы» дегендей, «Болашақпен» оқып, елге қайтпай қалған жас қаншама. Ал Әлімбеков Мичиган университетінде алған білімін Шымкентте қолданып жүр.
–Мичиган университетінде «Сен – әлемді өзгертетін баласың» деп шығарып салады. Осы бір ауыз сөз жігеріңді арттырып, күні-түні жұмыс істеуге ынтаңды оятады. Америкада грантпен оқыдым. Қазіргі жұмыс тәжірибемнің барлығын сол жақтан алдым. Бізде төрт жыл оқисың, арасында бір-ақ ай іс-тәжірибеден өтесің, онда да шай-кофе тасып жүресің.
Америкада жүргенде өзімнің жеке компаниям болатын. Бірінші курста жүргенде-ақ мақала жаздыратын. Соның нәтижесінде Шымкентке келгеннен 3 айдан кейін қорықпай кәсіп бастап кеттім. Әрине, көп қиындықтар кездесті. Қазір ойлап қарасам, үш жылдың ішінде біраз жұмыс атқарыппын. Басында шағын ғана бір шаштараз еді. Қазір екі шаштараз, үш кофехана, бір спорт клубы және тағы екі жобамыз бар. Жалпы саны – 6-7 компания».
Неге «Chaplin’s»?
Иә, былайғы жұрт Тоқтарды шетел көрген бала деп біледі. Кейде компанияларының атауы мен стиліне қарап Батыс елінің мәдениетін бізге сіңіргісі келе ме деген ойға қаласың. Неге – Chaplin’s? Неге – «U:hack», U:projects?
Оны өзінен сұрағанымызда жігерлі жас былай жауап берді.
– Менің әр жобамның өзіндік философиясы бар. Әрқайсысы қазақ ұлтының тарихы мен менталитетіне негізделген. Ал енді Чаплинге келер болсақ, ол тек комик актер емес, философ, әр рөлімен өз дәуірінің проблемасын дөп басып, соның шешу жолын көрсететін. Сол сияқты біздің жобаларымыз да қоғамның дамуына әсер етіп келеді.
Мысалы компанияма ә дегенде бір қазақтың ұлы тұлғасының атын беретін болсам, Батысқа еліктейтін жастар бұл шаштаразға бас сұқпауы да мүмкін еді. Өзімнің бес жобам арқылы қаладағы жастардың көңілін аудардым. Байқасаңыздар логотипте қалпақ пен мұрт бар. Аты – Чаплин. Чарли Чаплин 1889 жылы Америкада туып, өсті.
1940 жылы немістерге қарсы соғыста «Ұлы диктатор» деген фильмге түсіп, Гитлердің рөлін сомдаған. Кейін Еуропаға қудаланып, өмірінің соңғы он жылында бірде-бір рет киноға түспеген. Бізде Чаплинмен бір дәуірде өмір сүрген қазақтың ұлы тұлғасы бар. Ол да Чаплин сияқты мұрт қойып, басынан қалпағы түспеген.
1890 жылы туған Қызылорданың тумасы кім деп ойлайсыздар? Әрине –Мұстафа Шоқай. Түркістан халқының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі.
25 жасында «Бірлік туы» деген газет шығарады. Мен компаниямызға осы ұлы тұлғаның атын алмастырғым келеді. Егер мен бірінші күннен солай қойсам, онда жастар қабылдамайтын еді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тамаша бағдарлама. Нағыз рухани жаңғыру біздің компанияда болғалы жатыр. Екі жылдың ішінде жастардың назарын аудардық.
Енді компания атын ауыстыра беруге болады. Мұны флешмоб деп айтсақ артық емес.
Біз көп жерлерде ұлы тұлғаларымыздың 50-дегі «әбіржіп» тұрған суретін көрсетеміз. Неге 25 жасында жалындап тұрған суретін қоймасқа?! Чаплин компаниясы – Шоқайдың компаниясы. М.Шоқайдың мақсаты – біріктіру, білім, тәрбие беру еді. Біз сол Мұстафа Шоқайдың арманын жалғастырушымыз.
Мұстафа Шоқайдың ізімен...
... Оның жауабынан кейін жанымыз жадырап сала берді. Чаплиннің орнына – Шоқай компаниясы. Қандай керемет! Қалада дәл солай Абай, Шәкәрім,Мұқағали деген маңдайшалар көбейсе, неткен ғанибет! Ресейде Достоевский, Толстой деген кафелер ең қымбат, келушісі көп орындар деседі.
Бәсе деймін-ау, Бейбітшілік көшесінен орын тепкен Chaplin ̓s Barbershopқа бас сұққанда, ХХ ғасырдағы Алашорда үйіне кіріп кеткендей әсер алдым. Қабырғасы мен еденіне дейін сол заманның бейнесін алдыңа алып келеді. Арнайы қойылған кітап сөрелерінде кілең алашордашылардың кітаптары қойылыпты.
Ішкі интерьер, жиһаз – бәрі өткен ғасырдың өтпелі кезеңін сипаттайтындай. Оң жақ қапталда тұрған шкаф 1937 жылдардың көзіндей боп қасқайып тұр. Тура Шоқай компаниясы деген атауға лайықтағандай.
М.Шоқай 1917 жылдың 13 сәуірінде газет шығарса, 2017 жылдың 13 сәуірінде, тура 100 жылдан кейін U:projects жобасы дүниеге келді. Бұл бостан босқа келе жатқан жоба емес. Әбден сараланып, сарапталған дүние.
Тоқтардың соңғы, жиырмасыншы «Печа-кучасы» қараша айында өтті. «Бірінші маусымды жауып, демалыс алдық. Шаршадық, шынымды айтсам. Дуана боп жүрмін деп айтсам да болады. Өткізетін жер жоқ. Филармония мен театр ғимараттарын сұрасақ, бізден ақша сұрайды. Бізге қолдау көрсетілсе, ғимарат тегін берілсе, қайта-қайта өткізуге дайынбыз», - деп еді жас кәсіпкер бір сөзінде.
Өкінішті. Жалаң ұрандармен жалаулатып, алаулатып өткізіліп жатқан жиындар көп қой. Солардың біреуінің орнына Жастар жылында Тоқтар Әлімбековтің жобасын жарыққа шығарса, қоғам үшін анағұрлым пайдалы болар еді-ау!..
Тобықтай түйін:
Иә, біздің газеттің бетінде Тоқтар жайлы бірнеше рет қалам тербелді. Қазіргідей креативті кәсіпкерлердің кезеңінде «Мұндай модерн қазақты нөмір сайын шығарсақ та артық етпейді» деген бас редактордың бір ауыз сөзі жанарынан жалын атқан жастың кәсіби қырына қайта үңілуге түрткі болды. Біз оны мақтау үшін емес, жақтау үшін емес, жәй ғана жастарға үлгі ету үшін жаздық.
Бірақ бар ғой, Тоқтарларды қалай мақтасаң да, жақтасаң да жарасады. Идея – кімде? Идея – 26 жастағы Шәмші Қалдаяқовта, 27 жастағы Мұстафа Шоқайда және Тоқтар Әлімбековтерде. Ары қарай ойлы оқырман өзі саралай жатар...
Қолөнер – сырлы өнер
Среда, 29 Май 2019 03:51Шымкенттегі Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Қолөнер – сырлы өнер» көрмесі өтті. Орталыққа 15-тен астам шебер жиналып, өздерінің төл туындыларын, қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін түрлі бұйымдарды қала тұрғындарына ұсынды. Жергілікті қолөнер шеберлері мен зергерлер, сонымен қатар темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты.
Бұл көрменің ерекшелігі сол, қонақтар ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасын көріп, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнеріне, бұйымдарына осы жерде куә болды. Қолөнер шеберлері келушілерге сол жерде шеберлік сағатын өткізді.
Қазақ елінің Ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел» идеясы түптеп келгенде осындай көрмелерде жатса керек. Ұлттық идеядан келген түйін-тұжырымда Қазақ елінің бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дəстүрлі ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтармен сабақтасқан түрде жүзеге асады.
Сол себепті де жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында өзіміздің рухани бай мұрамыздың құндылықтары тұрғысынан тəрбиелеу – алда тұрған басты міндеттердің бірі.
Елбасы жариялаған «Мәңгілік ел» идеясының көздегені де осы болатын, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.
Қазақстан Шеберлер одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шымкент университетінің доценті, қолөнерші Бибіажар Симова осы көрмеде ханның қызындай халқына еркелеп әрі ел анасы ретінде жас буынға бар ақылын айтты.
Бибіажар Иманбекқызы 2017жылы Қазақстан Қолөнершілер одағының бас марапаты – «Хас шебер» атағының иегері болған. Көрмеге өзінің қолынан шыққан сөмкелер, шашақты-оюлы жиекшелер, қабырғалық сәндік гобелендермен қатар тоқымалық құрастырмаларын ала келіпті.
Бибіажар апамыз сабауды сабап отырып, жастарға өзінің қолөнерінің сырын ашты.
– Сабау сабаймын, жүн түтемін, оны иіремін, ұрып, тоқимын. Соның арқасында ел көрдім, жер көрдім, Қазақстан бойынша хас шебер атандым. Бәрі де еңбектің арқасы. Біздің жастарымыздың иығына жалқаулық мініп алған. Сол жастар ескі өнерді жалғастырса деймін. Біздің көзіміз тірі кезде үйреніп қалыңдар.
Қазақтың қай өнері де болса да өмірге қажет. Қай-қайсысы да ақыл-ойыңды өсіреді, сабырлыққа үйретеді. Көп келіндер қолда бар жүнді өртеп жібере салады. Соны түтіп, иіріп, тоқыса, балаларына киім, қалпақ, шұлық шығар еді. Мысалы, осы жүнімізді қытайлар, қырғыздар шикізат күйінде сатып алып, өндіріп, қайта өзімізге зат қылып сатып жатыр, – деді Бибіажар Симова.
«Қазақтың Мәңгілік ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік болашағын баянды етуге арналады» демей ме Елбасымыз. Сол іспетті Мәңгілік болашаққа қадам басу үшін жастарымыз Бибіажардай апалардан қолөнер үйренсе, қазақ өнері мәңгі өмір сүрер еді.
Шебердің айтуынша, жүн иірудің технологиясы былай: алдымен малдың жүні қырқылғаннан кейін шөп-шаламнан тазалайды, жуады, одан кейін тулақтың үстіне салып, сабаумен сабайды. Қалған-құтқан қоқымдары астына түсіп, тазарады. Одан кейін тараққа салып, үйкелеп, ұршықпен иіреді.
Бибіажар шебердің қолдан тоқыған сөмкелері мен гобелендерін Америкаға көрмеге барғанда шетелдіктер талап әкеткен көрінеді. Шеберлік сағатының соңында қолөнер шебері «Менің үйімде ауылдан да, қаладан да, даладан да келіп, сабақ үйренеді. Келіп, үйренем десеңдер, есігім ашық», деп жастарға ағынан жарылды.
Жүннен жастық тоқыған
Жұпар Бейсенова – Қазақстан Суретшілер, Шеберлер одағының мүшесі, ұлттық нақышта түрлі бұйымдар жасайтын шебер, қолөнерші.
Алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде оқытушы қызметінен бастаған.
1993-2014 жылдар аралығында осы колледждің көркем-тоқыма бөлімінде тапжылмай 21 жыл оқытушы қызметін абыроймен атқарып, студенттерге тоқыма өнерінің қыр-сырын үйретіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнеріміздің нәрін сіңдірді. Жұпар Амангелдіқызы 2015 жылдан бастап Түркістан қаласындағы балалар қолөнер мектебінде оқытушы қызметін атқарып келеді.
Бүгінде мектеп оқушыларына тоқыма өнерін, гобелен тоқуды, жалпы ұлттық қолөнердің барлық түрлерін үйретуде.
Қолөнершінің жүннен тоқылып, тігілген қазақы нақыштағы бешпент, байпақтары, оюлы кілемдері, т.б. бұйымдары келушілердің назарын аудартпай қоймады. Ал киіз басу өнерінен жаңа технология бойынша көрсеткен шеберлік сағатында меринос қойының жүнінен көпшіліктің көз алдында мойын жастығын жасады.
Жұпар Амангелдіқызы дәл осы қауын жастықпен 2010 жылы ЮНЕСКО қолөнершілерінің көрмесінде «Сапа» белгісін алған екен. Қауынды таңдап алу себебін өңірімізде қауынның көп өсетінімен байланыстырды.
– Киіз басу, алаша тоқу сияқты дәстүрлі технологияны әжелерімізден үйреніп, жақсы меңгергенмін. Ал жаңа технология бойынша ұсақ-түйек бұйымдарды жасаумен айналысамын. Жүннен аксессуар, сувенирлік бұйымдар, киім-кешек, аяқ-киім тігемін. Бұрын ата-бабаларымыз тек қана сырмақ, текемет, киіз, ши тоқыса, қазір түрлі кішігірім бұйымдар жасауға болады, – деді шебер.
Түскиіз тоқып көрсетті
Біз Түркіменстанға қарап таңдай қағып жүрсек, түркіменстандықтар біздің Бейсбековтер отбасына тәң беріп қарап, таңданып жүр деседі. Болат Бейісбеков – халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері. Ол жасаған бұйымдар бүгінде Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінің көрме орталықтарында кеңінен танылып жүр.
Болат Бейісбековтің үйіндегі жеті жан қазақтың қолөнерін кәсіп қылып, көпшілікке дәріптеуде. Кілең суретшілер жиналған отбасында түскиіз тоқиды, сурет салады, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан.
Мәселен, қыз-келіншектер шеберханада ұмыт бола бастаған киіз басу мен алаша тоқуды дамытуда. Жүннен жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндерге қазақтың шашағын жасап көрсетеді. Ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.
Тұңғиықта қалып қойған шашақты дүниелерді суырып алып, қазіргі заман талабына сай етіп жасап шығаруда. Сондай-ақ киіз басып, киім шығарады. Табиғи өнімнен жасалған сырт киімдер мен үйде киетін аяқ киімдерге де сұраныс артып отыр.
– Тері, киіз, гобелен, керамика, осының бәрін отбасымызбен игеріп отырмыз. Өз елімізде, тіпті Ресейден, шетелден келіп үйреніп жатыр. Қазақтың қолөнері қалып кетпесін, кейінгі жастар үйренсін деген ниетіміз бар, – дейді Күләш Айдарбекова. Қызығушылық танытушылар болса, шеберлер «қаржы жағын келісеміз» деп отыр.
Талбезерлікті кәсіп еткен
Қолданбалы ағаш шебері, атбегі Мұхтархан Атахан ағаштан түрлі-түрлі бұйымдар жасап шығаруда. Сувенирлік бұйымдар, ағаш ыдыс-аяқтан бастап ер-тұрманға дейін жасайтын шебер жан-жақты. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» демекші, атқа мініп, көкпар шауып жүрген ағамыз бүгінде бірыңғай қолөнершілікке ден қойған.
– Бабаларымыз ағаштан бұйым жасайтын шеберді «Талбезер» деп атаған. Мен осы талбезерлікті кәсіп еттім. Ең бай, ең құнарлы өнер – қазақ өнері. Шетелдің әлем-жәлем дүниесіне қызығудың қажеті жоқ. Мәселен, бесіктің түбегі пен шүмегі – Еуропа унитазының атасы.
Барлығын байыптаған бабаларымыз баланың тісі шығып, аузынан суы аға бастағанда ағаш қасық беріп, оны тістетіп, нәрестеге оңтайлы жолын қарастырған. Асты да ағаш астаумен ішкен. Себебі, ағаш табақ, қасықпен ішкен адамның аузы күймейді, – деді көрмеде сөз алған қолданбалы өнердің шебері.
Бұған қоса Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің бұрышында қос ішекті домбыра, торсық, күміс пен мыстан құйылған бұйымдар, гобеленді картиналардың бәрі студенттердің қолынан шыққан.
Жеңіл өнеркәсіп колледжінің, М.Сапарбаев атындағы институтының «Парасат» колледжінің, №90 жалпы орта мектеп жастарының кестелеп тігілген, өрнектеп безендірілген бұйымдары адамның көз жауын алады. Дорба, масатыдан құрақталған көрпелер де керемет тартымды. Он саусағынан өнер тамған зергерлер мен шеберлер ағаштан, күмістен жасалған құнды дүниелері мен былғарыдан тігілген бұйымдарын әкелген.
Бұл бұйымдар – жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер. Мәселен, заманауи әмиян, қол дорбалары дәстүрлі оюлармен әспеттеп, таза былғарыдан жасалған.
Өз елімізде саяхаттауға шақырады
Пятница, 24 Май 2019 04:05«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ақпараттық турлар циклін өткізу қолға алды.
Мұндағы мақсат – ішкі туризмді одан әрі ынталандыру және өңірлердің туристік әлеуеті туралы ел ішінде хабардар ету.
– Бірінші ақпараттық тур барысында Батыс Қазақстанның 4 өңірінің туроператорларынан құралған топ 20-30 мамыр аралығында Нұр-сұлтан қаласы мен Бурабайға барып, Шымкент және Сарыағаш қаласында, сосын Алматыға, одан кейін Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына барады, - деді «Kazakh Tourism» ҰК PR менеджері Дархан Иленбаев.
Жоспарға сәйкес Батыс өңірінің туроператорлары Шымкентке келді. Шымкент қаласының туризм басқармасы жергілікті қоғамдастықтармен бірге қонақтарға үшінші мегаполистің басты нысандарын көрсетіп, жергілікті компаниялармен кездеседі. Мұндағы мақсат - қаламыздың ішкі туризмін дамыту, басқа өңірлермен туристік байланыстар орнату және өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау.
– Ішкі туризмнің белсенді түрде өсуіне қарамастан, шетелдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның негізгі себептері тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоғымен қоса ақпараттың жетіспеушілігі болып отыр. Сондықтан еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпараттандырып, отандастарымызды өз елімізде саяхаттауға ынталандыру керек.
Әлбетте, бұл жұмыстың басында Қазақстан бойынша турларды жасақтап, ұсынатын отандық туристік компаниялар тұрады, - деді Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов.
Шымкенттің туристік әлеуетіне тоқталған басқарма басшысы әртүрлі табиғи нысандар, өзен-көлдердің көптігіне назар аударды. «Ұлы Жібек жолының бойындағы ең шұғылалы шаһарда туристік объектілер, парктер мен демалыс орындары баршылық.
Бізде қонақ үй бизнесі жақсы дамыған - 106 қонақүй бар. Турқызметтеріміз де әр алуан», - деді маман.
Айта кетсек, өткен жылы Шымқалаға шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен 178 мың турист келген.
Жігерін жанып жастардың
Среда, 22 Май 2019 04:11Шымкентте «Ел ертеңі – білімді жастар» форум өтті. Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар колледжінде өткен жиынға халқымыз «күміс қыз» атап кеткен зілтемірші, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл мен айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов та қатысты.
Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаевтың 140 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында зілтемірші Жазира жастарға ағынан жарылды.
– Осындай әр кездесуде көпшілік алдына шыққан сайын Олимпиадаға шыққандай қобалжимын. Кішкентай кезінде мен сияқты ешкім ойынға құмар болмаған шығар.
Спорттың барлық түріне қызығушылығым ерекше болды. Төбелесті де көрдім. Егер зілтемірші болмағанда, футболшы болар едім, - деді Жазира.
Форум барысында айтыскер ақын Біржан Байтуов жастардың жігерін қайрайтындай кесек сөздер айтты.
– Біз Алаш қайраткерлерінің ширегі тұрмақ, тырнағына да татымаймыз. Олардың заманы аумалы-төкпелі алмағайып уақыт еді. Ашаршылық, репрессия кезінде де жігерін жасытпаған.
Ал дәл қазіргідей бейбіт заманда жастарымызды жігері мықты болуы тиіс. Біз өзімізге берілген заманауи, тарихи мүмкіндікті оңтайлы пайдалануымыз керек, - деді ақын.