Бар жақсылық – балаларға
Среда, 22 Май 2019 04:08Шымкенттік қайырымды жандар Арыс қаласы мен Сайрам, Төлеби аудандарындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық жасады. Жомарт жерлестеріміз балғындарға дастархан жайып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Аты-жөндерін атамауды өтінген қайырымды кісілер қасиетті Рамазан айында тағдыр тәлкегіне ұшыраған балақайлардың көңілінен шығуға тырысты.
Жалпы саны 220-дан астам жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған қамкөңіл балалардың көздері бұл күні қуаныштан бал-бұл жанды. «Көксәйек» арнайы мектебінің тәрбиеленушісі Ислам Әбдіхалық осындай тамаша күн ұйымдастырушыларға алғыс айтты. «Елімізде бейбітшілік, тыныштық болсын!» - деді Ислам.
Шомылу маусымы: сақтық қажет
Пятница, 17 Май 2019 04:25Күн ысып, түрлі су көздерінде шомылу басталды. Осыған орай құтқарушылар сақтық шараларын мұқият сақтау керек деп ескертеді.
Жыл басынан бері қала аумағында судағы жазатайым оқиға болмады. Ал былтыр 4 адамның суға кету оқиғасы тіркелген болатын. Оның екеуі – рұқсат жоқ орында ішімдік ішіп шомылған ересек адамдар. Ал екі жас бала ата-анасының қарауынсыз қалып, арыққа құлап кеткен.
– Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлының төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссия құрылды. Комиссияда нақты тапсырмалар қойылып, қаламыздағы шомылу орындарының иелерімен келісім-шарт жасалды, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларын аптасына бір рет тегін шомылдыруға жағдай қарастырылуда.
Бұдан бөлек қала аумағындағы шомылу орындарында спорт және денешынықтыру басқармасымен біздің мамандар бірлесіп, балаларды шомылуға тегін үйретпекпіз, - деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев.
Маманның мәліметінше, бұл жұмыстар қала аумағындағы Тоғыс және Бадам су қоймаларында шомылу маусымымен басталады. Ал қала тұрғындары күн ысығанда жиі шомылатын Қошқар ата өзеніне стационарлық бекет орналастырылған, қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Ең бастысы, қазіргі таңда қала тұрғындарына БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мегаполистің барлық мектептеріне бір уақытта интерактивті сабақтар өткізілді. Адамның өмірі, әсіресе жас балалардың өмірі басты назарда. Сондықтан қарапайым ережелерді сақтап, нақты белгіленген, рұқсат етілген жерлерде шомылу керек.
Ата-аналарға айтарымыз, балаларын қараусыз қалдырмасын. Ал ересектер суға түсерде ішімдік ішпесе деген ескерту айтқымыз келеді, - деді Ерғали Бахаев.
Брифингте белгілі болғандай, тыйым салынған жерлерде шомылған адамдар заң бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Бүгінде жедел-құтқару жасағының 20 қызметкері суға шомылу маусымының соңына дейін күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар.
Қыстың қамын жаз ойла
Пятница, 17 Май 2019 04:23Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен Қаратау ауданы әкімдігі көпқабатты үйлерді қысқы жылу маусымына дайындау жұмыстарын кестеге сәйкес бастап кетті.
Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің жетекшісі Бауыржан Қалдыбаев бастаған мамандар үйлердегі барлық жылу тарату құбырлары және пәтерлерге жүргізілген тік құбырларды сығымдаудан өткізіп, ақаулары барын ретке келтірді.
– Жылу энергиясын үнемдеу мақсатында жылу құбырлары жылу сақтағыш материалдармен оралып, бұрандалар, ысырма жапқыштар майланып, сырлануда.
Бұл жұмыстар жылыту маусымында көпқабатты тұрғынүйге жылуды сапалы және үздіксіз беруге бағытталған, - дейді халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Амангелді Омаров.
«ОҚО үйлерді басқару» ЖШС басшысы Жұмабек Исмаиловтың айтуынша, аталған мекеме тарапынан жертөледе орналасқан жылу құбырларының барлық ысырма жапқыштары заманауи ысырма жапқыштарға ауыстырылуда.
«Қазіргі таңда Нұрсәтте 200-ге жуық үй бар болса, соның 50-ге жуығында ауыстырып үлгердік», - дейді мекеме басшысы.
Рухани жаңғыру әр азаматтан басталады
Среда, 15 Май 2019 04:17Ш ымкентке жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Орталық жобалық офисінің менеджері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президентінің кеңесшісі Болат Атыбай жұмыс сапарымен болды. Елордалық қонақ жергілікті тұрғындармен жүздесіп, оқытушыларға, жастарға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайында лекция оқыды.
– Рухани жаңғырудың негізі – халықтың, жеке адамның тұлғаға айналуы, - деп бастады Болат Қожанұлы өз лекциясын. – Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр талабы бар дегендей, мемлекеттің дамуы ұрпақтың уақыт талабына сай бейімделіп, мәдени ортаға қалыптасуға деген ұмтылысына байланысты. Жалпы, рухани жаңғырудың бірнеше бағыты бар екені баршамызға белгілі, - деп, әр бағытқа жеке-жеке тоқталды.
І. Ұлттық бірегейілікті сақтау. Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі. Елбасымыз айтқандай, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Текті халқымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұл да бір ұлтымызды ұлықтайтын ерекше салт. Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі - ұлттық болмыстың өзегін сақтау, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Бұл орайда қабылданған «Туған жер» бағдарламасы ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған.
ІІ. Бәсекелік қабілет. Ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, өзгелерден сапасымен ұтымды дүние ұсынуға қабілеті. Заман талабына сай тұтас халық қана емес, жеке адамның өзі бәсекелік қабілетін арттырып, табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Әр ата-ана баласын ұшқыр ойлы, жобалық менеджментті түсінетіндей тәрбиелесе, ұлт ретінде биіктерді бағындырарымыз хақ. Білім және ғылым министрлігінің стартаптарды енгізуі де осы бәсекелік қабілетті арттыруға ынтасы деп білеміз.
ІІІ. Прагматизм. Өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, сол байлықты үнемдей отыра қолдана білу. Болашақты жоспарлай отырып, ысырапшылдық пен даңғойлық қасиеттерге жол бермеу. Білім алуға, мақсатқа жетуге, кәсіби тұрғыдан жетілуге деген ынта ықылас, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану мінездің прагматизмі. Заманауи әлемдегі бірден-бір үлгі.
ІV. Білімнің салтанат құруы. Біздің қанымызда бар қасиет - білімді болуға ұмтылу. Табысты болудың басты факторы - білім. Жыл өткен сайын біз жүрісі жылдам дамыған дәуірге аяқ басып келеміз. Сондықтан, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт мол табыстарға жетеді. «100 оқулық», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандық мәдениет» бағдарламалары өскелең ұрпаққа білім беруге таптырмас құрал.
– Қорыта айтқанда, бұл – Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген асыл үндеу өсиеті. Рухани жаңғыру - адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі өзгерісті қабылдай білуі. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгіні мен жарқын болашағын үйлесімді үйлестіретін ұлт жадының тұғырнамасы. Осы тұғырнамадан ауытқымай, Елбасымыз ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік-биік шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін! - деді Б.Атыбай.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Қазақстан бойынша әзірге екі қалада ашылған. Оның бірі – Алматы болса, екіншісі – Шымкент қаласында. Кеңсенің жоспарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іс-шаралар өткізу бекітілген.
Кеудесі толған медаль,өмірі толған күрес
Среда, 08 Май 2019 04:16Журналистика жолында түрлі кейіпкерлермен сұхбаттасасың. Алуан түрлі тағдырлармен бетпе-бет келесің. Жыл сайын мамырдың алғашқы онкүндігінде ұрпақ үшін, біздер үшін қан майданда белуардан қан кешкен ардагерлерімізді мерекемен құттықтауға асығамыз. Жыл сайын 9 мамыр күні абыз ардагерлердің әлеміне сүңгіп, бейне бір соғысқа барып келгендей алапат күй кешетініміз рас.
Осыдан екі жыл бұрын ҰОС ардагері, дана қария, 14 кітап жазып, қазақ әдебиетінің қамбасын толтыруға үлес қосқан қаламгер, елге аянбай қызмет еткен Әдіһам Шілтерхановпен сұхбаттасқан болатынмын.
Бауыржан Момышұлымен бір майданда болған атамыз соғыс жайлы естеліктерімен бөліскен еді. Өкініштісі, Әдіһам ата да келместің кемесіне мініп, о дүниеге аттанып кетті.
Қазір ата жайлы телегей теңіз көңілмен тебіреніп, естелік айтып отырмыз. Мұқағали ақын толғанғандай, «Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр» деген ой менің де көкірегімді шым еткізетін секілді.
Олардың көз алдымызда қасқайып тірі жүргенінің өзі бір бақыт екен-ау!..
Бұл жолғы кейіпкеріміз – ҰОС ардагері, 20-ға жуық орден-медальдың иегері Төрегелді Зорбанов атамыз. Шымкентте тұратын кейіпкеріміздің үйін оңай тауып бардық. Атамыздың шаңырағындағы Балқия апамыз бізге бәрін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Тоқсанның торқасынан асып, 2 сәуір күні 94 жасқа толған Төрегелді ата өзі жүріп-тұрады. Аздап құлағы ауырлап қалған қарияның сөздерін Балқия апамыз жеткізіп, түсіндіріп беріп отырды.
...1944 жылы 18 жасында Екінші Белорусь майданына аттанған бозбала Төрегелді алдымен жаяу әскердің үш ай оқу-жаттығуынан өтеді. Содан соң Новочеркасск қаласындағы Василия өзенінің бойында 180-полктың артиллерия құрамында соғысып жүргенде екі көзіне мина жарықшағы тиіп, аяқтан да жараланған жігіт госпитальға жатқызылады.
– Емделіп болдым-ау дегенде Закавказ әскери қоймасына жұмысқа жіберді. Бұзылған қару-жарақтарды қайта жөндеп, ұрыс даласына аттандырып отырдық. «Жеңіс, жеңіс!» деп айқайлаған адамдардың дауысын жер астындағы қоймада еңбек етіп жүріп естідік. Жүрек аттай тулады, - дейді атаның өзі.
Төрегелді Зорбанов соғыс біткеннен кейін де елге қайтпаған. Елге қайтуға асықпағаннан емес, әрине. Бұйрық бойынша 1950 жылға дейін майор Жуковтың қарамағында Бакуге, Тбилисиге барып, еңбек еткен.
Ол жақтан Қара теңіз арқылы Иранға қару-жарақ тасыған. Осылайша тағы алты жыл қызмет етіп, 1950 жылы елге оралады.
Ардагер атамыз туған жерге келген соң 24 жасында шаңырақ көтеріп, 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеген. Тоғыз перзенттен 39 немере, 33 шөбере сүйіп отырған ақсақалдың ендігі арманы жоқ.
Сұм соғыста Отанымызды жаудан азат етуге қатысып, еліміз тәуелсіздік тұғырына қонған соң да сауда саласында 41 жыл жұмыс істеп, үлкен әулеттің жапырағы жайқалған алып бәйтерегіне айналып отыр.
– Жас кезімізде қамыстың арасынан отын шауып, оны арқалап әкеліп, тезек тергенбіз. Өздеріңдей кезімізде жарқырап киініп, жадырап жүруге уақытымыз да, жағдай да болған жоқ. Бас көтермей еңбек ететін заман еді ғой.
Тынымсыз қимыл-әрекетпен өмір сүргеннің нәтижесінде осы күнімізге жеткенімізге тәубә дейміз, - деді Балқия апа.
Апаның айтуынша, атаның құлағының естіңкіремей қалғаны бертіндегі 3-4 жылдың көлемінде, қаңтар айының ішінде өзі жақсы көретін арқасүйер бауыры қайтыс болғаннан кейін денсаулығы сыр бере бастаған.
...Соғыс ардагерлерімен сұхбаттасқан сайын, олардың күреске толы өмір жолына үңілген сайын жаныма қуат аламын. Бейбіт те мамыражай осы күндеріме шаттана түсемін де, «Бәрі де ардагер-майдангерлердің ерлігінің арқасы ғой» деп қарт жауынгерлерге басымды иіп, тағзым етемін. Арамызда жүрген ат төбеліндей ардагерлеріміз аман болсын!
Олар қандай да құрметке лайық. Қазына қарияларымыздың көзі тірісінде қадіріне жетейік!
Қызыл автобуспен қыдырды
Пятница, 03 Май 2019 04:20Үшінші мегаполис көшелерінен әдемі әуезді қызыл автобус жүріп өтіп, жергілікті жастар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
«Достық-лайф» автобусына жайғасқан жастар Арбат алаңынан шығып, Тәуелсіздік, Наурыз, Бәйдібек алаңдарында дейін барды. Сонда «Жастар жалыны» флешмобын ұйымдастырды.
Туымыздың түсі іспеттес көгілдір кеудеше киген қыздар өзбек драма театры әртістерінің ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен би биледі.
Екі қабатты қызыл автобуста түрлі ұлт өкілдерінің музыкасын әуелеткен орындаушылар осылайша қала тұрғындарын ынтымақ-бірлікке шақырды.
– Қала тұрғындары бізге таңырқай әрі қызыға қарады. Осы ерекше шеру арқылы барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаймыз, - деді Шымкент қалалық мәдениет үйінің режиссері Арман Садықұлы.
Сәлеміміз түзу болсын!
Пятница, 03 Май 2019 04:17Шымкентте 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған мерекелік бағдарлама «Қазақстан – бейбітшілік мекені» театрландырылған қойылымымен басталды. Салтанатты іс-шараны қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ашып берді.
– Бірлік пен ынтымақ мерекесінің біз үшін маңызы мен мәні ерекше. Күні кеше ғана Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық Қазақстанның басты құндылығы екенін атап өтті.Шынында да, 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз.
Татулық пен тұрақтылық, бірлік пен келісім – біздің басты байлығымыз!
Егер біз дамыған, мәдени қалада тұрғымыз келсе, қасымыздағы көршімізбен сәлеміміз түзу болуы керек, - деді қала әкімі өз құттықтауында.
Жиналған көпшілікке бұдан кейін «Қаракөз» би ансамблі, Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай «Асадаль» би ансамблі, Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікеннің дуэті, «Made in KZ» тобы өнер көрсетті.
Концерт соңында этно-мәдени бірлестіктер, қалалық мәдениет және өнер ұжымдарының хоры «Атамекен» әнін бірлесе шырқады.
«Қазақтардың қамқорлығын ұмытпаймыз!»
Вторник, 30 Апрель 2019 04:44«Өткен ғасырдың басында тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген бабаларымыз жергілікті халықтың ерекше қамқорлығын көрген. Біздің әкелеріміз ол кезде жас болған ғой. Қазақтар оларға өз баласынан артық қарап, отау тігуіне асарлатып көмектескен. Тіпті, соңғы бір үзім нанын да бөліп жеген. Біздің алдыңғы буын қазақтың осынау дархандығын ұмытпай айтып жүреді».
Қалалық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Мами Сулейман Достық шағынауданындағы көпбалалы ананың үйіне асарлатуға барғанда осылай сыр ақтарды. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде бір-бірінің қолтығынан демеп, көмек көрсету арқылы адамдар арасындағы бауырмалдылықты нығайтатын бұл дәстүрдің иран этносы үшін орны ерекше.
– Сіздердің ата-бабаларыңыздың шарапатын сезініп өскен біз бүгін көмекке зәру жандар үшін асарлатып, көмектесуді жөн санадық, - дейді иран этномәдени бірлестігінің мүшелері.
Гүлжауһар Спатаева – жалғызбасты ана. Асаршылар көпбалалы ананың үй-жайын жөндеп, ауласына тас төседі, үйінің айналасын шарбақпен қоршады. Әйелдер жағы да қарап тұрмады – дастархан жайып, көпшілікке дәмді палау әзірледі. Азық-түлік себеттерін де ала келген бірлестік мүшелері осы отбасыны өз қамқорлығына алып, алдағы уақытта да тұрақты қолдау көрсетіп отырмақ.
Гүлжауһар Спатаеваның бір баласы церебральды сал ауруына шалдыққан, ерекше күтімді қажет етеді. Осындай қиын уақытта мейірімін төгіп, көмек қолын созып жатқан Ассамблея мүшелеріне айтар алғысы ерекше.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында өткен қамқорлық шын мәнісінде кісі сүйсінерліктей болды. Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шаралар өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер биылғы қаңтар айында бастаған еді.
Акция «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» сынды атауларымен жыл соңына дейін жалғасып, қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетілмек.