Аудан әкімі Бұқарбай Пармановтың айтуынша, бірінші кезекте қала сыртындағы шағынаудандар мен елді мекендерге инфрақұрылым тартуға жете мән берілуде.
Аудандағы елді мекендер ауыз сумен толық қамтылған. Өткен жылдан бері Асар-2 шағынауданында сапалы электр жарығымен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталса, аудандағы барлық елді мекендердің жарыққа қатысты мәселесі толық шешімін таппақ.
Өткен жылы 3 елді мекенде (Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ саяжайы және Ынтымақ-2) табиғи газ жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Биыл жыл соңында аяқталады. Нәтижесінде табиғи газбен қамту үлесі 98 пайызға жетпек.
Аудандағы 27 елді мекеннің 7-не ғана орталықтандырылған кәріз жүйесі тартылған. 2025 жылдың соңына дейін кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін жеткізу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Аудан әкімі тұрғын алаптар мен шағынаудандарды өткен жылы 16 рет аралап, кездесулер өткізген. Олардың тарапынан 205-ке жуық ұсыныс-пікірлер айтылып, өткен жылы 85-інің шешімі табылса, 60-ы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 60 мәселені шешу 2024-2025 жылдардың еншісіне қалдырылған.
Аудан аумағында атқарылар жұмыстар әлі де жетерлік. Ең өзектісі – заңсыз салынған үйлердің мәселесі. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделмеген 1470 үй болса, оның ішінде тұруға жарамдысы – 1064, жарамсызы – 406.
– Бұл үйлерді құжаттандыру жайын тек сот н шешеді. Осыған орай, қалалық сәулет, құрылыс, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тұрғындармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет, – дейді Бұқарбай Парманов.
Өзипа Мақұлбекқызы