Жер әлемді жайнатып, наурыз тойын тойлатып келген Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараға ата-аналар мен оқушылар, білім ордаларының басшылары қатысты. №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев жиылған көпшілікті мерекемен құттықтады. Жиында Халық аспаптар оркестрі «Ерке сылқым» күйін орындаса, қобызшылар «Илигай» күйін тартып берді. Жастар жағы қыз бен жігіт айтысына шығып, көпшілікті таңдай қақтырды.
Ұлыстың ұлы күніне арналған жиында Оқушылар сарайының 6 бағыты 6 ауыл ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізден көріністер қойды. Ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, құдаласу мен сырға салу, ауылдың алты ауызы, әжелер әні бесікке салу, шілдехана тойы, тұсау кесу, жақсының орнына аунату, айтыс, селт еткізер, ұйқыашар, ұршық иіру, киіз басу, асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қымызмұрындық, жарамазан айту сынды жөн-жоралғылар көрсетілді. Әр ауыл ерекше ізденіспен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге барын салды. Іс шара соңында жиналған көпшілік наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне игі тілектерін жаудырды.
№2 Оқушылар сарайының баспасөз қызметі