ТАЗАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ – ӘРБІР ТҰРҒЫННЫҢ ӨЗІНЕН БАСТАЛАДЫ Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 675 раз

Шымкентте табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда. Қалада алты жерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.

Subb

 

ҚАРАТАУ ауданының Нұрсәт шағынауданындағы №37-39 үйлер маңайында өткен экологиялық акцияға аудан әкімі аппараты, «Қаратау» КММ және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындар, ардагерлер, жастар – барлығы 400-ге жуық адам қатысты.
– Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясын Шымкент қаласы Қаратау ауданының ардагерлері қолдап-қуаттап келеміз. Ерте көктемнен бастап іс-шараға белсене қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды тазалық акциясына қатысуға шақырып жүрміз. Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі, денсаулықтың кепілі. Өзіміз ауасын жұтып, өмір сүріп жатқан ортамыздың таза болуы, жасыл желекке айналуы өз қолымызда. Бізге сырттан басқа біреу келіп істеп бермейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», сондықтан бәріміз бірге қаланы гүлдендіргенге не жетсін?! – дейді Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков.
Акцияға қатысушылар көп қабатты үйлердің аулаларын тазалап, орындықтарды сырлап, шөп орды, көше бойы мен аяқжолдарды, ирригация жүйелерін қоқыстан тазартып, сыпырды.

АБАЙ ауданында «Асар» аллеясында өткен тазалық жұмыстарына коммуналдық мекеме жұмысшыларынан бөлек ардагерлер, тұрғындар, ерікті жастар мен кәсіпкерлер қатысты. Барлығы 200-дей адам шағынаудандағы орталық аллея аумағын және көше бойын тазалап, шөбін орып, ағаштарды бұтап, сыпырып шықты.
«Осындай қоғамдық іс-шараларға бүкіл отбасымызбен бірге қатысып, аулалардың тазалығына, қаламыздың тазалығына үнемі атсалысып келеміз. Өзімізбен бірге немерелерді де тазалыққа баулудамыз. Өскелең ұрпаққа өнегелі үлгі көрсету әрбір ата-әженің міндеті, бүгін де екі немереммен бірге тазалық акциясына қатысып отырмыз» деді осы шағынауданның тұрғыны Ұлбосын Айтқұлова.
«Ел аманаты» қоғамдық ұйымының төрағасы Сейдахмет Мамырбаевтың айтуынша, аталған шағынауданда тұрғындар әр сенбі сайын аллеяны, көшелерді тазалауда белсенділік танытып келеді. Наурыз айынан бастап шағынаудандағы 62 көшеде тазалық жұмыстары ұдайы өткізілуде.
«Бұл акцияның мақсаты – тек тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес, тұрғындарға тазалық мәдениетін де насихаттау. Аудандық ардагерлер кеңесі әр іс-шарада осыны насихаттап келеді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов.

ӘЛ-ФАРАБИ ауданы аумағындағы Күншығыс шағынауданының 9, 11, 11а, 13, 33, 37, 96 үй аулаларында және ауданның орталық көшелерінде санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық акцияға ауданның тұрғындары, ақсақалдары, ерікті жастар және аудан әкімдігі аппараты қызметкерлері – барлығы 200-ден астам адам белсенді қатысты.
– Тазалық сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз, – дейді ардагерлер.
Акция қатысушылары бұл күні аулалардағы шөптерді орып, 130 түп ағашты бұтап, 1100 түп ағашты әктеді. Сондай-ақ, 2,5 шақырым иригациялық жүйені тазалады.
Жалпы, санитарлық тазалық іс-шарасына 17 арнайы техника жұмылдырылды.

Subb-1

ЕҢБЕКШІ ауданындағы Уәлиханов к-сі, №215,217,241,243 үйлердің ауласынан басталған тазалық шаралары «Шымкент» каналында жалғасты.
Бұл –жағалауында тұрғындар ең көп шоғырланған каналдардың бірі.
«Таза Қазақстан» акциясына тұрғындармен қатар «Жасыл ел» еңбек жасақтары да қатысты.
Тұрғындар өз аулаларында тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кірісті. Шөп шауып, орындықтарды сырлап, балалардың ойын алаңшалары аумағын тазалады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшыбеков бүгінгі тазалық жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдіріп, ауланың таза болуы тұрғындардың өзіне байланысты екенін жеткізді.
– Тазалық мәдениетін алдымен өзімізден бастауымыз керек, сонда біздің жастарымыз да тазалықты сақтайтын болады, – дейді ол.

ҚОШҚАР АТА өзенінің бастауы – қалада шомылуға рұқсат берілген үш аумақтың бірі. Сондықтан мұнда суға түсуге келетін халықтың қарасы мол. Күнделікті тазалық жұмыстары жүргізілгенмен, өзен жағалауы тез шашылады. Қала берді тұрғындар арасында тазалық мәдениетін сақтамайтындары да жетерлік. Осы аумақты тазалауға тұрғындар, ардагерлермен бірге «Жасыл ел» еңбек жасағының 100 шақты мүшесі қатысты.
Акция қатысушылары жағажайға айналған жағалаудың қоқысын жинап, шөбін орып, демалыс аймағындағы орындықтар мен шомылу орындарын ретке келтірді.

ТҰРАН ауданында да бұл күні Қошқар ата өзенінің Республика даңғылы тұсынан Кремлевский көшесіне дейінгі аралықтағы жағалауында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Аудан тұрғындарына «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері көмекке келді. Олар өзен жағалауындағы және өзен бетіне жиналған түрлі қоқыстарды, шөп-шаламды тазалады.
Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені тұрғындардың тынығып, серуендеуі үшін таптырмайтын орын. Алайда, кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермейді. Осыны қынжыла жеткізген тұрғындар тазалық акциясына қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника жұмылдырылып, 100-ден астам адам қатысты.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Тағабай ҚАСЫМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.