ОРТА АЗИЯДАҒЫ ІРІ ӨНДІРІС ОРНЫ Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2024 06:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 98 раз

Шымкентте қытайлық инвесторлар керамогранит зауытын іске қосты

Қаладағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның керамогранит өндіретін кәсіпорны іске қосылды. Инвестициялық жобаның құны – 25,5 млрд теңге. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков инвестициялық жобаның бірінші кезеңінің ашылу рәсіміне қатысып, өндіріс орнын аралап көрді. Қытайлық инвесторлар іске асырған әлеуетті жоба қала экономикасына үлес қосатынын атап өтті.

AkimKitai

 

Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, зауыт құрылысы 2023 жылдың наурыз айында басталған еді. Кәсіпкерлер құрылыс-монтаж жұмыстарын қысқы уақыттың ішінде аяқтап, бірінші кезеңді іске қосты. Өндіріс алаңында жаңадан 350 жұмыс орны ашылды. Өндірістік қуаттылығы – жылына 7 млн шаршы метр керамикалық плиткалар шығару. Барлық қажетті шикізаты өзімізден алынады екен.
Қала әкімі Орта Азиядағы ірі өндіріс саналатын жаңа жобаның қала экономикасының дамуына серпін беретінін, алда бұдан басқа да жобалар іске асатынын мәлімдеді.
– Қаламыздағы ірі инвестициялық жобалардың бірі іске қосылып отыр. Бұл өз кезегінде жеке инвестиция, салықтық төлемдер, жаңа жұмыс орындары. Жалпы қызығушылық танытқан инвесторларға қала әкімдігі тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Шаһарға инвестиция тарту басты назарда тұр. Қаламыздың өркендеуіне өз септігін тигізетін жобаға сәттілік тілеймін. Одан әрі де қытайлық инвесторлармен келіссіздер жүргізіледі. Бұдан басқа да жобалар бар. Біз барлық жеке инвесторларға қолдау көрсетеміз, – деді қала әкімі.

AkimKitai-1


Кәсіпорынның жалпы аумағы – 32 гектар. Екінші кезең 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмысын бастамақ. Екі кезең іске қосылғанда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлар өз өнімдерімен жергілікті нарықты да қамтып, экспортқа шығаруды жоспарлауда. Нақтырақ айтқанда бұл жоба инвестордың жеке өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Біржан Әзімбердиевтің мәліметінше, қалада арнайы экономикалық аймақта және «Оңтүстік» индустриалды аймағында қытайлық инвесторлардың басқа да жобалары бар.
Жалпы алаңы 306 гектар «Жұлдыз» индустриалды аймағында биыл темір-бетон бұйымдары және тағы басқа өндірістер іске қосылмақ. Биылғы 8 ай қорытындысы бойынша қалаға 402 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артып отыр. Биылғы жоспар – 800 млрд теңгеге жеткізу.
Керамикалық плиткалар шығаратын зауыт өңірдің экономикалық әлеуетін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жергілікті тұрғындарды жұмыс орнымен қамтудағы маңызды қадамның бірі. Қытай мен Қазақстанның экономикалық байланыстарын жалғастырған ірі кәсіпорын заманауи технологиялар, өндірістің жоғары деңгейі және сапалы өнім ұсынуды басты мақсат етіп отыр. Көптеген құрылыс және дизайн компаниялары үшін сенімді серіктес болуға дайын.
Іс-шара барысында жеке инвестор Ху Зянго кәсіпорын нарыққа сапалы өнім шығаруды басты мақсат етіп отырғанын, өндірісте әрдайым жаңа технологиялар, жаңа инновацияларды қолданатынын атап өтті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « «Кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек»