Сенатор тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады Избранное

Пятница, 12 Июль 2024 06:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1085 раз

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қалалық Полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды талқылап, мамандардың ұсыныстарын тыңдады.

2 сенатор

 

Сенат депутаты азаматтардың ішкі істер органдарына сенімін арттыруда департаменттің жұмысы ауқымды екенін атап өтті.
– Шымкент қаласында аса ауыр қылмыстар саны азайып отыр. Әрине, жұмыс күші, материалдық жабдықтау бойынша әлі де мәселелер бар. Қала әкімдігі мен департамент арасында жақсы байланыс орнатылғанын көріп отырмын. Жалпы профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Ендігі ретте қызметкерлердің материалдық жағдайын назардан тыс қалдырмау керек. Ынталандыру шараларын әрдайым назарға алыңыздар, – деді Сенат депутаты.
Шымкент қаласы аумағында қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде криминогендік жағдай бір қалыпты – қылмыстардың жалпы саны -27,1 пайызға төмендеген. Қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда -25,9 % азайған.
«Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы 5 ауданда құрылып, ведомствоаралық топтар жұмыс атқаруда. Проблемалық аумақтарды анықтау жұмыстары жүргізілген. Жиында қызметтің сапасын жақсартуда бірқатар ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сенат депутаты Бозарық шағынауданында өзекті мәселелер бойынша тұрғындармен кездесіп, аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысымен танысты.
Шағынауданда 2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған арендалық пәтерлер берілген еді. Жалпы 10 үй. Кездесуде тұрғындар үйдің сапасына қатысты бірқатар кемшіліктерді жеткізіп, үйді бастапқы жарнамен ипотекалық бағытта рәсімдеу жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, жол, терезелерді қымтау, кәріз мәселесін шешіп беруді сұрады.
Жиынға қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Полиция департаменті өкілдері қатысып, тұрғындардың мәселелеріне жауап берді. Жауапты мердігер мекеме өкілі бес жыл кепілдік мерзімі бойынша кемшіліктер кезең-кезіңмен шешіліп жатқанын айтады.
Сенат депутаты ендігі ретте тұрғындарды аулаларды күтіп-ұстауға шақырды. Ал тұрғын үйдің құжаттарын рәсімдеу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты №6 қалалық емхананың қызметімен танысып, мамандармен әңгімелесті. №6 емханаға бүгінде 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Өткен жылы Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар арасында алғаш болып «Үздік тәжірибелік орталық» жүйесі енгізілген еді.
Нұрлан Құдиярұлы «Алдын-алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету», «Халық кеңесі» кабинетінің жұмыс барысын аралап көрді. Емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын егжей-тегжейлі таныстырып өтті.
Сенатор «Үздік тәжірибелік орталық» қызметтері, фронт-офис, денсаулық мектептері, пациенттерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда қолға алынған жұмыстарды оң бағалады. Тұрғындармен психологиялық-моральдық қатынасты жақсартудың маңызы зор екенін айтып, ендігі кезекте жаңа бөлімдердің жұмысын халыққа кеңірек түсіндіру қажет екенін мәлімдеді.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.