Веломәдениетті дамытуға жол ашады Избранное

Пятница, 11 Март 2016 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4911 раз

12804428 495871157265429 688647745 nШымкентте Ерлан Пернебековты еске алуға арналған велоспорттан республикалық жарыс басталды. Е. Пернебеков 2014 жылы Эквадор елінде өткен жаттығу жиынында жарақаттанып, көз жұмған. Спортшының аты өшпек емес. Осы мақсатта қолға алынған көпкүндік жарыс 15 наурызға дейін жалғасады. Кеше «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қатысуымен республикалық турнирді өткізу және аймақта велоспортты дамыту мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтті.


Қалада велоспортты дамыту, тұрғындарды салауатты өмір салтын насихаттауда бірқатар жобалар іске аспақ. Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан велоспорт федерациясы және «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қоры велоспортты және веложол инфрақұрылымын дамыту бойынша үш жақты Меморандум бекітті. Бұл мақсатта велоспорт инфрақұрылымын, велосипед туризмін дамыту көзделіп отыр. 

velo123Баспасөз жиынында Ғабидолла Рахматоллаұлы облыстық велоспорт федерациясының президенті болып тағайындалды. Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков қала басшысына сенім білдіріп, естелік сыйлықпен марапаттады.
– Қазақстан велоспорт федерациясы басшылығына алғыс айтамын. Маған сенім білдіргендеріңіз – бұл үлкен мәртебе. Одан бөлек жауапкершілік. Қалада велоспорттың дамуына бар күшімді саламын. Жастарға, қала тұрғындарының бұл спортпен шұғылдануы да назарымда болады. Сәтін салса, бұл жобаның бәрі іске асады. Тек қала ғана емес, еліміз үшін маңызы зор жұмыс. Сол себепті, бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы өз сөзінде.

Қала тұрғындарының таяуда велосипед мініп, спортты серік етер күні жақын. Үш жақты келісімге сәйкес, Шымкентке «Самұрық – Қазына» АҚ қолдауымен 200 велосипед сатып алынады және бұл мақсатта 40 станса салынады.

Велосипед жалға берілетін автоматтандырылған стансалар жобасы – «Shymkent bike» тұрғындардың көз қуанышына айналмақ. Қала әкімінің айтуынша, үлкен даңғылдардың бойына – Тәуке хан, Қонаев, Бәйдібек би көшесінде велосипедшілер жүретін жол салынады. Жолды қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, бұл жобаны іске асыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қоса, Ғабидолла Рахматоллаұлы әкімдік тарапынан азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болатынын нықтап айтты.

Бұдан бөлек, жиында «Tour of Shymkent» біркүндік халықаралық жарысы қыркүйек айында өтетін болып келісілді.
Одан әрі қала басшылары мен ҚР велоспорт федерациясының өкілдері «Наурыз» алаңында республикалық көпкүндіктің ашылу салтанатына қатысты.

2016 жылғы 10-15 наурыз аралығында өтетін Ерлан Пернебековті еске алуға арналған көпкүндік велоспорт турниріне байланысты бұл күндері қаланың кейбір даңғыл жолдары жабылатын болады. Уақытша жабылатын жолдарды картадан көре аласыздар.

*Республикалық көпкүндік велотурнирінің
айналым картасы

   
   

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.