ON – оң игiлiктерге бастайды Избранное

Пятница, 11 Март 2016 05:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3831 раз

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов биылғы халықпен есепті кездесуде «Жаңа брендинг» саясаты жүзеге асырылатынын мәлімдеген еді. Бұл – облыстың танымалдылығын арттырып, өз өнімдерімізді отандық және шетелдік нарыққа танытатын нақты қадам. Осы мақсатты іске асыруда «ОҢ» бренді қолға алынып отыр.

brendingӨнімді шығару бір бөлек те, оны насихаттау, отандық нарықта бренд ретінде қалыптастыру бір бөлек. Туристерді, кәсіпкерлерді, инвестициялық капиталды тарта отырып, әлемдік нарықта тұтынушылар арасында бәсекелестікті қалыптастыру керек.
Оңтүстік бренд атауы – «Оң» деген 2 әріптен басталып тұр. Мәселен, «Оң» – оң жақ, оң іс. «Оң» – оң жол, дұрыс бағыт. «Оң» – оң бата, т.с.с.
– Біздің әр тауарымыз, бізден шыққан әр өнім Оңтүстік сөзімен байланысты болуы қажет. Әлемдік брендтердің ешқайсысына ұқсамауына да назар аударылады. Аймаққа келген қонақтар біздің бір затымызды көргенде Оңтүстікте жүргенін ұғынуы керек, – деген еді облыс әкімі есепті кездесуінде.
Оңтүстік өлкесінің барша құндылықтарын бір таңбаға сыйдырған үлгілерді суретші Серік Буксиков дайындаған. Брендті әзірлеуге 2 айға жуық уақытын сарп етіпті. Суретші өңірдің тарихы мен мәдениетін зерттеу нәтижесінде қонақжайлығымыз бен экотуризм саласын, өңірдің ұлы Жібек жолының жүрегі екені басымдыққа алған.
– Жұмыс облыс әкімінің тікелей бақылауында дайындалды. Барлық таңбалар бойынша облыс басшысы сын-ескертпелерін айтты, кей логотиптерді толықтыруға ұсыныс та жасады. Жобада дәстүр, менталитет жəне адамдардың ерекше қасиеті де ескерілді. Заманға сəйкестендіру де назарымда болды, – дейді автор.
Әлемнің бірқатар қалаларын әйгілеп тұрған өзіндік бағыты бар. Мәселен, Дубай – сенімділік, Париж – романтика, Гонконг – сауда, Милан – стиль, Лондон – әр түрлілік, Сингапур – байланыс, Токио – заманауи және Барселона – мәдениет саласымен танымал.
Оңтүстік брендінің ерекшелігі неде? Оңтүстіктің өзгелерден ерекшелейтін артықшылықтары бар: ауа райы демалыс-сауықтыруға қолайлы, тарихи ескерткіштердің көптігі, салт-дәстүріміздің берік сақталғаны да рас. Елдегі халықтың ең көп бөлігі шоғырланған да біздің облыс.
Енді жаңа бренд арқылы инвестицияны инфрақұрылымға құюға, өңірді дамытуға, өзгелерге мақтаныш етуге де мүмкіндік туып тұр.
Жалпы, Оңтүстік бренді алты бағытты – негізгі, туризм, өнім, инвестиция, агро және әкімдік аппаратын танытуды көздейді.
Негізгі бөлік бойынша туристік автобустарға, қоғамдық көліктерге, жарнама билбордтарына, сауда дүкендерінің маңдайшаларына, мәдени-тарихи іс-шаралардың анонсына «ОҢ» таңбасы ілінсе, туризм бойынша – «Ұлы Жібек жолының жүрегі» сөзі жазылған белгі туристік орталықтардың интерьеріне, фасадына қойылады.
Өнімділікті таныту бойынша таңбалар индустрияның әр түріне қарай дайындалады. Мәселен, тамақ өнеркәсібі, тоқыма индустриясы, ауылшаруашылығы, құрылыс, байланыс және қызмет көрсету, химия және фармацевтика өндірісінде шығарылған өнімдерге «Оңтүстік өнімі» белгісі жапсырылады.
Сонымен бірге, инвестициялық жобалар үшін, инвестициялық форумдарды өткізуде «Оңтүстік өнімі» белгісін, ауылшаруашылығы саласына «Оңтүстік агро» белгісін қою жоспарланып отыр.
Ішкі және сыртқы нарыққа шығатын өнімдерге жапсырылатын «Оң» таңбасы үш тілде жазылады.
Мұндай күрделі механизмді тез арада іске асыру мүмкін емес. Бұл уақытты қажет ететін бастама. Дегенмен, ұсыныс айтылды, бұл орындалуы тиіс. ОҚО индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сыдықовтың айтуынша, бұл жағдайда алдымен қаражат мәселесі
маңызды. Қазір осы мәселені шешу жағы қарастырылуда.
Жоба авторының халыққа айтар уәжі де бар екен. «Бренд, яғни бейне мен логотип арасында үлкен айырмашылық бар. Менің байқауымша, көпшілік арасында бұл бейнені логотип ретінде, рәміздер сияқты түсініп жүргендер де бар екен. ON – бұл идея. Ол əр түрлі заманауи көріністерде қолданылуы мүмкін. Өнеркәсіп, туризм және инвестициялық жобаларда», – дейді жобаның негізгі мақсатын түсіндірген суретші.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.