ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫНДА ЖАҢАШЫЛДЫҚ КӨП Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 204 раз

Шымкентте транспорт саласында оң өзгерістер көп. Қазір қаланың орталық (Бәйдібек би, Рысқұлов) көшелерінің бойында 200 аялдамаға атаулары жазылған тақтайшалар ілініп жатыр. Ал, биылғы 3-тоқсанда 898 жаңа аялдама павильондары орнатылмақ. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов жыл басынан бері қалада жол құрылысы, қоғамдық көлік қызметін дамыту, аялдамалар орнату, жалпы көлік саласын дамытуда атқарылған жұмыстарды жүйелеп айтып берді.

AvTob

 

Қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылды

2020 жылы қалалық мәслихат жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын бекіткен болатын. Схемаға сәйкес, 77 бағытты құрайтын жаңа маршурттық желі әзірленген. Маршрутық желімен 6 ХАБ,
33 жеткізуші, 39 магистральды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі таңда шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылған.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта 11 тасымалдаушы компанияның 916 автобусы күнделікті жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қалада резервпен қоса 1140 автобус болса, оның
640-ы метан газымен, 464-і дизельмен және 36-ы бензинмен жүреді. Қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қоғамдық көліктерде дауыстық хабарлама орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде №12,27,35,74,84 бағыттағы жолаушылар көлігінде, жалпы 110 автобуста дауыстық хабарлама жүйесі енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.

Қоғамдық көліктерде орнатылған қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесіндегі туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында жаңа электронды билеттендіру жүйесі орнатылды. Жеке инвестор SmartMobility ЖШС қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеп, қоғамдық көліктерге валидаторлар қойып жатыр. Қазіргі таңда жаңа жүйе тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» ЖШС-ге тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылды. 2024 жылдың 10 мамырынан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Аталған жүйе әдеттегідей картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымшада мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа да санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға жағдайлар жасалған.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл қалада 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Наурыз айында «Автоимпульс» ЖШС тарапынан Zhongtong маркалы 5 жаңа автобус әкелінді. Сондай-ақ, «Санжар моторс» ЖШС және «Абдуганиев» ЖК «SAZ LE-60» маркалы 12 автобусты, «МАН-Оңтүстік» ЖШС Youtong маркалы 3 жаңа автобусты мамыр айынан бастап бағытқа қойған. Жалпы, бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Қалада 1886 аялдама бар. Оның ішінде, павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, ескі үлгідегі аялдама саны – 500, жаңа үлгідегі аялдама – 838. Осыған байланысты, биыл қала аумағын толық аялдама павильонымен қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтарға 398 аялдама орнату және 500 ескі аялдаманы жаңалау жоспарланған. Яғни, барлық аялдама орындары павильондармен қамтылады.

Жол құрылысы қарқын алған

Шымкент – автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда.
2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті.
Бүгінде қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ірі маңызды жобалар іске асуда. Қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталуға таяды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Басқарма басшысының айтуынша, аталған нысанды 1 тамызға дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.
Ташкент–Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистральды А-2 автомобиль жолы қайта жаңартылуда. Нысанның 7, 8-ші кезеңін биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ, бүгінде шаһарда Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
Қалада жолдардың жалпы ұзындығы – 3 247,6 шақырым. Оның ішінде, асфальтбетонды жабындысы – 2312,3 шақырым, шағал тас – 831,4 шақырым, топырақ жолдар – 103,9 шақырым. 2024 жылы Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында 47 нысан (159,6 шақырым) жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 17 көшеде (49,9 шақырым) құрылыс жүріп, қайта жаңғыртылады, 2 көшеге (17,1 шақырым) күрделі жөндеу жүргізіледі. 29 көше (92,6 шақырым) орташа жөндеуден өтеді. Жыл соңында 35 нысанды (113,2 шақырым) пайдалануға беру жоспарлануда.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 450 шақырым жолды таңбалау жұмыстары, 85 000 шаршы метр шұңқырды жамау, тегістеу қабаттарын салу, тротуарларда пайда болған ақауларды жою, 296 бағдаршамды, 16 500 жол белгісін күтіп ұстау, 16 жаңа бағдаршам орнату, 4000 жол белгілсін орнату жұмыстары атқарылуда. Биыл 800 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.
Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршамда интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық ITS интеллектуалды көлік жүйесіне қосылады.

Теміржол вокзалы заманауи үлгіде жаңартылды

Қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. Былтыр 10 маусымда басталған құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.
1968 жылы салынған ескі вокзал ғимаратының жалпы алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы
2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты.
Сондай-ақ, күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заман талабына сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден жасалған.
Сонымен қатар, шаһарда жаңа әуежай терминалының құрылысы жүргізілуде. Әуежай құрылысының 2-кезеңі биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі. Жаңа жолаушылар терминалының әлеуеті үлкен. Атап айтқанда, 2000-нан астам жұмыс орнын құру, халықаралық бағыттардағы маршруттық желілерді дамыту, шетелдік әуе тасымалдаушылар мен инвестицияларды тарту, әуе жүк тасымалын дамыту, туристік сервисті дамыту үшін тартымды имидж жасауға мүмкіндік береді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « ДЕПУТАТТАР АЗАМАТТАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ