Таза қаланың тынысы кең Избранное

Пятница, 29 Апрель 2016 05:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7860 раз

Қала келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Көркейіп келе жатқан Шымқаланың ажары тазалығына да байланысты. Ал туған қалаға деген сүйіспеншілік тазалықтан басталады. Өйткені, ұқыптылық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Таза қала» акциясын жариялаған болатын. Қазіргі таңда байқауға қатысуға ниет білдірушілер көп. Әл-Фараби, Абай, Еңбекші, Қаратау аудандарының тұрғындары шараға белсенді қатысуда. Осы орайда Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Таза қала» байқауы бойынша жұмысшы топ құрамымен өтініш берген аулаларды аралап көрдік.

DSC 0168

Шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болды. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Жапон елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамайды. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Акция өткелі ауласын жасыл-желекпен көмкеріп, жайнатып отырған жандардың қатары көбейіп келеді. Соның бірі – Ш. Қалдаяқов көшесі 1/5 үйдің тұрғыны Фархад Исмайлов. Зейнеткердің мұнда қоныстанғанына 2 жыл болыпты. Аз ғана уақыт ішінде бір өзі ауланы адам танымастай өзгертіпті. Әу баста тосырқай қараған көршілер кейін көгалдандырудың отбасы үшін де пайдасын түсініп, көмек беретін болған. Фархад ағай аула қоршауын өзі жасапты. Мұнда иран розасының 10 түбі, 2 сирень және гүлдердің 15 түрі егілген.

20160427 112710

– Мен ауланың көркі мен тазалығына көңіл бөлемін. Себебі, аула арқылы үйімізге кіреміз. Ал үйдің тазалығы кіре берістен басталатыны анық. Таңертеңмен тұрып, есіктің алдын жинаймын. Гүлдерім мен жеміс ағаштарын суарамын. Мұны туған қалама құрметтің белгісі деп білемін. Келешекте шымкенттіктердің де тазалыққа мән беретініне сенімдімін,-дейді Фархад Исмайлов. Мұнан соң, Ә. Жангелдин көшесіндегі №22 үйге бет алдық. Мұнда тұрғындардың сенбілігінің үстінен түстік. Үй төрайымы Зухра Сәрсенбаеваны ауланың кіреберісінен жолықтырдық. Көпқабатты үйде тұрса да тұрғындардың табиғатты сүйетініне, қаламызды шексіз құрметтейтіне тәнті болдық. Табиғат сырына қанық жандар біршама жұмысты атқарыпты. Мұнтаздай таза аула. Көкпен бой тіресіп өскен талдар, құлпырған гүлдер адамның жан-дүниесін байытады екен. Қазима Төлемұратова ауланы әктесе, Шарапат Ерманова орындықтарды сырлап жатыр. Мұнда тұратын тұрғындар сондай белсенді әрі ұйымшыл. Үлкен-кіші демей, ауланы таза ұстап, жасыл желекке күтім жасайды.

20160427 112038

– Көктем келісімен тұрғындармен тазарту жұмыстарын қолға аламын. Әрбір өсімдік пен ағаштың өзіндік ерекшелігі болғандықтан, әрқайсысына бап керек. Аптасына көршілеріммен бірге гүлдерді суарып, ауланы тазартамыз. Мен үшін бұл әрі еңбек, әрі демалыс. Зейнетте болсам да, бос уақытымды аулада өткіземін. Күтіп-баптағаннан шексіз әсер аламын, -дейді үй төрайымы Зухра Сәрсенбаева. Тұрғындар тек аула тазалығымен ғана шектелмейді. Үй кіре-берісіне күтім жасайтын болып шықты. Әктеліп, сырланған тұрғын үй мұнда ұқыпты жандардың тұратынын айқындап тұр. Біз табиғат сырына қанық адамдардан қала тұрғындарының үйренетіні көп екенін аңғардық. Ал Диваев көшесі №18 үйдің ауласы дендрарий десе болады. Үш қабатты үйдің ортасы өзгеше бір әлем секілді. Балалар ойнайтын әткеншек пен демалып отыруға арналған орындықтар өз алдына үйлесім тапқан. Аулаға қарап, ерекше әсер аласың. «Шебердің қолы ортақ» демеске лаж жоқ. Есік алды тап-таза. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген. Жасыл желектің де мұнда түр-түрі бар. Қызылды-жасылды гүлдерден көз тұнады. Жапон розасы дейсіз, қытай розасы ма, ауладан бәрін табасыз. Ауланы абаттандырып жүрген үй төрайымы Калима Өтегенова екен. Бұл үйде Қазақстанның мемлекет қайраткері Санжар Жандосов тұрған. Ол кісінің отырғызған тал-ағаштары мен гүлдерін Калима апай әлі күнге көз қарашығындай күтіп-баптап келеді.

20160427 120005

– Бүгінде қаламыз күн санап көркейіп келеді. Ертеден келе жатқан ескі үйлер жөндеуден өтіп жатқанын көріп қуанамын. Дегенмен, әр адам ауласына көңіл бөліп, бір-екі сағат еңбектеніп, ағаш отырғызса, қоқыстан тазаласа қандай ғанибет?! Одан адам шаршамайды. Біздің ауламыз көптің көңілінен шығады. Келген қонақтар ауламызға сүйсініп, таңырқап жатады. Ал балалар баққа тиіспейді. Қоқысты да кез келген жерге тастамайды. Қала – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан, тазалыққа бей жай қарамағанымыз дұрыс Шымкенттіктерге айтарым: мұнда топыраққа шыбық қадасаң да жайнап шығады. Сондықтан туған қаламызды таза ұстайық, бірге көркейтейік.,-дейді Калима Өтегенова.

Калима апайдың қалаға деген жанашырлығын, аулаға деген шексіз тазалығын көршілері жоғары бағалайды. Өздеріне үлгі тұтады.

Иә, тазалықтың осындай қайталанбайтын үлгісін көргенде «осындай жанашыр, тазалықты сүйетін жандар көп болса ғой дейсің. Ал ауласын таза аураға бөлеген, қала тазалығына үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайықты.

Дегенмен, Шымкенттің аулаларының бәрі таза, мін жоқ деп айта алмаймыз. Әлі де тақыр, қыбыр еткен тіршілік иесі байқалмайтын аулалар кездеседі. Есіктерін тарс жауып алып, үй тазалығын ғана ойлайтын тұрғындарға қынжыласың. Немқұрайлылығына амалсыз бас шайқайсың. Тазалығы жоқ жерде берекенің болмайтыны аян. Биыл «Таза қала» байқауына әзірге Әл Фараби бойынша 58 аула, 24 көше өтініш берген. Абай ауданы бойынша үздік аулаға 55, үздік көшеге 32 өтінім келіп түсіпті. Еңбекші ауданы 64 аула, 12 көше болса, Қаратау ауданынан 27 аула мен 43 көше бойынша қатысуға ниет білдіріпті. Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге.

Халық даналығы «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың бұны айтуға тілі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалғыңыз келсе, тазалықты өз аулаңыздан бастағаныңыз дұрыс.

 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.