«Қайнарбұлақтың» жаңа келбетi

Пятница, 05 Август 2016 05:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6920 раз

Бұрын «Қайнарбұлақ» деген сөзді естісек, көз алдымызға бір кездері қала тұрғындарының сенбі-жексенбі күндері барып, уақыт өткізетін шағын әрі ыңғайлы демалыс орны елестейтін. Ал бүгінгі таңда қала аумағына енген "Қайнарбұлақ" саяжайында көптеген өзгерістер мен жаңалықтар орын алуда. Бұған дейін тек саялы орын ретінде қалыптасқан саяжайдың соңғы екі жылда аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артқан. Бос жатқан жер телімінің көбі пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жаңа кейіпке енген саяжайдың бір шеті «Жаңақұрылыс» аталып үлгеріпті. Жолыңыз түссе, қатарынан орналасқан жекеменшік үйлердің бой көтеріп келе жатқанына куә боласыз.

Қордаланған мәселе – екi жылдық нәтиже

20160802 121017

Жақында «Шымкент келбеті» газетінің редакциясына «Қайнарбұлақ» саяжайынан Сансызбай Жұмабаев есімді тұрғын келіп шағымын айтты. Коммуналдық, тазалық қызметін сынға алып, саяжайда мектеп, балабақша, жолдың жоқтығын алға тартқан ақсақал «60 мыңнан астам халқы бар саяжайдың мәселелерін шешуге ықпал етсеңіздер» деп өтініш арқалап келіпті. «Қайнарбұлақ» тұрғынының хатын негізге алып Қаратау аудандық әкімдігіне хабарластық.

Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков «Қайнарбұлақ» туралы нақты мәліметтерімен бөлісті.
– Заңды түрде «Қайнарбұлақта» тіркелген халық саны 25 мыңнан аспайды. Ал шын мәнінде, саяжайдың 40 мыңға жуық тұрғыны бар. Жалпы, үй саны 7 243 болса, соның 200-і бүгінде ауыз сумен қамтылды. Басқа тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Жақында ғана саяжайдағы соңғы 1200 үйге мемлекеттік электр желісі тартылып, жарықпен қамту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда тұрғындарды абоненттеу ісі қолға алынды, – дейді М.Жолдасбеков.
Сондай-ақ, атқарылып жатқан бірқатар шаруаны сонда барып көріп қайтуға ұсыныс жасады.

20160802 125813Қаратау аудандық әкімдігінің қызметкерлері Хамит Салиев пен Бағлан Жұмабеков «Қайнарбұлақ» саяжайында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығымен таныстырып қайтты. «Қайнарбұлақта» барлығы 41 алап (массив) бар екен. Әр алаптан «төбе би», «ауыл биі» сияқты белсенділерінің басын біріктіретін «Оазис» қоғамдық ұйымы құрылған. Бұл өкімет тарапынан емес, сол саяжай тұрғындарының шешімімен құрылған ұйым. «Оазистің» басшысы ретінде саяжайдың 40 жылдан бергі тұрғыны Генадий Быченконы сайлаған. «Оазис» қоғамдық ұйымының белсенділері әкімдік қызметкерлерімен аптаның әр жұмасында кездеседі. Онда қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың қатысуымен жиын өтіп, ұйым белсенділері 41 алап бойынша түрлі мәселелерді алға тартады. Қала әкімі орынбасарының қоғамдық қабылдау жиынына Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері де белсенді түрде қатысады. Әр кездесуде хаттама толтырылып, апталық жоспар құрылады. Ал келесі аптада сол жоспар бойынша атқарылған жұмыстар сараланады. Яғни, тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер ескерусіз қалуы мүмкін емес.

– «Қайнарбұлақ» ең өзекті мәселелердің шоғырланған аймағы болғаны рас. Бірақ, қала аумағына енгелі мұнда бір ғана емес, бірнеше мәселе өз шешімін тауып келе жатыр. Олардың қатарында электр энергиясын, тазалық қызметін толық жүйеге қойылды деуге болады. Ауыз су мен жол салу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Ал газ кіргізу жұмыстарын алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отырмыз, – дейді Б. Жанбосынов.
Қоғамдық жұмыстарға жиі араласатын «Қайнарбұлақтың» ең белсенді тұрғыны Геннадий Быченко:
– Бұл саяжайды менен жақсы білетін адам жоқ. 40 жылдан астам өмірімді осында өткіздім. Неше түрлі қиындықты да көрдік. Соның көбін екі жылда жолға қойып, саяжайымызға көңіл бөліп жатқан азаматтарға алғыс айтамын. Әкімдікке қатысты мәселенің бәрі шешімін тауып келе жатыр. Көшеміз таза, үйіміз жарық. Ал Қаратау әкімдігінен келетін мына жігіттерді осы ауылдың адамдарындай жақсы танып қалдым. Әр нәрсе өз уақытымен жолға қойылып келе жатқаны қуантады. Ендігі бір ғана өтінішіміз, алдағы жылдарда жүзеге асатын шығар, ол денсаулық сақтау саласына байланысты болып тұр, – деп емхананың жоқтығын атап өтті.
«Қайнарбұлақ» тұрғындары саяжайда емхана болмаса да амбулаториялық бөлімше ашудың өте қажеттігін жасырмады.

Көшелерi серуенге жайлы

20160802 124021

Жүйелі түрде күн тәртібіне енген жұмыстардың бірі – «Қайнарбұлақ» көшелерін тұрмыстық қалдықтан тазарту, саяжай тазалығын жіті бақылау және абаттандыру ісі. Саяжай тұрғындары тұтынған заттарының қалдығын ауласына шығарып қойса, тазалық қызметіне жауаптылар күнделікті таңертеңгілік жинап әкетуді әдетке айналдырған.
«Қайнарбұлақта» бұған дейін қоқыс тазалау қызметінде салғырттықтар болғаны рас. Дегенмен, өзіне міндеттелген шаруаға немқұрайлылық танытқан мекемемен жасалған келісім-шарт тоқтатылған. Қазір «Қайнарбұлақ» саяжайына Ғалым Алдияров басшылық ететін «Қайнарбұлақ» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетеді.
– Шымкент қаласы әкімдігі мен ОҚО «Альянс қауымдастығының» ұйымдастыруымен өтетін «Таза қала» байқауы жыл сайын қала тұрғындарының тазалыққа деген белсенділігін арттыруда. Осы бағытта Қаратау ауданы бойынша көрікті аймақтардың санын арттыруға кәсіпкер Ғ.Алдияров та мейлінше үлес қосуда. Өйткені, Ғалым «Қайнарбұлақтың» тұрғыны. Саяжайдағы ретсіз өскен ағаштарды қырқып, көшенің ажарын ашу жұмыстарын кәсіпкер өз жауапкершілігіне алған, – дейді Х.Салиев.
Саяжай көшелеріне жол салу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Талай жылдан бері шаңы шығып жатқан саяжайдың ескі көшелері едәуір ретке келген. Биыл 9 бірдей көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарға еніпті. Атап айтқанда, Заводская көшесіне – 800 м, Медиков, Транспортная, Фабричная, Дружба көшелеріне – 1820 м, Автомобилист көшесіне – 300 м, Скамейка көшесіне – 910 м, Металлург көшесіне – 1050 м, Строительная көшесіне 2000 метр ұзындықта асфальт төсеу жұмыстары атқарылуда.Оның 6-ы пайдалануға берілген. Тағы 3 көше тегістеліп, зауыттан асфальттың дайын болуын күтіп тұр.

1200 орындық мектеп салынуда

20160802 131209

«Қайнарбұлақ» саяжайында халық санының артуына орай жаңа мектептің құрылысы басталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асатын нысан 1200 орындық, 2017 жылы пайдалануға беруді жоспарланған. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары М.Жолдасбековтың айтуынша, «Қайнарбұлақта» мемлекеттік бағдарламамен балаларды қабылдайтын жекеменшік балабақшалар көп-ақ. Десе де, құрылысы басталған жаңа мектеп жанынан мемлекеттік балабақша салуға да арнайы жер телімі бөлініпті.

Жаңа көшелер, қаз қатар тізілген электр бағаналары, кеңейген саяжайдағы қарқынды құрылыс, тұрғын алабтың болашақтағы жобасы... Мұның бәрін көріп-білген сайын «Қайнарбұлақтан» тезірек жер телімін алуға асығарыңыз анық. Өйткені, бұл саяжайдан қала орталығына қатынау оңай, ал жер телімі әзірге қымбат емес, халықтың сұранысына қолайлы болып тұр.

Последнее изменение Пятница, 05 Август 2016 08:14
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.