Тәртіпті темірқазық еткен Текесу

Пятница, 08 Сентябрь 2017 09:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4800 раз

DSC 8162

Шымкент қаласының аумағына қосылған аймақтардың бірі – Текесу тұрғын алабы. Елдімекен Төле би ауданынан қалаға 2014 жылы өткен. Ауыл шағын ғана. Халыққа қызмет көрсететін үш мекеме бар. Бір мектеп, бір медициналық пункт, бір дүкен. Қалаға өткен жылдардан бастап Текесу тұрғын алабының ахуалын жақсартуда атқарылған жұмыстар аз емес. Ауыл толықтай көгілдір отын, жарық, ауыз сумен қамтамасыз етілген. Елдімекеннің ішкі жолдары жөнделіп, халықтың игілігіне берілген. Бір айта кетерлігі, текесулық қариялар жастарына құқық бұзушылыққа жол бермейтіндігімен ерекшеленеді екен. Ауылдың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайттық.

Су қоймасында енді қауіп болмайды

Елдімекен қаладан 22 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 120 отбасы, 700-ге жуық халық тұрады. Тұрғындардың дені мал және егін шаруашылығымен айналысады. Малын бағып, ет-сүтін сатады. Бидай, мақсары мен жоңышқасын егеді. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмегі тиіп нысандардың бірі – Текесу су қоймасы. Бұл өңірдегі ірі су қоймалардың бірегейі. Қоймаға жиылған су Текесу ғана емес, көрші ауылдардың суармалы шаруашылығына пайдасы тиіп тұр. Сондықтан егіс егіп, пайда көрем дейтіндер үшін ағын судан тапшылық жоқ. 

DSC 8179

Біз су қоймасындағы қызу жөндеу жұмыстарының үстінен түстік. Көктемдегі селден кейін қас бет қабырғасы қирап, айдын апатты деп танылған болатын. 

– Су қоймасының сыйымдылығы 481 млн текше метр. Ауыл-аймақтағы тұрғындар ағын су арқылы өз шаруашылықтарын жандандырып отыр. Қазір апатты болдырмау, қауіптіліктің алдын алу мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айдынның беткейлері бетондалып, жолдар асфальтталады. Жарықтандыру жүйесін жақында іске қосамыз. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 35 млн теңге қаралды, – дейді мердігер мекеме «Континет Plast» ЖШС-нің прорабы Е. Бейсенбаев.

 

Жаңа мектептің құрылысын күтіп жүр

Текесу тұрғындарына жуырда ғана жаңа медициналық пункт пайдалануға берілген. Енді ауыл халқы жаңа мектептің құрылысын күтіп жүр. Өйткені, елдімекендегі №121 Текесу негізгі мектебінің іргетасы 1964 жылы қаланған. Алпыс жылға жуықтаған тарихы бар мекемеде өзекті мәселе де аз емес екен. 

DSC 8243

–131 оқушымыз бар. Оларға 20 ұстаз сабақ береді. Білім беру, тәрбие деңгейі жақсы. Биыл 9-11 сыныптар қайта ашылды. Өйткені, 8 шақырым көрші ауылдағы мектепке қатынап оқу оңай емес. Балаларымыз шынында табанынан тозып кетті. Сосын жоғарыға өтініш жасап, екі сыныпты қайта аштырдық. Енді жалпы орта мектеп боламыз. Білім ордасы өте ескі. Сала мамандарының тексеруі кезінде санитарлық талаптарға сай келмейді деп жиі ескерту жасайды. Жоба бойынша жаңа мектептің құрылысы 2019 жылы басталады. Екіншіден, тозығы жеткен жолмен қалаға қатынау өте қиын. Транспорт болса жоқ, – дейді мектеп директоры Бауыржан Құдайбергенұлы.

 

Қаладан ауылға қатынайтын автобус қажет

Әмірхан Исақов – ауыл биі. Текесудың жоғын түгендеп, тұрғындардың жағдайын жасауға әрекет етіп жүретін жандардың бірі. Ауыл биі елдімекенде халықтың әл-ауқаты жақсы екендігін алға тартты. Әл-Фараби ауданына қарайтын тұрғын алапта соңғы жылдары көптеген игі істер жасалғандығын атап өтті. Басты көшеге 46 жарық бағандары қойылыпты. Екі аялдама орнатқан және екі көшеге шағал тастар төселіпті. Ауылдағы ендігі шешімін күткен екі мәселе бар. Сапалы ауыз су жүйесі жүріп, қалаға қатынайтын қоғамдық көлік қажет дегенді айтты.

DSC 8213

– Қалаға жету мұң. 2014 жылға дейін Текесу-Шымкент бағытымен Газель қатынады. Күніне 5 рет жүретін. Одан кейін №51 маршрут келді. Кейін көлік тасымалдайтын компаниялар тиімсіз екенін алға тартып, тоқтатып тастады. Бұған басты себеп – қаладан Текесуға дейін жол сапасы өте нашар. Қоғамдық транспорт иелеріне бұл тиімсіз болғанымен, мұнда мыңға жуық халық тұрады. Балаларымыздың бәрі қалада жұмыс істейді. Мал, егін шаруасындағы өнімдеріміз – біздің табыс көзіміз. Одан басқа бізде жұмыс жоқ. Қалаға апарып сатып күн көретіндер үшін бұл қиын, – дейді ауыл биі. 

Әмірхан Исақов ауылда тәртіп өте күшті екендігін алға тартты. «Жастармен жұмыс істейміз. Қылмысқа, тәртіп бұзушылыққа жол бермейміз. Әзірге ауылда қылмысқа барған жандар жоқ», – деді бір сөзінде.

Текесу ауылында ауыз су үшін қазір төлем жасамайды. Қала аумағына қосылғанға кейін тұрғындарды Төлеби ауданындағы «Ленгер су» МКК ауыз сумен қамтамасыз етіп келген. Кейін сусыз қалады. Ауыл биі, мектеп директоры ауылдықтармен бірлесіп, ауылдағы бұлақтың көзін ашады. Құбыр арқылы бұлақ суы ауылға түгелімен тартылады. «Жер астынан шығып жатқан судың қысымы азайғанда, арыны төмендейді. Сапалы ауыз суды жақсартуда ауылдықтар «Су ресурстары маркетинг» мекемесімен бүгінде келіссөздер жүргізуде.

DSC 8219

Биліктің көмегі

Әл-Фараби ауданы әкімдігі текесуліктердің бұл мәселерімен жақсы таныс. Оны шешудің жолдарын қарастырып келеді. Соңғы 3-4 жылда атқарылған жұмыстар баршылық.

– Текесу тұрғын алабына баратын жолдың 6,04 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға бюджеттен қаржы қаралды. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Конкурс жеңімпазы анықталған соң жөндеу жұмыстары басталады. Қоғамдық көлік мәселесі де жуырда шешіледі. «Шымкент bus» ЖШС ашылып, 10 әлеуметтік маңызы бар бағыттардың сызбалары бекітілді. Енді жаңа автобустар сатылып алынады. Текесуға №142 автобус бағыты қызмет көрсететін болады,– деді Әл-Фараби ауданы әкімдігі инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің бас маманы Мадина Ордабаева. 

Ауылда жуырда балалар алаңшасы ашылыпты. Жанында тренажор құрылғылары қойылған. Бұған балалар мәз. «Елдімекеннің инфрақұрылымын дамыту мақсатында 12 млн теңге бөлінді. Балалар алаңшасына 6 млн, қалған қаржыға сол алаңшадан бастап №121 мектепке дейін жолаяқ салынды», – деді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Ақмарал Үсенова.

Расында, жолдың нашарлығы байқалады. Дегенмен, ауылдықтар үшін жолды жөндеуге қаржы бөлінгені үміт берді.

Последнее изменение Пятница, 08 Сентябрь 2017 09:36
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.