Мақсатымыз – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету

Среда, 10 Август 2016 06:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4230 раз

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, «ТеплоКомсервис» ЖШС-мен келісім-шарт жасаған 100-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйесі қыс маусымына дайын тұр. Серіктестіктің осы және басқа да қызметтері жайлы «ТеплоКомсервис» ЖШС-нің директоры Әуесхан Манкентбаев әңгімелейді.

DSC 3693– Әуесхан Манкентбайұлы, өзіңіз басқарып отырған «ТеплоКомсервис» туралы кеңірек мәлімет беріңізші. Қала тұрғындарына қандай қызмет көрсетесіздер?

– «ТеплоКомсервис» ЖШС жекеменшік мекеме ретінде 2009 жылдан бері қала тұрғындарына, соның ішінде заңды мекемелерге емес, көпқабатты тұрғын үйлерге келісім-шарт негізінде қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, жертөледегі жылу жүйесіне сығымдау, кәріз жүйелерін тазарту, жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын, кіреберісін тазалаумен айналысамыз. Бұл салада бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып, айына 500 мыңнан астам салық төлеп отырамыз.

– Серіктестік қажетті құрал-жабдық, техниканың барлығымен қамтылған ба?

– Иә, электр қуатымен де, газбен де дәнекерлеуге мүмкіндігіміз бар. Сығымдау жұмыстарына арналған, одан бөлек, жертөлеге су жиналып қалған жағдайда оны шығаруға қажетті құрал-сайманның барлығы бар. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, үздік нәтижеге қол жеткізу үшін ескіргенін дер кезінде жаңартып отырамыз. Шымкенттің «Таза қала» атын қалыптастыру үшін де мұның маңызы зор. Сондай-ақ, келісім-шартта көрсетілмесе де, көпқабатты үйдің сыртқы тазалығына жауапты сыпырушы қыз-келіншектер аптасына бір рет кіреберісті де жуып тұрады. Бұл өз тарапымыздан қолдау тапқан шаруа.

DSC 3937

– Келісім-шартты кімдермен және қалай түзесіздер? Тұрғындар арасында мұндай қызметтен бас тартатындар жоқ па?

– Келісім-шарт жыл сайын тікелей тұрғындардың өзімен жасалады. Қазіргі уақытта түрлі қызмет түрі бойынша «Күншығыс», 12, 16, 17, 18 және «Жібек жолы» шағынаудандарынан барлығы 97 үймен келісім-шарт жасағанбыз. Негізі келісім-шартта әр үйдің барлық пәтерінің тұрғындары қол қоюы тиіс. Бірақ, көбіне пәтердің иесі болмай, орнына жалға алушылар қол қойып жібереді. Олардың кейбірі уақыт өте келе «төлемеймін, қажеті жоқ» деп қарсылық білдірсе, көбі ойланбай қол қояды. Сосын көшіп кетеді немесе мүлде үйінде болмайды (есігін ашпайды). Соның салдарынан берешегі ай сайын арта береді. Уақыт өте келе оны төлеуден бас тартады. Ондайда ай сайын салық төлеп, жұмысшыларға айлық төлеп, аула тазалығына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыратын біздің мекеменің шығынға ұшырап қалатыны рас.

– Мұндай жағдайлар қазір де кездеседі ме?

– Иә. Мысалы, 16 шағынаудандағы 4 үйдің 11 пәтері – 22 961 теңге, 2 пәтері – 5092 тг, 29 пәтері – 13900 теңге көлемінде қарыздары бар. Тазалықты бәрі де жақсы көреді, бірақ қызмет ақысын төлеу кезінде түрлі құйтырқылыққа салынып, тіпті, үстімізден шағым түсіріп жататындар да бар. Сондай бір тұрғынның шағымы әр ісіңнің заңды екенін дәлелдеп, құжаттарды жинаумен біраз алтын уақытымызды жоғалтуға себеп болады. Дегенмен, жауапты істі уақытылы аяқтаған абзал. Осындай кедергілер болғанымен келісім-шарт негізінде жертөледегі жылу жүйесінің биылғы сығымдау жұмыстарын тамыз айының басында аяқтадық.

– Қалада мұндай қызметтерге сұраныс көп-ақ. Шымкенттің басқа да шағынаудандарынан «ТехноКомсервис»-тің қызметін пайдалану үшін өтініш білдіріп жатса келісесіздер ме?

– Әлбетте. Шымкенттегі кез келген көпқабатты үйдің тұрғындары мұндай ұсыныс жасай алады. Біз қызмет көрсетуден бас тартпаймыз.

– Қала тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

– Әр жұмыстың өзіндік қиындықтары болады. Әсіресе, кәріз жүйесін тазалауда кездесетін қиындықтарға кез келген адам көне бермейді. Десе де, бұл жұмыстарды да бір адам атқаруы керек. Қала тұрғындары кейде келіспейді, ренжітіп жатады. Бәлкім, алдағы уақытта үйренер, түсінер деген үміттемін. Бастысы, тазалықты сүйеміз. Ал сол тазалық шараларын сақтау бағытында қызмет көрсетететін азаматтардың еңбегін бағалауды ұмытпайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал Әшірова

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Шағынаудан салынуда 25 тарихи орынды аралайды »