×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ міндет Избранное

Среда, 26 Октябрь 2016 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6862 раз

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың негізі – тәртіпке байланысты. Заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, Елбасының 5 институционалды реформасын орындау бағытындағы 100 нақты қадамында ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидалары атап көрсетілген.

273b4e165999732d41b4aca89a17622def6

Бүгінде облыс прокуратурасы қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасын ұсынуда. Аталған жоба жүзеге асқанда қаладағы қылмыс санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін мегаполис болып табылатын Астана қаласында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Шымкентте жалпы тіркелген қылмыстардың ішіндегі ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 70 пайызды, ал орта дәрежедегі қылмыстардың ашылуы 23 пайызды құрады. Осы жоба шеңберінде жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 20-дан астам іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта қылмысты төмендету мақсатында Шымкент қаласының аумағы толығымен бейнекамералармен жабдықталмақ. Соңғы 3 жылда жергілікті полиция қызметкерлері 350 автокөлікпен қамтамасыз етіліпті.
Шымкенттегі жергілікті полиция қызметіне 1313 штаттық бірлік берілген. Бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау басты міндет ретінде белгіленген. Ол үшін қажетті жағдайлар да қарастырылған. Бұл қатарда биыл 5 эвакуатор алынған. Бақылау камералары да орнатылуда. Түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Шымкент қаласындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде 249 бейнеқұрылғы жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 302 бейнебақылау камералары орнатылмақ. Сондай-ақ, қаланың қозғалысы қарқынды 11 көше қиылысы интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Кең ауқымды қамтыған шаралар өз нәтижесін де беріп отыр.
– Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Шымкентте барлығы 23 681 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тәртіп бұзушылар тиісті жазаға тартылған. Жалпы көлемі 72 миллион 366 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 33 миллион 600 мың теңгесі өндірілген, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғабит Жандарбеков.

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты

20160902-WED 5443

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің сағат кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – олардың ата-аналарына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына әкеп соғады. Осыған сәйкес, мамандар қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналар қауымын балаларының әрекеттерін қатаң бақылауға алуды ескертеді. Жыл басынан бері осы қағиданы назардан тыс қалдырған 2169 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылғанын да атай кеткен жөн.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясындағы «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» іс-шарасы жыл соңына дейін жалғасын табады. Бұдан бөлек, жыл бойы «Жасөспірім», «Заң және құқық», «Абайлаңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметі бақылау сапасын арттыру бағытында «Көршілер бақылауы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда, қала аумағында биыл кәмелетке толмағандар қолымен жасалған 131 қылмыс дерегі тіркелгенін айта кеткен жөн. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 32,8 пайызға кеміген.
Бала тәрбиесі – отбасы, мектеп, қоғамның ынтымақтастығымен ғана оңды нәтиже береді. Сол себептен де, бүгінде қалалық білім беру бөлімі де кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың жайын үнемі бақылауда ұстап, құқықтық насихаттау жұмысын белсенді түрде жүргізіп келеді.

Нашақорлық – қоғам дерті

bebbbҚазір бүкіл әлем елдері нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Себебі, нашақорлық індетінің адамзат баласына әкелетін кесапаты үлкен, зардабы өлшеусіз. Сол себепті де, қазақ елі есірткіге қарсы заңнамасын барынша күшейтті. Құқық қорғау органдарының алдына есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес аса маңызды міндет ретінде қойылды.
Статистика деректеріне сүйенсек, әлем бойынша екі жүз миллионнан астам нашақор бар. Бұл қатарда, біздің елдегі есірткі тұтынатындар саны 55 мыңнан асып жығылады екен.
Көптеген жасөспірімдердің есірткіге үйір болу себебі, достарынан ерекшеленбеу үшін немесе олардың алдында өз беделін көтеру үшін шегуден басталады. Жастар арасындағы нашақорлықтың өршуіне жастардың өмірлік қиыншылықтарды жеңе алмауын да жатқызуға болады. Наркологиялық диспансер мамандарының айтуынша, есірткі – уақытша психикалық қысымды төмендетеді. Өкінішке қарай, алғашқыда жастар оның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ойламайды. Олар нашақорлықтан кез келген уақытта еш қиындықсыз бас тарта алатындарына сенеді. Бірақ нашадан психикалық және физикалық тәуелділік пайда болғаннан кейін бұл шешім кейінге шегеріле береді.
Психикалық тәуелділік тез арада пайда болады, кей жағдайда ол есірткіні тіпті бір ғана рет пайдаланғаннан кейін де пайда болады. Адамның миы есірткіні қабылдағанда пайда болатын ләззат сезімін есінде сақтап қалады да, бұл сезімнің қайталануын талап етеді. Сол себептен есірткіге үйренген адам бастапқыда пайда болған сезімді күшейту үшін оның мөлшерін күн өткен сайын көбейтуге мәжбүр болады. Кей жағдайда есірткінің мөлшерін шамадан тыс асыру мезгілсіз өлімге әкеліп соқтырады.
Сала мамандарының берген мәліметінше, биыл қала аумағында есірткімен байланысты 142 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ, есірткіге әуестігі бар 119 адам есепке алыныпты.
Қаладағы криминагенді ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті полиция қызметі тарапынан әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында барлығы 17 438 қылмыс дерегі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 2,3 пайызға өскен. Дегенмен, кісі өлімі 25 пайызға, бұрын сотты болғандар қолымен қайтара жасалған қылмыс дерегі 20 пайызға төмендегені байқалады.

Последнее изменение Среда, 26 Октябрь 2016 07:15