Шағынаудандарда қоныс той көбеймек

Пятница, 28 Октябрь 2016 07:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5214 раз

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Осы орайда бағдарлама аясында үш оператор жұмыс істеуде. Олар – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ.

20161021 113937

Жақында ғана «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ (бұдан әрі ҚИК) «Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі және «Асар» шағынауданы бойынша тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлады. Бұл орайда Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі кезекке тіркелген өтініш иелерінің құжаттарын қайта жаңалаған болатын. Бөлім басшысы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, «ҚИК» АҚ-ы бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұратын мына санаттарды ғана тұрғын үймен қамту қарастырылған. Атап айтсақ: көп балалы, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасы, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

20161021 113107

– «ҚИҚ» бағыты бойынша «Е-gоv» порталы арқылы ағымдағы жылдың 11-22 шілде аралығында «Асар» шағынауданынан пайдалануға берілетін 873 пәтерге 4076 өтініш қабылданды. Ал 3-7 қазан аралығында Төлеметов көшесіндегі 96 пәтерлік 2 тұрғын үйге 1915 өтініш қабылданды. Бөлім тарапынан «Асар» шағынауданы бойынша пәтер алуға ниет білдірген 522 азамат жолдаманы электронды түрде алды. Енді бұл азаматтар «ҚИҚ»-тен төлем қабілеттілігі барын растайтын құжатты алып келуі тиіс. Төлем қабілеттілігі бар өтініш иелеріне пәтер бөлінеді, – дейді М.Әбдінұров.

20161021 114207

«Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі 7 қабатты екі үйдің пәтерлерінде дәліз өте кең орналасыпты.
Бөлмелердің орналасу реті тұрғындарға ыңғайлы.
1 бөлмелі пәтер – 35 шаршы метр, 2 бөлмелі – 45 ш/м-ден, 3 бөлмелі – 55 ш/м-ден басталады. 1 ш/м бағасы – 924 тг.

Ал «ҚИК»-тің Шымкенттегі өкілі Елжан Байтанаев берілетін пәтерлердің бағасымен таныстырды.

– Елімізде пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі – 1200 теңгеден аспайды. Ең жоғарғы баға – Алматы мен Астана қалаларында. Басқа қалаларда 950 теңге болса, біздің Шымкентте 840 теңге. Тұрғын үй алуға кезегі келген азаматтар жұмыс орнынан жалақысы туралы мәліметті бізге әкеліп өткізуі тиіс. «ҚИК» оның алғалы отырған пәтеріне қарай төлеуге қабілетін айқындайды. Мәселен, «Асар» шағынауданында 1 бөлмелі пәтер – 42 шаршы метр. 

 

20161021 105021

«Асар» шағынауданында салынған үйлерден 500 метрдей қашықтықта жаңа мектеп пен мешіттің орны белгіленген.

42х840=35 280 мың теңге ай сайын төлейтін болса, отбасының кіріс көзі осыдан екі есе, яғни 70 мыңнан асатын болуы керек. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда банк пәтер алушыға үш адамға дейін кепілгер тартуға рұқсат етеді. 65 жастан асқан зейнеткерлер кепілгер бола алмайды, – дейді Е.Байтанаев.
Әзірге кезегі келгенімен жаңа пәтеріне кіріп үлгермеген шымқалалықтар үшін редакция ұжымы «Қайтпас-2» шағынауданы, Төлеметов көшесіндегі және «Асар» шағынауданындағы пәтерлердің жай-күйімен танысып қайтты.

 

20161021 100534

«Асар» шағынауданындағы пәтердің қабырғаларына толығымен түсқағаз жапсырылған. 
Тұрғындарға қажетті газ плиталары, домофон, санитарлық жабдықтардың барлығы дерлік орнатылған. 
Мұнда 1 бөлмелі пәтер – 42 шаршы метр, 2 бөлмелі – 54 ш/м, 3 бөлмелі – 74 ш/м. 1 ш/м бағасы – 840 тг.

 

20161021 103128Жанәлі НАРӘЛИЕВ,
«ҚИК»-тің Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй құрылысына жауапты маманы:

– «ҚИК» қаржыландыруымен «Асарда» 30 шақты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Southern Building» group» ЖШС-і
жүргізді. Бұл үйлердің басқалардан ерекшелігі, әр пәтердің жылыту қазандығы ішінде орналасқан. Яғни, автономды жүйеде жылытылады. Қазіргі таңда тұрғын үйлер пайдалануға беруге дайын. Инфрақұрылым толығымен тартылған. Әзірге сыртқы абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. 30 қазаннан бастап 500-ден астам пәтерді құрылыс компаниясынан қабылдап аламыз. Ал тағы 500-ге жуығын жыл соңына дейін қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бір ғана ұсынысымыз – осындай әдемі үйлердің кіреберісінде пошта жәшігінің орнатылмағаны. Осыны қолға алып, жүйеге ендірсек тиімді болар еді.

 

20161021 103430Нұржан СЕКСЕНОВ,
«АҚ Ордасы» корпорациясының прорабы:

– Сыртқы әрлеу, көріктендіру жұмыстарын Шымкент қалалық құрылыс бөлімі қаржыландырады. Қазір қажетті техника мен 150-ге жуық жұмыс күші жұмылдырылған. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. «ҚИК» жоспарына орай бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

 



Суреттерді түсірген Ақмарал ӘШІРОВА

Последнее изменение Пятница, 28 Октябрь 2016 11:04
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.