Street Workout немесе темірдің тілін тапқандар

Пятница, 09 Июнь 2017 06:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 10161 раз

Ағылшын тілінен аударғанда (Workout (ˈwəːkaʊt) жаттығу, (street (striːt) көше деген мағынаны білдіреді. Бұл – денсаулықты жақсартуға, сымбатты болуға арналған бұқаралық спорт. Мұндағы жаттығулар көшедегі, алаңқайдағы белтемір, қоссырық, қырлы бөренелер, швед қабырғасы, көлденең баспалдақтар секілді қарапайым құралдар арқылы орындалғандықтан, қаражатты қажет етпейтін, қолжетімді спорт түріне жатады.

DSC 8624

Воркаут – алғаш рет Ежелгі Грекияда пайда болып, Ресей, Батыс Еуропада, әсіресе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кеңінен таныла бастады. Аталмыш спортпен шұғылданатындарды көше спортшылары, воркаутер, аула гимнастшылары, белтеміршілер деп те атай береді. 2000 жылдардың басында қарапайым көше жастарының ауладағы спорт құрылғыларымен жасаған қиын жаттығулары интернетте тарай бастады. Нәтижесінде желіге салынған бейнетаспалар әлемге тез тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кейіннен әуесқойлар арасында дүниежүзілік чемпионаттар ұйымдастырылып, воркауттың өрістеуіне жол ашты. Мәселен, алғашқы әлем біріншілігі 2011 жылы 27-28 тамыз аралығында Ригада (Латвия) өткізілген болатын. Жарыс қорытындысы бойынша Украиндық Евгений Козырь бірінші орыннан көрініп, воркаут тарихындағы ең алғашқы жеңімпаз атанған. 

DSC 8655

Қазақстандықтардың арасында воркаут қозғалысы тек 2009 жылы ғана кеңінен тарай бастады. Қазіргі таңда тек Шымкенттің өзінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 3 мыңнан асады. Қала бойынша мұндай арнайы жабдықталған 5 алаңша бар. Атап айтсақ, Қошқар ата өзені маңында және «Жеңіс», «Наурыз», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарында. Соңғы 1-2 жыл ішінде Шымқалада воркаутқа қызығушылар саны көбейген. Мәселен, былтыр қаламызда өткізілген біріншілік сөзіміздің дәлелі. 

DSC 8626

Никита Полянский – қаладағы воркаутшылардың бірі. Оның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне жақында 5 жыл болмақ. Ол күн сайын «Тәуелсіздік» саябағында орналасқан алаңға келіп бой жазады. Саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты насихаттайды. Воркауттың да негізгі мақсаты – қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға шақыру, есірткіге, шылым шегуге, ішімдік пен интернетке тәуелділікке қарсы күрес жүргізу. 

DSC 8652

 

Қазіргі таңда тек Шымкенттің өзінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 3 мыңнан асады. Қала бойынша мұндай арнайы жабдықталған 5 алаңша бар. Атап айтсақ, Қошқар ата өзені маңында және «Жеңіс»,  «Наурыз», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарында.

 

– Жаттығу барысында талай рет құладым. Бірақ айтарлықтай зақым келген жоқ. Нәтижесінде, өзім жаңа жаттығу түрін ойлап таптым. Енді бұл машықты жақсылап үйреніп, үлкен жарыстарда көрсетемін. Ал қаладағы жастардың қызыушылығы өте жақсы. Кешке мұнда адам көп жиналады. Бір-бірімізбен танысып, жаңа жаттығуларды үйренеміз, – дейді спортшы. 

DSC 8635

Воркауттың тез таралуы жалпыға қолжетімді болуында. Сондықтан, мұндай алаңшаларды тұрғын-үйлердің аулаларына, оқу орындарына көптеп салу керек дейді «Аула атлеттері». Бүгінде еліміздің басқа өңірлерінде «темірдің тілін тапқандар» саны 75 мыңнан, әлем бойынша 2 миллионнан асады. 

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Әрбір Қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы» деген болатын. Осыған орай, елімізде воркаут секілді бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халық денсаулығы да жақсарып келеді. Ол үшін сізге залға барудың, көп шығындалудың да қажеті жоқ. Тек, жиі жүгіріп, велосипед теуіп немесе жай ғана жаяу жүрсеңіз жеткілікті.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.