Шымкенттің гүл алаңшаларына 1 миллионнан астам қызғалдақ егілді Избранное

Пятница, 17 Ноябрь 2017 08:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 70 раз

Шымкенттіктер былтырғы қызғалдақ рекордын жаңартпақ. Биыл қала аумағында қызғалдақтың 1 миллион 300 мың тұқымы егілді. Былтыр дәл осындай қызғалдақтың 700 мың түбі егілген болатын.

2

Осылайша бұл гүлдің саны екі есеге көбейіп отыр. Гүл тұқымдары сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егілуде.

— Біз егіп жатқан гүлдер келесі жылдың көктемінде, яғни сәуір айынан бастап гүлдейтін болады. Негізінен Голландиядан әкелген гүлдің сұрыптарын отырғызып жатырмыз. Сары, қызыл, көк, алқызыл, күлгін секілді 6 түрлі түс бар. Егер күтімі мен баптауы жақсы болса, қалаға ерекше сұлулық сыйлары сөзсіз, — дейді көгалдандыру компаниясының өкілі Сұлтанхан Ахметов.

Айта кетейік, шаһардың символына айналған гүл қаланың барлық көшелерінде жайқалып өспек. Ал А2 айналма тасжолының бойына егілген гүл алаңшасы ғарыштан түсірілген фотосуреттерден де көрінетін болады дейді гүл егушілер.

Мұнымен қатар шаһардағы тал-дарақ та біршама жасарады. Қазіргі таңда 616 қарағай егілген. Олардың ішінде 330 қырым қарағайы бар. Қалғандары – қарапайым қарағай. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары мердігер қырым қарағайларын өз қаржысына егеді деп мәлімдеді.

Бұл қурап қалған ағаштардың өтеуі болмақ.

Таяуда ОҚО табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінен қалаға 87 450 жай және қылқан жапырақты көшет беріледі. Олардың барлығы қаланың орталық көшелеріне, мектеп және көпқабатты үйлердің аулаларына отырғызылады. Осылайша 200 катальп, 32 900 қарағаш, 780 боз арша, 8570 шаған, 9500 қараған, 300 терек, 8050 үйеңкі, 700 емен және 20 150 бұталар мен өзге де ағаштар қала көшелерінің ажарын ашпақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы хризантема гүлімен көмкерілген. Мұнда осынау күзгі гүлдің 2138 түбі егілген. Ал сүйкімді раушан гүлдерге шаһардағы өзге де алаңшалардан орын табылатын болады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері келеді. «Отырар» медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі

Другие материалы в этой категории: « Жолаушы, жолыңды біл! Қала қысқа қамдануда »