Ыстықтан қорғанудың жолы қандай? Избранное

Пятница, 20 Июль 2018 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3524 раз

Шымкентте аптап ыстықтың беті қайтар емес. Ауа райын болжаушылар осы ыстық 26 шілдеге дейін сақталуы мүмкін екенін айтады. Яғни, сынап бағанасы 45 С-қа дейін көтеріледі деп болжануда. Ми қайнатар ыстықтан күндізгі уақытта дені сау адамдардың өзіне көшеде, қоғамдық көлікте жүру оңай тимеуде. Ендеше, ыстықтан қалай сақтанамыз?

5

 

 Шымкенттегі жедел жәрдем қызметінің мамандары кезекшілерге тәулігіне 1800-ге жуық қоңырау түсіп жатқанын айтады. Дәрігерлерден көмек сұраушылардың дені балалар мен қан қысымы көтерілген науқастар. Сондықтан кардиологтар бірінші кезекте жүрегінде ақауы бар науқастардың денсаулығына алаңдаулы.

– Қан қысымы жоғары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жетіспеушілігі дерті анықталған, айқындалған науқастар болса, күн ыстықта мүлдем көшеге шықпауға кеңес береміз. Себебі ауа температурасы көтерілгенде науқас адам терлейді де қаны қоюланады. Мұның соңы жүрек талмасына алып келуі мүмкін. «Коптоприл», «Коринфар», «Нифедипин» секілді дәрілердің жүрек ауруында шұғылы көмегі тиетінін науқастар жақсы біледі. Бұл препаратты жанынан тастамауға кеңес береміз. Жүрек дертінің белгісі байқалғанда бұл дәрілерді жедел қабылдау керек, –дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің ұйымдастыру, әдістеме жөніндегі орынбасары, кардиолог-дәрігер Айнұр Балабекова.
Маман сонымен қатар жаз айларында дұрыс тамақтанудың маңызы зор екенін айтады. Күн салқындағанша тұзды, майлы тамақ жеуді шектеңіздер деп кеңес береді. Тамақ демекші, санитар мамандар қала тұрғындарына күн ыстықта уланудың алдын алыңыздар деп дабыл қағуда.
– Тамақтың сақталу температурасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым микробтар тез көбейеді. Тамақ кез келген жағдайда бұзылуы мүмкін. Өйткені тұтынушыларға жеткенше өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткізу сияқты сатылардан өтеді, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам нысандарын санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Қызбек Зекенова.
Тез бұзылатын тағамдар қатарында кремді-кондитерлік тәтті өнімдер, көкөніс және еттен жасалған салаттар, сүт және сүт өнімдерінен әзірленген тағамдар, балық консервілері, дайын аспаздық өнімдер бар. Маман дайын тағамдарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтауға болмайды, тіпті тоңазытқышта көп сақтамау қажеттігін ескертеді.
Шынтуайтында, шілденің шіліңгір ауасынан көшеде жүргенде күн өту қаупі бар. Сондықтан мамандар күндізгі сағат 12:00-17:00 аралығында далаға шықпаған дұрыс деп кеңес береді. Егер аптап ыстықта денені салқындатуда мына кеңестерді біле жүріңіз:
* Дене температурасын төмендетуде білекті салқын сумен 10 секундтай жуу керек. Бұл біршама салқындап алуға көмек береді. Себебі, білекте тамырлар тері бетіне жақын. Ал қан салқындаған соң тамырмен тез ағып, ағзаны салқындатады.
* Беторамал не сүлгіні сулап, «ыстық нүктелер», яғни, мойын, тізе және табанды сүртуге болады.
* Жапондықтардың «мойын мұздатқыш» деп аталатын тәсілін пайдаланыңыз. Ол үшін кез келген орамалды суық сумен сулап, мойныңызға байлап алаңыз. Бір-екі минуттың ішінде өзіңізді сергек сезінесіз.
* Сырттан кіргенде мұз текшелерді тізе, шынтақ, тобыққа басуға болады. Және салқын сумен жуыну да осы белсенді нүктелерде температураның төмендеуіне оң ықпал жасайды.

5-1
Дендеріңіз сау болсын!

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:20
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.