Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қазіргі таңда шаһардағы «Ақылды қала» жобасы бірнеше бағытта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Олардың арасында денсаулық сақтау, білім беру, көлік, қауіпсіздік және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалары бар.
– Мысалы, білім беру саласына келсек, мектепке дейінгі тәрбие беретін 459 мекеменің барлығына балалар автоматтандырылған жүйемен қабылданады, - деді әкім. - Осы жүйені сынақтан өткізу нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезек саны 46 мыңнан 18 725-ке дейін азайды. Сәбилер балабақшаларға бұрынғыдай комиссия шешімі негізінде әр тоқсанда 1 рет емес, күн сайын автоматты түрде бөлінеді.
Әкімнің айтуынша, соның нәтижесінде балабақшаға қабылдауға қатысты арыз-шағым 80%-ға азайды. Бұл саладағы тағы бір жаңалық, Шымкенттегі балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Ата-аналар арнайы порталдан білім ошағының педагогикалық құрамымен, сыныптағы оқушылар санымен, сабақ оқыту тілімен, мектептің рейтингімен, бар болса, жағымсыз факторлармен және басқа да көптеген мәліметтермен таныса алады. Қазіргі таңда бұл жүйе Шымкенттің барлық мектебіне енгізілді және өз нәтижесін беруде.
– Бұған қоса 128 мектепте электронды журнал және «Күнделік» жүйесі енгізілген. Мобильді қосымшаны енгізу «мектеп – ата-ана – оқушы» байланысын түзіп, ата-аналардың бақылауын күшейтуге, олардың сабақ процесіне белсене араласуына мүмкіндік берді, - деді Ғ.Әбдірахымов.
Соның нәтижесінде оқушылардың мектепке себепсіз келмеуі мен сабаққа себепсіз қатыспауы 90%-ға, балалар арасындағы құқық бұзушылық 75%-ға азайды, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарды.
Шымкенттегі білім беру саласын цифрландырудың тағы бір жобасы – мұғалімдерді автоматты түрде қабылдау жүйесі. Үміткерлер веб-сайтқа онлайн-өтініш беріп қана қоймай, ашық конкурстан өту мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде арыз-шағымдар 90%-ға азайды, педагогикалық құрамның сапасы жақсарды, сыбайластық тәуекелдер жойылды. Мысалы, бүгінгі таңға дейін 2 409 өтініш қабылданып, 1063 онлайн-конкурс өткізілді, соның қорытындысы бойынша 780 маман жұмысқа қабылданды.
Қазіргі таңда бұл жүйені техникалық персоналды да жұмысқа қабылдау бойынша да дамыту жұмысы атқарылуда.
– Денсаулық сақтау саласын цифрландыруда халыққа ең қажет 3 қызмет – дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу және медициналық ұйымға жазылу қызметтері автоматтандырылған, - деп жалғады сөзін қала әкімі. – Бұл жұмыстар биылғы 1 сәуірден басталған. Соның нәтижесінде дәрігерлер мен науқастардың уақыты 50%-ға дейін үнемделіп, дәрігердің қарауы мен скрининг негізінде ауруларды анықтау үлесі 30%-ға көбейеді деп күтілуде.
Шымкент әкімі шаһардағы ТҮКШ саласындағы цифрландыруға да тоқталып өтті. Мысалы, ауызсу шығарып, залалсыздандыру және тасымалдау жұмыстары автоматтандырылған. Судың қысымын реттегіштерді зерттеу арқылы сумен қамтамасыз ету жүйесі жұмысының оңтайлы режимін бақылау жүйесі ендірілді.
– Осы іс-шаралар нәтижесінде 100 шақырымдағы апатты жағдай 45%-дан 33%-ға, ал апатты-қалпына келтіру жұмыстарының шығыны 31%-ға азайды, - деді
Ғ.Әбдірахымов. - Су шығаруға кететін электр энергиясының шығыны қысқарып, автоматты есептеу жүйесі әр адамға бір тәулікте кететін судың шығынын тәулігіне 456 литрден 118 литрге дейін азайтты. Бұған қоса биыл жаңа пилоттық жоба аясында электр энергетикасы, газбен жабдықтау салаларындағы табиғи монополия субъектілері ІоТ технологияларды енгізуде.
Ірі қалалардағы өзекті саланың бірі - қоғамдық көлік саласында да цифрландыру бағытындағы жұмыс атқарылуда. Мысалы, 2018-2019 жылдары Шымкенттегі автобустарда электронды билет беру жүйесі енгізілмек. Алдымен биыл қаладағы 30 автобусты қамтитын бағыттардың бірінде электронды билет бету жүйесін пилоттық режимде ендіру жоспарлануда.
– «Қауіпсіз қала» жобасы аясында қаладағы бейнекамералар саны 479-ға дейін, интеллектуалды қиылыстар саны 21-ге дейін көбейтілді, - деді Шымкенттің әкімі. - Сараптама жұмыстары соның нәтижесінде көшелердегі қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 16,7%-ға азайғанын көрсетті.
Бұған қоса қазіргі таңда нейрондық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып бірыңғай бейне-бақылау жүйесін құру мақсатында әлеуеттік жеткізушілермен келіссөздер жүруде. Оқу жылы басталғанша қаладағы 30 криминогенді учаскені қамтитын «Сергек» жүйесін ендіру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.