Баспаналы болу жеңілдей түсті: Шымкент әкімдігі СУБСИДИЯ БӨЛЕДІ Избранное

Среда, 05 Сентябрь 2018 08:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4326 раз

Сүйінші хабар Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ арасында жасалған меморандумға байланысты тарады. Бұдан былай шымкенттіктер «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспана құнының бастапқы 20% жарнасын жинап отырмайды.

DSC 2643

Тек шымкенттіктер пәтер бағасының 10% жинаған соң-ақ баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды! Қалғанына әкімдік қайтарымды негізде субсидия бермек.
Іскерлік басқосуға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ төрағасы Қ.Алтынбеков, қаланың бас сәулетшісі, құрылыс саласының үздіктері, құрылыс компаниялары мен банк өкілдері қатысты.

Тек шымкенттіктер үшін

DSC 2350

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қалған бағдарлама аясында берілетін пәтер бағасы жарнасының 10%-ын субсидиялау үшін қала бюджетінен 2 млрд теңге қаржы бөлінетінін мәлімдеді.
– Біздің мақсат – Елбасымыз бекіткен «7-20-25» бағдарламасын орындау және Шымкент қаласының тұрғындарына тиімділігін арттыру. Міне, «Баспана» ипотекалық компаниясының төрағасы Қайрат Төреқұлұлымен меморандумға қол қойдық. Бұрын азаматтар жарнаның 20%-ын жинауға қиналатын. Енді тек 10%-ын жинайды, қалғанын әкімдік қайтарымды негізде субсидиялайды. Осы мақсатта әкімдік тарапынан 2 миллиард теңге қаржы қаралды. Оның 500 миллионы 2018 жылы жұмсалады, – деді қала әкімі.
Субсидия III және IV класты, шаршы метрінің құны 140-180 мың теңге аралығындағы үйлерге ғана беріледі және кейін қайтарылады. Артықшылығы – қала тұрғындары дер кезінде баспанаға қол жеткізеді. Қайрат Төреқұлұлы үшінші мегаполистің дамуына «Баспана» ипотекалық компаниясы да мейлінше үлес қосуға ықыласты екенін алға тартты.
– Шымкент қаласының бюджетінен 2 млрд теңге бөлінсе, оның 500 млн теңгесі биыл жұмсалмақ. Демек, биылдың өзінде Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы арқылы 500 отбасы жаңа пәтерге кіреді. Ал келесі жылы – 1 500! Бұл жағдайда құрылысты да жандандыру керек. Осы тұрғыда Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысына «Баспана» ипотекалық компаниясы тарапынан 20 млрд теңге бөлінеді, – дейді компания төрағасы.
Меморандум аясында «Жас Арман» және «Қамқор» тұрғын үймен қамту жобасы қолға алынды. Ондағы ерекшелік – «Жас арман» арқылы қала жастары және 21-36 жас аралығын қамтитын отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал «Қамқор» мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады.

«Баспана»

«Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ – Қазақстан Ұлттық банкі тарапынан «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын орындау мақсатында құрылған. Компания бүгінгі таңда бірнеше банкпен келісім-шарт жасаған. Сол келісім-шартқа сәйкес шымкенттіктер енді Центркредит, Халық банк, Еуразиялық Банк, Цесна Банк, АТФ Банк, РБК және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспаналарға құжат тапсыра алады.

Қандай құжаттар?
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар банкке мынадай құжаттарды өткізуі тиіс:
- еңбек немесе кәсіпкерлік келісімшартында көрсетілген расталған табысын, тұрғын үй бағдарламасына қатысуы кезіндегі берешек қарыздарының толық өтелгені жөнінде анықтама;
- тұрғын үйге мұқтаждығы жөнінде анықтама;
- таңдалған тұрғын үйдің және оның бағалануы жөніндегі құжаттар.
Бағдарламаға қатысу шарттары
1. Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндетті;

2. Ипотекалық заем алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе жөндегуе алған қарыздарының болмауы;
3. Қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табысының болуы;
4. Қарыз алушыда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден басқа баспананың болмауы шарт.
Тұрғын үй құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 миллионнан аспауы тиіс болса, басқа өңірлерде шектік баға 15 млн теңге болып бекітілген.

Шымшаһардағы тұрғын үй құрылысы

DSC 2422

«Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ төрағасы Қ.Алтынбеков іс-сапар барысында Шымкенттегі тұрғын үй құрылысының жай-жапсарымен танысып, құрылыс компанияларының басшыларымен жүздесті.
Қазір қалада пәтер сатып алуға ниет білдірген тұрғындарға арнап 8 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 136 пәтер дайын. Ал жыл соңына дейін барлығы 411 пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік бар.

DSC 2425

Бұл ретте:
1 бөлмелі – 87 пәтер (35 шаршы метрден 60 ш/м дейін);
2 бөлмелі – 146 пәтер (60 ш/м-ден 95 ш/м дейін);
3 бөлмелі – 169 пәтер (80 ш/м-ден 105 ш/м дейін);
3 бөлмеден артық – 9 пәтер (100 ш/м-ден артық).
Шымкентте Бағдарлама арқылы баспана сатып алуға 110 өтініш түсіп, оның 21-і мақұлданған. Оларға берілетін баспаналардың жалпы құны 220 млн теңгені құрап отыр.
Жергілікті атқарушы органдар арқылы үй алуға 220 мың адам тіркелген. Оның 36 922-сі арендалық пәтерлерге кезекте тұр. 63 мыңы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы өтініш білдіргендер. Ал тағы 120 мың адам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуға кезекке тіркелгендер.
Іскер топ құрылыс нысандарын аралау барысында Төлеметов-Өтегенов қиылысынан бой көтеріп жатқан көпқабатты 12 үйден тұратын «Көкжайлау» кешеніне бас сұқты. «Feb Group» құрылыс компаниясы бұл үйлердің 1 шаршы метрін 200 мың теңгеге бағалап отыр.
– Себебі, бұл үйлердің сырты мәрмәр таспен қапталса, ішіне де ең жақсы құрылыс заттарын қолдандық. Паркетпен қапталған еденге жылыту жүйесі төселген. Балконы қыста жабық, жазда ашық. Ас үй жиһазы түгел орнатылған. Жуынатын бөлмеден тыс жатын бөлмеде де душ құрылғысы орнатылған. Соңғы үлгідегі еуропалық стандартқа сай дизайнымен ерекшеленетін үйге құрылыс заттарының 40%-ын шетелден алып отырған жайымыз бар, – дейді құрылыс компаниясының атқарушы директоры Шавкат Убайдуллаев.
«Көкжайлау» тұрғын үй кешеніндегі 9 қабатты 12 үйде жалпы саны 472 пәтер орналасады. Әр қабатта 5 пәтер болады. 1 бөлмелі пәтердің көлемі – 49 ш/м. 2 бөлмелі – 64 ш/м, 3 бөлмелі – 82 ш/м.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.