ӘЛЕМ БАЛАЛАР КӨЗІМЕН Избранное

Среда, 02 Март 2022 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1336 раз

Ешбір дүкенде сатылмайтын қабырға сағаты, үстел лампасы, түрлі пейзаждық картиналар мен аппликациялар. Көздің жауын алатын бұл қолөнер туындыларының барлығы шымкенттік оқушылардың қолынан шыққан. Әр бала өзінің әлемге деген көзқарасын шығармашылығы арқылы көрсетуге тырысыпты.

350

 

Шымкенттегі «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана бірлесіп «Әлем балалар көзімен» көрмесін өткізді. Балалар жылы мен Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған іс-шараға Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 10 мектептен келген 70-ке жуық оқушы қатысып, 100-ден аса туынды ұсынған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қаладағы түрлі этнос өкілдерінің ішінен талантты бүлдіршіндердің шығармашылығын, қолөнер туындыларын насихаттап, олардың инновациялық креативті әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, бұл іс-шара этностар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да септігін тигізбек.
– Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бейнелеу өнері мен қолөнерге деген қызығушылығын арттыру үшін ерекше бастаманы қолға алып отырмыз. Өнерге қанат қағып келген бүлдіршіндердің бір-бірімен танысып, шығармашылық орта қалыптастыруына, өзара идея алмасуына мүмкіндік беруді жөн көрдік. Қолөнер туындыларын көпшілікке көрсету арқылы жас суретшілерді жігерлендіріп, шабыт сыйлағымыз келді, – деді қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова.
Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназияның мұғалімі Салтанат Байбосынова көрмеге 3 шәкіртінің қолөнер туындысын әкелген.
– Балаларды еңбекке баулып, қолөнер туындыларын жасағанды жаным сүйеді. Дәрістен тыс уақытта мектеп бағдарламасында кездесе бермейтін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жаңа туындыларды дүниеге әкелеміз. Жуырда Ресейдегі курстастарыммен байланысып, безендіруге қолданылатын поталь материалын арнайы алдырдым. Қазір осы материалмен жұмыс істеуді үйретіп жатырмын. Көлемі 8 х 8 см ғана болатын жұмыс материалы біздің елімізде табыла да бермейді. Ал оны қолданған туындылар ерекше шығады, – дейді Салтанат Ертайқызы.
Тағы бір шәкірт Жасмин Тоқтасын көрмеге бірнеше қолөнер бұйымын әкеліпті.

351


– Қазақтың ою-өрнектерінің өзі түрлі оқиғаны сипаттай алады. Қазақы нақыштағы ою-өрнектерді дәріптеу мақсатында фетр материалынан аппликация жасадым. Сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасаумен 2015 жылдан бастап шұғылданамын. Бұған дейін мектеп ішіндегі сайыстарға қатысқаным болмаса, кең ауқымды көрмеге туындымды алғаш рет әкеліп отырмын. Мен үшін бұл іс-шараның орны ерекше. Себебі, өзім сияқты шығармашылыққа жаны жақын көп дос таптым, – дейді Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназияның оқушысы Жасмин Тоқтасын.
Таланттылар танылған көрменің ең жас қатысушысы – Розалина Османова. М.Өтемісұлы атындағы №52 мектеп-лицейдің 1 сыныбында оқитын Розалина жастықшаға қонжықтың бейнесін тоқыған. Ол түстерді үйлесімді қолдануды жақсы меңгеріпті. Жеті жасар бүлдіршіннің жұмысы көрме қонақтарын таңғалдырды.
– Көрмеге өнертапқыш екі оқушымды алып келдім. Ярослав Карташов қарапайым CD-дискіден қабырға сағатын жасады. Күн сәулесінен түсі өзгеріске ұшырайтын сағат кез келген үйдің интерьеріне жараса кетеді. Ал Михаил Саурин пластик құбыр қалдықтары, электр өткізгіш сым, тас сияқты қолжетімді заттарды пайдаланып, стол лампасын құрастырды. Шығармашылық жұмыс оқушыларды еркін ойлауға, шексіз қиялдауға үйретіп, кез келген жағдайда шешім тауып кетуге баулиды, – дейді №28 мектептің
мұғалімі Демьян Крюков.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Бағлан Илесов көрме қатысушыларына белсенді атсалысқаны үшін алғысын білдірді.

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.