«Шымкент медресе колледжі» – имандылық ұясы Избранное

Среда, 08 Ноябрь 2017 05:30 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 121 раз

IMG 0465-02-11-17-10-04Бүгінде елімізде имамдар, қарилардың жетіспеушілігі – жиі айтылатын мәселе. Ауылдық жерлердегі мешіттерде имамдар, Рамазан айында хатым түсіретін қарилардың тапшылығы байқалып,  оларды Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдерден шақырып жататынымыз бар. Сонымен қатар, діни сауатсыздықтың салдарынан түрлі ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар қатары көбейді. Қазір бұл мәселелер ақырындап өз шешімін тауып келеді. Осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып жүрген мекеменің бірі– «Шымкент медресе коллледжі». Осы оқу орнында екі мамандықты қатар игеріп жатқан болашақ имам, әрі қари Рүстем Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.

 

– Рүстем, алдымен осы «Шымкент медресе коллледжі» жайлы айтып өтсеңіз. Түлектер қандай маман иесі болып шығады? 

– «Шымкент медресе коллледжінің» тарихы тереңде. Бастапқыда Қазақ-Араб оқу орны, кейін медресе болды. Былтырдан бастап колледж атауын иеленіп, шәкірттерді 9 сыныптан кейін қабылдай бастады. Жалпы, оқу орны 1997 жылдан бастап қызмет етеді. Колледждің ұлдар бөлімінде 180-ге жуық, қыздар бөлімінде 100-ден аса шәкірт бар. 11 сыныпты бітіріп келгендер 2 жыл 10 ай, 9 сыныпты бітіргендер 3 жыл 10 ай оқиды. Осы жылдан бастап 16 мың теңге шамасында шәкіртақы тағайындалды. Бітіріп шыққандар имам және исламтанушы мамандығын алады. 

Жалпы колледжде имам немесе ұстаз боламын деп емес, өзім үшін, діни сауатымды арттырып, руханиятымды байытуға келемін дейтін адамдар да бар. Бұл жерге келгендер міндетті түрде дін қызметкері болуы шарт емес. 

Сонымен қатар, медресемізге теріс ағым жетегінде кеткен азаматтар да келіп, білім алады. 

Медресе жыл сайын 3 ай демалыста жазғы лагерлер ұйымдастырады. Мен де осында келгенімде жақсы әсер алып, 2015 жылы оқуға түстім.

IMG 0463-02-11-17-10-04

– Бүкіл Құранды жаттап алғаныңызды білеміз. Жалпы, қасиетті кітабымызды оңай әрі тез жаттаудың жолы қандай?

– 15 жасымда қари атанғанмын. Қазір 20-мын. Құранды жаттаудың түрі көп. Қазір көпшілік қолданып жүрген түрі – түрікше жаттау. Ол – айналым әдісі деп аталады. Мұнда әр параны (30 пара бар. Әрқайсысы 20 беттен тұрады) соңынан жаттауға ден қойылады. Қазір көпшілік осы тәсілмен жақсы жетістікке жетіп жатыр. 

Құранды тез жаттау адамның қабілетіне де байланысты. Мәселен, үйренуді бірдей бастаған 10 баланың төртеуі ғана соңына дейін жеткізеді. Оның түрлі себептері бар. Бірі, ауырып қалдым десе, біреуі, сабырым жетпей жатыр дейді. 

Бір ұстаздың айтқаны бар еді: «Сабырың жетсе қари боласың» деген. Ол Құран жаттаған кезде сағаттап бір жерде тапжылмай отыруға байланысты айтылған сөз. 

IMG 0469-02-11-17-10-04

– Кейде жаттағандарын ұмытып кететін қариларды кездестіріп жатамыз. Мұның себебі неде?

– Ұмытып кететіндердің негізгі себебі – қайталамау. Одан бөлек жаттаудың түріне байланысты. Санақ деген әдіс бар. Жаттаған кезде 99 рет санайды. Ал біреулер ойша санайды. Есте сақтау қабілеті жақсылары 10-15 минут қарап, 20 рет қайталайды. Солай ойда қалып кетеді. 

Бір айта кетерлігі, жаман нәрселерге көп қарау да жаттау қабілетін нашарлатады. Көздің нұры да кетеді. Жалпы адамның жаттау қабілеті жаттаған сайын ашылады. Бір бетті жаттап үйреніп қалсаңыз, біраз уақыттан кейін екі-үш бетті оңай жаттайсыз. 

 

– Жыл сайын ораза кезінде Қырғызстан, Өзбекстаннан қариларды алдыртып жатамыз... 

– Оның негізгі себебі, имандылыққа баулыған үгіт-насихаттың аздығы деп білемін. Құран жаттаудың сауабын көбірек айту керек. Сонда жастарда қызығушылық пайда болады. Ал кішкене балалардың есте сақтау қабілеті жақсы. 

 

– Бізде қариларға қандай да бір арнайы көмек көрсетіле ме?

– Ондайды естімедім. Бұл бір жағынан риякершілік те болатын секілді. Біздің елде қанша қарилар бар екені де нақты емес. Түркияда қариларды арнайы сынақтан өткізіп сертификат береді. Ал бізде ондай жоқ. Сол үшін де біздегі қарилар саны белгісіз. 

Мәселен, Шымкенттегі «Ықылас» қариларды дайындау орталығынан биыл 10 қари шығыпты. Оның барлығы да бірдей діни қызмет тауып кетпейді. Осы уақытқа дейін 500 қари шыққан болса, соның 40-қа жуығы ғана қари болып жүруі мүмкін. Көбісінің есінен шығып кетеді. 

IMG 0462-02-11-17-10-04

– «Көп Құран кәрім оқитындар бар, Құран кәрім бұларға лағынет айтады» деген хадис бар. Бұл кімдер үшін айтылған? 

– Бұл Құранды оқып оған амал етпегендер жайлы айтылады. Мәселен, Құранда «Зинаға жақындамаңдар» дейді. Ал сен оны жасасаң, бойынсұнбасаң біліп тұрып істеген боласың. 

Осы жерде айтып өтейін, Құранды бастан аяқ жаттап алғандарды Хафыз дейді. Ал құранды оқушыларды қари деп айтады. Қари деген сөздің аудармасы – оқушы деген мағына береді. Орта Азияда қари сөзі көп тарағандықтан, бізде де осылай кеңінен қолданылып кетті.

 

– Рахмет!

Сұхбаттасқан 
Сапарғали Қанат

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.